Тура бір жыл бұрын Қазақстан шынайы жаңғыру жолына аяқ басты. 2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы Қазақ елінің жаңаруын айшықтап, қайта өрлеудің басты бір нышанына айналды.
Кемедегінің жаны бір
Берік тұғыры, қуатты қолдауы болмаса және жан-жақты ойластырылмаса, ұлы идеялар да жарға жығатынын айғақтайтын тарихи бір тәмсіл бар. XVII ғасырда айналасындағы бай-бағландардың өзін асыра дәріптегеніне масайрап, масаттанған Швеция королі Густав II Адольф әлемдегі ең үлкен соғыс кемесіне қол жеткізуге ынтығады. Оның сыртқы сипаты мен шама-мөлшерін де өзі анықтайды. Тіпті желкендерінің биіктігі мен орнатылатын зеңбіректердің көлемін де өзі белгілеп береді.
Бұл жетістікті ешкім қайталай алмауы үшін кеме құрылысын тағы екі палубаға биіктетеді. Сын айтқанның барлығы «сыбағасын» алғасын, паң патшаға кім қарсы келсін? Кеме жасаушылардың икемсіз құрылымды сәл де болса жеңілдету үшін жасаған ұсыныстары да ескерусіз қалады. Король әулетінің құрметіне «Васа» аталған осынау кемені жасауға екі жыл уақыт шығындалады, мыңнан астам мәуелі бәйтерек кесіледі. Ақыры 1628 жылғы тамызда Стокгольм айлағында теңізге түсірілген алып кеме бар-жоғы 2 мың метрге зорға жүзіп барып, суға батып кетеді.
Теңгерімге келтірілмеген «ауырлық орталығы» жоғарғы палуба жаққа ауып кеткендіктен, бүйірден соққан дүлей дауыл кемені оп-оңай аударып жіберген болатын. Осылайша, аса қымбат әрі король флотының ұлы жорықтарда жол бастар флагманына айналуға тиіс болған «Васа» конструкциясындағы қателіктердің кесірінен алғашқы сапарын абыройсыз аяқтап, теңіз тұңғиығына жол тартады. Оның тағдыры кейінгі ұрпаққа сабақ болды.
Осы тәмсілге сай «Айлағын анықтай алмаған кемеге қума желден де қайыр жоқ» деген даналықты айтқан Сенека заманынан бері ғұламалар мемлекетті алып кемеге теңейді. Демек «мемлекеттік құрылыс та, оның кейін әлемдік айдында еркін жүзуі де, дүлей дауылдарға төтеп беруі де ел тізгінін ұстаған көшбасшыға тікелей байланысты болады», дейді философтар. Ол кеменің болашақта қайда жүзіп, қай айлаққа, қалай тұрақтайтыны да сол тұлғаға байланысты.
Мемлекет мықты, мемлекеттілік мәңгілік болуы үшін оның ауырлығы да бір тұсқа шоғырланбай, теңгерімді түрде тең бөлінуі шарт. Қ.Тоқаевтың Қазақстанды суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік елге айналдыруға бекінуі, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыруы саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түсті.
Екі күннен кейін, 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін жаңа депутаттық корпус қалыптаспақ. Соның нәтижесінде елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси жаңғыру үдерісі белгілі бір межесіне жетеді. Яғни қоғам дамуының жаңа кезеңі басталады.
Осыдан екі күн бұрын ғана, 13 наурызда әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізген Мемлекет басшысы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын «билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі» деп атады. Бұл жұмыс 2022 жылдың 20 қарашасында өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауынан бастау алып, Үкіметтегі және әкімдер арасындағы ауыс-түйіспен жалғасты. Енді, міне, әз Наурызда парламенттік додамен түйінделмек. Осыдан-ақ елдегі саяси реформалардың жоғары қарқынмен ілгерілеп келе жатқаны аңғарылады.
Осылайша, жоспарланған жан-жақты реформаларды жүйелі жалғастыру үшін билік Қазақстан халқының жаңа сенім мандатына ие болады. Бірақ бар өзгеріс осымен аяқталмақ емес, саяси жаңғыру алда практикалық жұмыстарға ұласа береді. Халықпен кеңесе отырып, елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеру, оның бәрін табысты жүзеге асыру – билік үшін басты міндет болмақ. Президент айтқандай, мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тың бастаманы ойластырып отырғанын және оны сайлаудан кейін жария ететінін мәлім етті.
Көшбасшының қайраты – елге қуат
Ғұламалар айтқандай, тарихты жасау – нар тұлғалар ғана көтере алатын ауыр жүк. Қазақстанда 2019 жылы басталған билік транзиті оңай өткен жоқ. Жаңа сайланған ел Президенті Қ.Тоқаев саяси сабақтастықты сақтау арқылы саяси трансформацияны барынша бейбіт жүргізуге тырысты. Себебі дәл осындай саяси үдерістің соңы соғысқа ұласып кетіп, территориясының тұтас бір бөлігінен айырылып қалған, тұрақтылығы мен тыныштығы шайқалған елдер әлем түгілі, ТМД аймағында да жетіп артылады. Олардың теперішті тағдырынан Қазақстан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алды. Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық дамумен ұштастыра білді. Осының арқасында төрткүл дүниені дүрліктіріп, жаһандық дағдарыс туғызған пандемиядан Қазақ елі абыроймен өте алды. Азат ел, айдынды мемлекет ретінде өркендеуін жалғастырды.
Саяси жаңғыру ісінде тұйықталып тұрып қалмай, аңдап басып, алға жылжыды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында пысықталып, Парламентте қабылданған оннан аса заң жобасы аясында саяси реформалардың 4 топтамасы жүзеге асты. Соның арқасында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Мысалы, Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» деп аталатын 130-бап жойылып, бұл құрам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылды. Яғни тәуелсіз журналистерді, өзге ойлы оппозиция өкілдерін осы баппен қылмыстық қудалау, түрмеге отырғызу тәжірибесіне тоқтау салынды.
Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылданып, ол қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуге, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін ортаға салуға мүмкіндік берді. Осы және басқа да жаңашылдықтар елімізде демократияның күш алуына тың серпін беріп, жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты.
Саяси өзгерістер халықтың биліктегі шешім қабылдау үдерісіне қатысу, жергілікті өзін-өзі басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтті. Енді аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдерін жергілікті жұртшылық өздері тікелей сайлап алатын болды. Келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін де халық өзі таңдауы мүмкін.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату, сол арқылы замана талабына бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыру үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Ол өткен жылы Ұлттық құрылтайға трансформацияланды. Мұның өзі бір жағынан халықтың пікіріне құлақ қоюға, екінші жағынан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсуге ықпал етеді.
Ал қоғам еліміздің саяси жүйесін ішінара емес, кешенді жаңғырту бағдарламасын қажет етті. Ұзаққа созылған билік транзитінің аяқталып, саяси жаңғыруды батыл, серпінді жүргізуге «Қасіретті қаңтар» оқиғалары түрткі болды. Зобалаң, зұлмат, дүрбелеңге толы болған, еліміздің 11 өңірін қамтыған сол оқиғалар ескі мен жаңаның тартысындай, Қазақ еліне үлкен сынақ болғаны, жұртты екіге жарғаны белгілі.
Осынау сын сағатта мемлекетіміздің болашағы, еліміздің кемел келешегі билік басындағы көшбасшы тұлғаға тікелей байланысты болды. Жаза басса, қате шешім қабылдаса немесе болбырлық танытып бұғып қалса, онысы қыл үстінде тұрған қазақтың мемлекеттілігінің тағдырына нұқсан келтіретін еді. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зор зардабын тигізетін еді.
Әрине, біткен іске сыншы көп, түрлі пікір айтылады. Алайда дәл сол қанды қаңтар күндерінде Президенттің аса қауіпті деструктивті күшпен бетпе-бет келгені анық. Дәл сол сәттегі әрекетсіздіктің салдары тіптен ауыр зардапқа соқтырары да анық болатын.
Тәуелсіздігінің бұғанасы қатпаған елді жан-жақтан анталаған, аузынан жалын атқан қаскөй күштер қаумалап тұратыны белгілі. Осындай алмағайып заманда, геосаяси күрделі жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен жердің тұтастығын сақтап қалуға қажетті шараларды батыл қолға алды.
Әйтпесе әлемде аяусыз қан төгуден тайынбайтын қарсыласқа халқын тастап, бас сауғалап, шетел асқан көшбасшылар аз ба? Қазақ елінің Президенті тап сол тайталасқа толы тар уақытта елімен бірге қалатынын, бар қиындықты халқымен бірге көретінін мәлімдеді. Олай болмағанда ел халқының тағдыры қандай күйге түсетінін қазір көзге елестетудің өзі қорқынышты.
Әділдік үстем елді дау алмайды
Наурыздағы Жолдау игілігі мен тиімділігі бір жылдың шеңберінен асып, ұзақ жылдарға ұзайтын, ұрпаққа ұласатын ауқымы кең, мазмұны да ерек құжат болды. Дегенмен онда қойылған басты міндеттер бір жылдың ішінде-ақ негізінен орындалғанына куә болып отырмыз.
Біріншіден, Конституциялық кеңес жойылып, оның орнына 90-жылдардағы халықтық демократияның бір элементіне айналған Конституциялық сот қайтадан құрылды. Мұның не айырмашылығы бар? Конституциялық кеңес негізінен биік лауазымды тұлғаларға, ығай мен сығайға ғана қызмет етті. Ата Заңымыздың 2022 жылғы 6 маусымдағы референдумға дейінгі ескі редакциясының 72-бабына сәйкес, Конституциялық кеңеске тек Президент, Үкімет басшысы, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, соттар, сондай-ақ әрі кетсе, жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі біріксе, Парламент депутаттары ғана өтініш жолдай алатын.
Ал Конституциялық сот халыққа мейлінше жақын. Оған заңның әлдебір бабы өзінің конституциялық құқығын бұзды деп санайтын кез келген азамат жүгіне алады. Бұдан бөлек, Бас прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де ел Конституциясына қайшы келетін заңдарға, заңды күшіне енген сот актілеріне, нормативтік-құқықтық актілерге, әкімдердің шешімдеріне наразылық танытып, осы соттан әділдік іздеуге мүмкіндік алды.
2023 жылдың ақпан айының соңындағы жағдай бойынша Конституциялық сотқа азаматтардан 1,5 мыңдай өтініш түсіпті. Мыңнан аса өтінішке түсініктеме берілген, тағы 400-дейі қарастырылып жатыр. Өтініш берушілердің 49%-ы соттардың шешімдерімен келіспейді. Тағы 23%-ы нормативтік-құқықтық актілерді немесе олардың жекелеген ережелерін конституциялық емес деп тануды сұрайды. 3%-ы ақпаратқа қол жеткізу, 2,5%-ы еңбек және зейнетақымен қамсыздандыру, 1,7%-ы қылмыстық-атқару жүйесі және өзге де мәселелер бойынша шағымданған. Ең көп өтініш Астана және Алматы қалаларының, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының тұрғындарынан келіп түскен. Алғашқы шешімдер де бар: 6 наурызда Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының нормасын Ата Заңға сәйкес емес деп таныды. Енді жаңа сайланатын Мәжіліс аталған заңды қайта қарап, Конституциялық соттың құқықтық позицияларына сәйкес келтіруге бағытталған тиісті заң жобасын енгізуге тиіс.
Жолдауды жүзеге асыру аясында ел Президенті 2022 жылғы 26 қарашада «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы арқылы құзыры кем, қызмет өрісі тар Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылды.
Таяуда, 6 наурызда Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованы қабылдаған Мемлекет басшысы оған осы мемлекеттік органды әрі қарай трансформациялау және мемлекеттік аудит жүйесін дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Жолдау аясында дүниеге келген жаңа құрылымның алғашқы аяқ алысы жаман емес: 5 триллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысы бойынша 124 нысанда 20 аудиторлық тексеріс жүргізілген. Жоғары аудит органы биыл жылу энергетика кешенінде, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде және басқа да мекемелерде аудит жүргізіп, олқылықтардың орнын толтырып, жөнсіздікке жол бермеуге бағытталған сараптамалық-талдау шараларын қабылдайды.
Яғни президенттік бұл бастаманың да игілігін ел көріп отыр. Палата республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтті. Соның арқасында бюджеттің әрбір теңгесі нысаналы жеріне жұмсалып, ел дамуына үлес қосуға тиіс.
Батыл шешімдер – баянды бастамалар
Жолдаудағы іргелі өзгерістер мемлекетті орнықты әрі басқаруға икемді етуге бағытталды. Мемлекет басшысы бүкіл құзыреттің бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі өз тиімділігін жоғалтқанын баса айтқан еді. Өйткені мұндай жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы қоғамды топтастыра да, ұйыстыра да алмайды. Сондықтан ел Президенті Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертуге кірісті.
Қаңтар оқиғаларына дейінгі кезеңде де мұқият ойластырылған бұл қадамдардың ішіндегі бастысы – басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу бастамасы болды. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Осы мақсатта жаңадан сайланатын, VIII шақырылымдағы Парламенттің рөлі бұрынғыларға қарағанда айтарлықтай күшейтіледі. Бұл «еститін мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Себебі жаңа Мәжілісте тікелей халық сайлаған тәуелсіз депутаттар пайда болады. Яғни оның 29 депутаты – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Қалған 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесінде таңдалады. Басқаша айтқанда, партиялық тізімдер негізінде іріктеледі.
Сөйтіп, Қазақстан демократия дүмпуі дүрілдеп тұрған 90-жылдардағы төл тәжірибесіне қайта жүгініп отыр. Мысалы, 1999 жылдың күзінде Орталық Азия өңірінде алғаш рет парламенттік сайлауда аралас тәсіл қолданылды. Нәтижесінде, ІІ сайланымдағы Мәжілістің 67 депутаты бір мандатты округтерден, ал қалған 10 депутаты біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялар атынан сайланды. Кейін суперпрезиденттік билікті күшейту аясында Қазақстан 2007 жылы конституциялық реформа жүргізіп, бір мандатты тәуелсіз депутаттарды сайлаудан бас тартты. Мәжіліс тек партия өкілдерінен ғана қалыптастырылатын болды.
Мемлекет басшысының бастамасы аясында биыл Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды. Мәжілісте Ассамблея атынан сайланатын 9 депутаттық мандат квотасы жойылды. Ең бастысы, енді заң қабылдау құқығы жаңа қалыптасатын Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал Сенат қабылданған заңдарды мақұлдайды. Мақұлдамаса, вето қою құқығы жоқ: Мәжіліс оның наразылығын еңсере алады. Жоғарғы палата әр өңірдің мүддесін қорғайтын палатаға айналады.
Наурыздағы Жолдау тарихи бетбұрысқа бастады. Қазақстанда саяси монополиямен күрес белең алды. Бұған дейін бар билік бір қолда шоғырланғандықтан, барлық мәселенің шешімі де Президентке келіп тірелетін. Бұл жасампаздық пен бастамашылдықты алға бастырмас тосқауыл болды. Министрлер де, әкімдер де Мемлекет басшысы міндет қоймаса, өз бетімен жаңа іске, тың жобаға мұрындық болмай, бас шұлғып, бұйығы отыратын. Себебі әкімнің шешімі көңіліне жақпай қалса, Президент оның шығарған актісін жоя алатын еді. Салдарынан жергілікті билік дербестігін жойды. Бұл Қазақстанның қарқынды өрлеуін тежеп, дамыған елдер көшіне қосылуына кедергі келтірді.
Сондықтан да мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесін биліктің қосымша мүмкіндіктерінен, уақытша ықпалынан биік қойған Қ.Тоқаев өз өкілеттіктерінің бір бөлігінен өз еркімен бас тартты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыс, мегаполис әкімдері шығарған актілер мен шешімдердің күшін жоя алмайды, оның қолданысын уақытша тоқтата да алмайды. Егер ол шешім заңсыз болса, Бас прокуратура наразылық білдіріп, сот арқылы жоюы мүмкін. Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босату құқығынан айырылды. Оларды халық сайлайды, ендеше орнынан да халық алып тастай алады.
Сонымен қатар Қ.Тоқаев билік партиясының төрағалығынан кетті. Ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай Қазақстанның болашақтағы барлық президенттері өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті. Жолдау аясында қабылданған заңнамалық түзетулерге сай, Конституциялық Кеңестің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері де партиялардан шықты. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынды.
Нәтижесінде, біріншідін, бұл кез келген партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермейді. Екіншіден, елде жалғыз ғана саяси күштің үстемдік етуіне барынша шектеу қояды. Үшіншіден, бұл жаңашылдық елдегі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның тең дамуына бірдей жағдай жасайды. Төртіншіден, осы арқылы болашақтағы көшбасшыларымыздың негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуына тосқауыл қояды.
Наурыз бастамаларын әрі қарай өрістеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы бір батыл қадамға барды: Президентті 7 жылға тек бірреттік мерзімге сайлауды ұсынды. Былтырғы президенттік сайлау аясында бұл бастама жүзеге асты. Осының арқасында екінші кезеңге үміт жойылғандықтан, іс басындағы Президент бар күш-қуатын, білік-білімі мен іскерлік қабілетін өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндікті лайықты пайдаланып, тарихта жақсы атымен қалуға барынша жұмсайды. Президенттікке қайтара түсуді көздеп, түрлі саяси айлаға бармайды.
Ел тізгінін ұстаған тұлғаға жақын шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол бермеу үшін Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады.
Мұның сыртында қаңтар оқиғасының туындауына себеп болған келеңсіздіктерді жою, соның ішінде экономикалық қызметтің монополиялануын болдырмау, экономика салаларын олигархиядан тазалау, олар заңсыз иеленген мемлекеттік меншікті кері қайтару, шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару сияқты сан түрлі салаға мультипликативтік әсері бар Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру жалғасып келеді.
Ғасыр жүгін көтерген ғаламат кезең
Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Ел Президенті оларды ұсынып қана қоймай, жедел қарқынмен, толымды түрде жүзеге асырып келеді. Ал былтырғы наурыз Жолдауындағы бастамалардың жаңа міндеттерге, соны жобаларға арқау болуы озық идеяларға деген ізденістің, кемелдікке ұмтылыстың жалғасқанын паш етеді.
Қазақстан осы бір ғана жыл ішінде күрделі де тарихи жолдан өтті. Бұл, шын мәнінде, ғасыр жүгін арқалаған ғаламат кезең болды. Оны Қазақстан елден, жерден айырылмай, алауыздыққа ұрынбай, абыроймен өтті. Бұл бізді алда тұрған асқаралы асуларды еңсеруге рухтандырып, серпінді сенімділік пен қуатты күш береді. Осы жолдан айнымасақ, бірлігіміз бен берекелі тірлігімізден жаңылмасақ, талай биіктерге еліміздің басы аман, бауыры бүтін болып жетері сөзсіз.
Серікқали МҰҚАШЕВ,
Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары