• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 16 Наурыз, 2023

«Тальго» һәм төзім

343 рет
көрсетілді

Көктем шыға туған ауылыма барып қайтатыным бар. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, оңтүстікке қарай бет алдым. Әдетте ұшақпен ұшатын едім, бұл жолы «Тұлпар-Тальгоны» тақымға бастық.

Шүкір, Қазақстан даласы кең ғой. Жапония, Қытай секілді мемлекеттерде жүр­дек пойыздар 5-6 сағатта жүретін қашық­тық­ты біздің «тұлпарлар» асықпай 18-24 сағат арасында басып өтеді. «Асықпаған арбамен қоян алады» демекші, еліміздің пойыздары сабырды шыңдайды.

Бір тәулік бойы көк пойызбен жарысқан көңіл неше түрлі ойға жетелейді. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» компаниясы ха­лық­ты сабырлы болуға, төзімділікке баулитын секілді көрінеді. Әйтпесе, Тұрсынбек айтпақшы, «қазақ – кешігетін емес, асығып жүретін халық қой».

Біз мінген «Тальго» пойызы Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалынан кешкі 19.50-де қозғалды. Таразға таңғы 10.13-те келіп тоқтады. Межелі мекен – Шым­кентке жеткенде сағат тілі 13.40-ты көрсетті. Енді есептеп көрейік. Елордадан Әулие ата өңіріне жеткенше 15 сағатқа жуық, ал шырайлы шаһарға жеткенше шамамен 18 сағат уақыт кетті. Астана мен Тараздың арасы – 1300 шақырым, елордадан Шымкентке дейінгі қашықтық 1500 шақырымға тең. Біз сөз етіп отырған «Тұлпар-Тальго» по­йыздары. Әйтпесе, қара­пайым пойыздар бұл қашықтықты бір тәулік жүретіні белгілі.

Әлемнің тоғызыншы территориясында жағдай осындай болғанда, шартараптың қалған түкпіріндегі жағдай қандай болды екен? Алысқа бармай-ақ, көршілес Қытайға тоқ­талсақ жеткілікті. Жунголардың жері ауқым­ды, төрткүл дүниеде төртінші орын­ға ие. Соған қарамастан пойыздары Құла­гер­дей шашасына шаң жұқтырмайды.

Мәселен, Бейжіңнен шыққан жолаушы жүрдек пойыз арқылы Шанхайға орта есеппен 5 сағатта жетеді. Бірақ екі шаһар­дың арақашықтығы 1 477 шақырымға тең. Әрине, жунголардың бәрі жүрдек пойыз жү­гендеген деуге келмес. Ол жақта да қара­пайым локомотивтер бар. Ел астанасынан шыққан жолаушыны 15-16 сағатта Шан­хайға түнделетіп жеткізеді. Бірақ негіз­гі тасымалдаушы осы «Маглев» деп атала­тын тұлпарлар.

Жалпы, Бейжің-Шанхай бағыты – әлем­дегі ең жиі қолданылатын жүрдек по­йыз­дардың бірі. Мәселен, осы желіні 2019 жылы 210 млн-нан аса жолау­шы қол­даныпты. Бұл Францияның TGV және Гер­манияның «Intercity Express» компа­ния­ла­рының жылдық жолаушы тасымалынан әлдеқайда көп. Оның үстіне, Beijing–Shanghai high-speed railway кірісі мол ба­ғыт саналады. Компания жылына шамамен 1,86 млрд доллар пайда табады. Негізі, қытайлық тұлпар тоқтаусыз жүрсе Бейжіңнен шыққан жолаушыны Шанхайға сағатына 380 ша­қы­рым жылдамдықпен 3 сағат 58 минутта жеткізе алады. Дегенмен ал­ғаш­қыда бұл ба­ғыттағы пойыздар жыл­дам­дығын 300 км/с-тан асырмаған еді. Тек 2017 жылы ғана бүкіл қуатына енді.

Әлемнің жүрдек пойыздары «Маглевпен» шектелмейді. Қытайдың тағы бір заманауи пойызы – CR400 Fuxing-нің жылдамдығы сағатына 350 шақырымға жетеді. Германия­ның «InterCity Express» бағыты 330 шақырым жылдамдықты бағындырған. Францияның TGV, Жапонияның JR East E5, Морокконың Al Boraq атты «тұлпарлары» 320 км/с жылдам­дық­пен жүйткейді. Сондай-ақ Испанияда AVE S-103 (310 км/с), Оңтүстік Кореяда KTX (305 км/с), Италияда Trenitalia ETR1000 (300 км/с) атты шашасына шаң жұқ­пас «тұл­парлар» бар.

Астанадан шыққан пойыз Таразға дейін 15 сағат жүрді деп төзімді тауысқанымыз бекер екен. Еліміздегі ең алыс бағыттың бірі – Алматы мен Ақтау арасын жалғайтын желі. Оның ұзақтығы темір жол арқылы шамамен 2 890 километрді құрайды. (Тікелей екі мың шақырымға жуық). Алатаудың бөк­те­рінен шыққан жолаушыны қарт Кас­пий­ге екі пойыз апарады. Бірі 1 күн 18 сағат жол жүрсе, екіншісі екі тәулікте әрең жетеді.

Жоғарыда сөз еткен Қытайда осындай қашықтықты бір күнге жеткізбей басып өтеді. Мысалы, Бейжіңнен шыққан жылдам пойыз 2 мың шақырым жерде орналасқан Гонконгке 9 сағат 44 минутта апарады. Ал ең шабан пойыздың өзі 24 сағатта межелі ме­кен­ге жеткізеді.

Айтпақшы, жолда кетіп бара жатқанда телефон арқылы пойызымыздың жылдам­ды­ғын бақылап көрген едік. «Тальгомыз» тегіс жолда сағатына 120-130 шақырым жылдамдықпен жүреді екен.