• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 17 Наурыз, 2023

Қала тазалығы қадағаланса игі

274 рет
көрсетілді

Көктем келіп, қар еріп, қара жер көрінгелі Астананың сұрқы қаша бастады. Көшенің әр тұсында жататын темекі тұқылы мен шашылған ұсақ-түйек қоқыс бас қала атына сын келтіріп тұр. Әсіресе шаһардың қақ ортасындағы Сарайшық, Ақмешіт көшелері бойындағы тұрғын үйлердің маңының сиқы мәз емес. Жалпы, елордада тазалық қалай жүргізіледі?

Айгүл Нысанбайқызының Маң­ғыс­­­тау­дан елордаға қоныс аудар­ға­­ны­на көп болған. Ол тұратын «Ми­сон» тұ­р­­ғын үй ке­шенінің маңы қо­қы­стан көз аш­пайтын көрінеді.

– Мұнда байқағаным, жалдамалы пәтерлер көп. Сондықтан тұрғындар тазалыққа бейжай қарайды. Қоқыс жәшігі үйдің маңында орналасқан. Бірақ соған дейін қолындағы қалдық­та­рын көтеруге ерініп, үйдің жанына тастай салады. Бұған қоса тұрмыс­тық қалдықтарды алып кететін жүк көлік­тері желді күні қоқысты жинаса мұң. Өйткені дор­балардағы жеңіл қоқыс ұшып, жан-жаққа шашылады. Оны кейін жинап жатқандарын көрме­дім. Оған біз қаншама ақша төлеп отыр­мыз, – деп А.Нысанбайқызы ренішін білдірді.

Осыдан екі ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамы­ту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында «Астананың тазалығы ең алдымен оның тұрғындарына бай­ланысты» екенін айтқан еді. Әрі ол қала тұрғындарының тәртіпті жиі бұзатынын, қоқысты қалай болса солай лақтыра салатынын сынға алған-ды.

«Астананың тазалығы, ең алды­мен, оның тұр­ғындарына байланыс­ты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыр­тын­дағы жағдай мәз емес. Шын­ды­ғын айтсақ, тұрғындар тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жас­тар кө­ше­де жүргенде мә­дениетсіз қы­лық­тарға жол береді. Елордамызды және бас­қа негізгі қалаларымызды дұ­­­рыс қал­пында сақтау – ұлттық на­мы­­­сы­мыз­ға қатысты аса маңызды мә­селе. Көшпенділердің ұрпақтары өз қа­лаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлде жоққа шығаруымыз керек!» – деді Президент.

Жалпы, шаһардағы қоқысты тазалау 37 учаскеге жүктелген. 17 мың контейнер бар. Қалдықты тасуға 100 мың көлік жұмылдырылған.

– Астана қаласында коммуналдық қал­дықтарды жинаудың орталық­тан­дырылған жүйесі бар. Ол тізбек: қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұ­рыптау, өңдеу және кәдеге жара­ту­ды қамтиды. Қалдықтарды сұ­рып­таумен 4 компания айналыса­ды: «Clean City NC» ЖШС – коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару кәсіпорны, «Astana Recycling Plant» ЖШС – қалдықтарды өңдеу кешені, «Эко Полигон Астана» ЖШС – екі ұяшығы бар қалдықтарды көме­тін полигон, «Astana Recycling Deve­lop­ment» ЖШС – «Северная гря­да» құрылыс қалдықтарын қабыл­дау және өңдеу учаскесінің операторы. Негізі 2018 жылдан бастап «тұр­мыс­тық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі» енгізілді, ол бойынша «құр­ғақ» (қағаз, пластик, шыны, металл) және «дымқыл» (тамақ қалдық­та­ры) қоқыстар деп бөлінген. Қалада «құр­ғақ» қалдықтарды жинауға  4 137 сары кон­тейнер, «дымқыл» қоқыс­ты жи­науға 10 190 жасыл және металл кон­тей­­нер, пластмасса жи­нау­ға ар­налған 308 сары торлы кон­тейнер, құрамында сынап бар қалдық­тарды жинауға арналған 648 қызғылт сары контейнер, нан өнім­де­рінің қалдықтарына арналған 1 300 жасыл контейнер қойылған. Міне, осы тұр­ғын­дар қалдықтарын жәшіктерге тәртіпке сай, тас­таса, жұ­­мыс қиын­дамайтын еді. Кейде осы нәрсе шаруаны шатқаяқтады. Сон­ай-ақ аста­налықтарға және қала қо­нақ­тарына қоқысты қалай болса, со­лай лақтыра салмай, тұрмыстық қал­дық салған дорбаларыңыздың аузын­ дұрыстап бекітуге, шашпай өз орын­­дарына салуға кеңес беремін, – деді Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының табиғатты пай­­­­далануды реттеу саласындағы мем­­лекеттік қызметтер және құқық бөлі­мінің бас маманы Сағыныш Сағынтаев.

Бүгінде Астанада тұрмыстық қалдық­тарды ақылы қабылдайтын 40-қа жуық компания бар. Олардың бірі – «LS Ecolife» компаниясы.

«Біз картон, макулатура, плас­тик­тің әртүрлі түрлерін (пласти­ка­лық бөтелкелер, тұрмыстық химияға арналған канистрлер мен бөтелкелер, антифриз және мотор майы, сондай-ақ мөлдір, түрлі-түсті және созылатын полиэтилен) сияқты шикізат түрлерін жинаумен және өңдеумен айналысамыз. Қайта өңдеуге жарамды материалдарды жинап, бастапқы өңдеуден өткізіп, кейін толық өңдеу зауыттарына жіберіледі. Мысалы, түрлі түсті пластик бөтелкелер біздің Петропавлдағы «Green Park» қайта өң­деу зауытына жөнелтіледі. Иілгіш түйір­шікке айналған пластикалық бөтелкелер киім, тұрмыстық заттар мен құрылыс материалдарын жасау үшін шикізат ретінде пайдаланылады. Жалпы, бір қабылдау пунктін толтыру үшін орта есеппен 2-3 күн кетеді. Қайта өңделетін материалдың әрбір түрі жиналып, ішінара учас­кеде сұрыпталып, базаға тасымалданады. Бір қабылдау пункті айына 3 тоннаға дейін «қоқыс» жинай алады. Кейін біз оларды екінші рет қолдануға мүмкіндік жасаймыз», деді «LS Astana» директоры Айжан Мырзағалиева.