Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылында тұратын орманшы Махамбет Құсайынов жылы жаққа қайта алмай, ауыл шетінде қалып қойған аққуды құтқарып, үйінде бағып отырғанын жазған едік. Жақында құс төресі көліне оралды.
Қаңтар айының басында Егіндікөл ауылында тұратын Махамбет ауыл іргесіндегі бұлақ басында жалғыз аққу жүргенін, қатты аязда құстың қанатына мұз қатып, жағдайы қиындай бастағанын көріп, үйіне әкелгенін, тамақ-суын беріп асырап отырғанын хабарлап едік.
Екі айдан аса жабайы құсты өз үйінде бағып шыққан орманшы көктем келісімен аққудың мінезі өзгеріп, елеңдей бастағанын, тамаққа бұрынғыдай тәбеті тартпай қалғанын байқаған. Жыл құстары келіп, ауыл маңындағы көлге қаз-үйрек қона бастаған екен. «Құсты еркіндікке жіберетін уақыт жеткен екен» дейді Махамбет.
- Аққуды жіберер алдында Нұрғиса атамыздың әйгілі «Аққу» күйін, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы «Алуаш» әнін телефоннан ойнатып көрдім. Бірақ екі айдан аса тар қапаста еріксіз тұрған, еркіндікті аңсаған аққудың лирикаға аса зауқы болмаған сияқты. Махамбет аға су жағасына апарып қоя берген кезде қанатын сабалап су бетімен ұшып барып, ашық айдынға жеткен соң отыра сала жуына бастады. Басын суға қайта-қайта тығып, қанатын таранып, көп жуынды. Шамасы әбден кірлесе керек. Аққудың шомылғанын бір сағатқа жуық бақылаған соң бойымыз тоңазып, кетіп қалдық, - дейді осы сәтке куә болған Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин.
«Аққу шынымен өте таза құс екен. Қыс бойы қорада тұрғанда әр жерге саңғымайтынын, тек бір жерге отыратынын байқадым», дейді Махамбет Құсайынов.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында экологиялық мәселелермен шұғылданып, көптеген игі істің басында жүрген «Телегей» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, өзге де қоғам белсенділері Егіндікөлге жем-дән жіберіп, көмектесіп тұрды.
Махамбет Рахмаденұлы Қарағаш орман шаруашылығында 13 жылдан бері қызмет етеді. «Туған жердің табиғатын, оның аң-құсын көзінің қарашығындай қорғап жүрген орманшының еңбегі лайық бағаланса екен» дейді ауылдастары.
Батыс Қазақстан облысы