Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының басшысы Оуэн Мерфимен қорытынды кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар Қазақстандағы миссияның жұмысын қорытындылап, ЕҚЫҰ миссиясы 20 наурызда жариялаған парламенттік сайлауды байқау бойынша Алдын ала нәтижелер мен тұжырымдар туралы мәлімдемесінің кейбір тармақтарын талқылады.
Министрдің орынбасары байқаушыларға атқарылған жұмыстары үшін алғысын білдіріп: «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның еліміздің демократиялық дамуы саласындағы халықаралық қолдауын бағалайды», деп атап өтті.
О. Мерфи аталған сайлау «өзін-өзі ұсынған кандидаттарға сайлауға қатысуға мүмкіндік беріп, саяси өмірге бәсекелестік элементтерін әкелгенін және сайлаушылардың таңдау жасау мүмкіндігін ұлғайтқанын» атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің миссияға қатысты кәсібилігі мен жеделдігін жоғары бағалай отырып, көрсетілген қолғабыс үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді.
ЕҚЫҰ парламенттік сайлауды байқау жөніндегі сайлау үдерісін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстары бар қорытынды есебінің дайындалуы әңгіменің жеке тақырыбы болды. Р. Василенко ДИАҚБ есебін жасау кезінде объективті тәсілдің маңыздылығын тағы да атап өтті.
ЕҚЫҰ өкілдері тиісті ұсыныстар қорытынды есепте бірнеше айдан кейін ұсынылатынын атап өтті және бұл ұсыныстар ҚР сайлау жүйесін халықаралық стандарттарға, озық шетелдік тәжірибелерге және 1990 жылы ЕҚЫҰ Копенгаген құжатында белгіленген міндеттемелерге сәйкес одан әрі жаңғырту үшін пайдаланылатынына үміт білдірді. Баяндама жариялағаннан кейін Бюро құжатты ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен егжей-тегжейлі талқылау үшін Қазақстанға сараптама тобын жіберуге мүдделі.
Кездесудің соңында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның сайлауды өткізу саласындағы сындарлы және жемісті ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты пікір алмасты.