• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 29 Наурыз, 2023

Шабындық және жайылымдық жер жетпейді

762 рет
көрсетілді

Катонқарағай ауданының түкпіріндегі Берел ауылында жайылым мен шабындық жерлер тарылып бара жатыр. Оған себеп, жер телімі әу баста тең бөлінбеуі деседі тұрғындар.

Жуықта берелдіктер редак­циямызға қос бірдей хат жолдады. Екеуі екі түрлі мәселе болғанымен, төркіні біреу: жайылым мен шабындықтың аздығы. Дегенмен Катонқарағай ауданында 20 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, қайта бөліне бастаған екен. Жалпы, игерілмей жатқан немесе заңсыз алынған жерлер билік назарында екенін де еске сала кетейік.

Берел – тоғыз жолдың торабын­да жатқан туристік әлеуеті мол ауыл. Әйгілі Рахман қайнары, Берел қорық-музейі, Мұзтау, Қаракөл, Шындығатай секілді көрікті жерлерді көремін десеңіз, аядай ғана Берел ауылын басып өтесіз. Ауылдың тұрғындары да еңбекпен біте қайнасқан. Бірақ туризмнен гөрі атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санайды. Өйткені туризм – мезгілдік жұмыс, әрі кетсе үш ай. Содан кейін Алтайдың ауылдарында мүлгіген тыныштық орнайды. Демек, күнкөріс көзі – мал өсіру. Алайда тұрғындардың пікірінше, ауыл жерден таршылық көріп отыр. Хат жолдау себептері де сол. Мәселенің мән-жайы түсінікті болуы үшін хаттарды ықшамдап, оқырман назарына ұсынайық.

«Халық ауылда малын жайып, тебіндетіп, шөбін шауып отырған екі учаске бар – «Қызылтас» және «Белдеу». Алайда Ұлттық парк басшылары жол жөндеді деген сылтаумен «Қызылтас» учаскесін Ерік Әміреновке алып беріп отыр. Е.Әміренов «Мен 13 млн теңге ақша салып, жолды жөндедім. Енді бұл жер менікі», дейді. Күрелген жері – 20 метр ғана. Біз де билет алып отыр едік. Ауылда шабындық жері жоқ адамдар да бар. Жалпы ауылда 120-дай үй десек, 1000 гектар жерін бір адамға бере сал­ған. Қалған 119 үй қайда бара­ды? Е.Әміренов «Мен он жылға алдым» деп малымызды жерінен қуады. Соның салдарынан мал жоғалып жатыр. Президенттің ауылға жағдай жасалсын деген Жолдауына кереғар әрекет қой бұл?! Аудан әкімі бұл мәселені шешіп бере алмады. Осы дауды шешіп берулеріңізді өтінеміз», деп қос параққа хат жазып, қол қойысқан.

Бұл – бірінші мәселе. Екінші хат та редакция назарынан тыс қалған жоқ. Бұл жерде тұрғындар колхоз тараған кезде жердің әділетсіз бөлінгенін айтып шағымданған.

«1994-1996 жылдары кеңшар, «Маралды» шаруа­шы­­лығынан 12 комиссия мүшесінің қарауымен «Берел ауылының зейнеткерлеріне, соғыс ардагерлеріне және ҰОС мүгедектеріне Берел ауы­лынан 4 шақырым жерде ор­на­ласқан Балықты бұлақ аумағынан 120 гектар жер бөлінсін» деген бұйрық шыққан. Бірақ сол жылдары әкім болған Амангелді Мұратов бұл жерлердің иесі бар деп тартып алды. Оған дейін халық шөбін шауып жүр­ген. Кейін халық әкімге жер сұрап барған кезде «Бос жер жоқ», деп қайтарды. Әкім бола тұра А.Мұратов өз құ­қы­ғын асыра пайдаланып, бөлінген жерлерді өз әйелі Б.Байсақаловаға, балаларына жазып берген (120 гектар жер).

Қанша жыл тер төгіп, еңбек еткен зейнеткерлер мен соғыс ардагерлеріне, мүге­дек­тер мен жалғыз бас­ты ана­ларға жер беріл­ме­ді. Осы күнге дейін ол адамдарда бір де бір гектар жер телімі жоқ. Кеңшар кезіндегі жер­лердің әділ бөлініп, шабындық жерлері жоқ қарапайым халыққа, зейнет­­керлерге, көп­ба­ла­лы отба­­сыларға берілуі тиіс. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын заңсыз алынған жерлерді қайта қарап, әділ бөлінсін демеп пе еді?!» деп жазған да, төменгі жағына тағы бір топ тұрғын келіс­кен­дерін білдіріп, қол­да­рын қойған.

Мәселе түсінікті. Десе де, тұрғындарға хабарласып, мән-жайды тағы білген едік. 45 жыл тылда, кеңшарда жұ­мыс істеп, зейнетке шық­қан Қамза Әкижаевтың айтуынша, мал басын көбейт­пекке ниеттенгенмен, шабын­дық тар көрінеді.

– Ауылды көтереміз деп жатыр ғой. Бұл ойлары сөз жүзінде қалмауы үшін ауыл тұр­ғындарына жағдай жасау керек. Жағдай дегеніміз – ең бірінші білім, медицина және күнкөріс үшін жайылым, шабындық қажет. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Тылда еңбек еттім. Бірақ тоқымдай да жерім жоқ, – дейді Қамза Әкижаев.

Сол секілді Берел ауы­лы­ның тұрғыны, көпба­лалы жалғызбасты ана Галя Әбе­нова да шабындық пен жайы­лым­ның жоқтығын айтты.

Жоғарыда аталған мәсе­ле­ні алдымен облыстық «Жер аманаты» комиссия мү­ше­­леріне жолдадық. Олар анық-қанығына көз жеткі­зіп барып, нақты жауап бере­тін­дерін айтты. Ал аудан басшылығының айтуынша, Катонқарағай өңірінде, әсіресе Берел маңында шабын­дық, жайы­лымдық жерлерден мәсе­ле жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Берел ауылы