Күн көзіне шағылысып жатқан қырдың жұқа қары күрт ерісе, дүлей күшке айналады. Сай-саладан жылғалап жылжып, кең арнаға түскен соң арқырай жөнелетін көктемнің қызыл суы Жангелдин ауданын қыспаққа алып жатыр. Ал осыдан үш жыл бұрын салынған Шилі ауылындағы бөгетті тасқын су шайып кетті.
Осылайша, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 200 млн теңгеден астам қаржыға салынған бөгет бір күнде жоқ болды. Шалғай ауылға ауадай қажет бөгет еді. Күнкөрісі төрт түлікке тәуелді Шилінің айналасындағы жайылымның шұрайлы болуы да, ел қолындағы малдың қыстан қысылмай қоңды шығуы да осы бөгетке қарап тұрған. Өйткені жан-жақтан құлаған қызыл су ойпаң жерлер мен көтерме жолды жағалай қуалап келіп, осы бөгетке келіп тірелетін де, үлкен көлге айналатын.
– Биыл көл құрғап қалса, жағдайымыз қиын болады. Осыдан 88 жыл бұрын салынған бөгет еді. Ескі бөгет тоқсаныншы жылдары бұзылып, осыдан үш жыл бұрын Қостанайдан келген мердігер компания қайта көтерген. Енді, міне, 200 млн теңге желге ұшты. Бөгет сапасыз салынған. Осыдан үш күн бұрын ауылдың жаны жағалай су еді, қазір су жоқ. Судың бәрі ағып далаға кетіп жатыр. Мұнда халық мал үшін отыр. Алдағы жазда мал тұрмақ адам ішетін судың өзі болмай қалады. Су ағып кетсе, құдықтың бәрі тартылып қалады, – дейді Шилі тұрғындары.
Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, қызыл су бөгеттің суағар жағын жырып өткен. Су шайып кеткен жердің ені шамамен 9 метрдей болады.
– Қазір суды қалайда тоқтатудың амалын ойластырып жатырмыз. Бірақ тоқтату қиын. Қолда бар техникамен барып, құм түсіріп, қалған суды алып қалуға қарекет жасаймыз. Бөгетті салған мердігер компанияның кепілдік мерзімі аяқталған жоқ. Қарашаға дейін уақыт бар, сотқа береміз. Жалпы, ол серіктестікке қатысты сот ісі қазірдің өзінде жүріп жатыр, – деді әкім.
Су тасқынының салдарынан бірнеше күннен бері Милісай ауылымен де жол қатынасы үзілген. Сондай-ақ Арқалық маңындағы Ақтас ауылымен де қатынас жоқ. Тасты өзені арнасынан асып, ұзындығы 80 метр болатын жол учаскесін су шайып кеткен. Бұл жолдың бойында жол астынан су өткізетін он шақты құбыр жатыр. Бірақ қар суының қарқынына олар да шыдас бере алмаған.
Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орынбаевтың айтуынша, қарғын су қарқынды жүріп жатқан жерлерге құтқарушылар тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, бекет қойылған. Маңайдағы елді мекендерге қызыл судан төнетін қауіп жоқ.
– Сарыторғай, Қараторғай өзендері ашылды. Қырдан түскен су тасқынының бірінші деңгейі өтті. Халыққа, елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Екінші деңгей 4 күннен кейін келеді деп болжап отырмыз. Ол мынау Ұлытау жақтан Сарыторғай өзеніне келетін сулар. Жалпы, облыста наурыз айының соңында күн күрт жылынады деген болжам бар. Сол себепті қазір өзендердің деңгейін жіті бақылап, мұз көшкінін қауіпсіз өткізу шараларын қолға алып жатырмыз. Мысалы, өткен демалыс күндері өңірдегі барлық өзендердің қауіпті аймақтарында мұз жару жұмыстарын аяқтадық, – деді Азамат Орынбаев.
Қостанай облысы