• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2023

Заңсыз берілген баспана

192 рет
көрсетілді

Жетісуда баспана жайы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Былтырдан бері Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев мыңдаған тұрғын үйдің заңсыз берілгенін мәлімдеумен келеді. Оған қоса берілген баспаналарға иелік еткен азаматтардың мәртебесі сұрыпталмай, бірнеше жылдан бері ешқандай жалгерлік қаржысы төленбеген. Қазір соған сай тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Шындығы сол, Талдықорған­да соңғы оншақты жылда пәтер кезегі мүлде сақталмаған. Кезегі әне-міне келе бергенде артқа шегініп кететінін айтып, зар қаққан халықтың қарасы көп. Мұнда әдетінше ретін тапқандар мен қолдаушысы барлар үйлі болып, жылдар бойы кезек күткендер шетке ысырылып қалған. Осы ретте қала әкімі әлеуметтік әділ­дікті қайта қалпына келтіруге күш салып жатыр. Бұл жауапты жұмыс Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сай жүзеге асырылып отыр.

Мәселен, облыс орталығында бұған дейін заңсыз берілген пәтер саны 1 026 болса, соңғы сегіз айдың ішінде 1 218-ге көбейген. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге – 60, денсаулық сақтау саласының мамандарына – 60, көпбалалы аналарға 72 пәтер берілгені анықталды. Олар­дың ешқайсысының  құжаттары рәсімделмеген.

«Дәлелі бар, пәтерді кезекпен алып, тұрып жатқандардың құжаты тұрғын үй комиссиясы арқылы рәсімделуде. Құжаты барын дәлелдеген, бірақ мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кеткен олқылықтар арқылы санаты растал­маған азаматтардың құжаты медиация арқылы, қолдарында құжаты жоқ, кезектен заңсыз алын­ғандардың құжаты сот арқылы заңдастырылып жатыр», деді қала басшысы осы мәселеге орай өткізген брифингте.

Оның айтуынша, облыс прокуратурасы мен облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тексеру барысында бірнеше азаматтың кезегі қайтадан қалпына келтірілді. Олардың үй алуға деген құқығы толық сақталып отыр.

Былтыр аталған пәтерлерде тұрып жатқандарды анықтау мақсатында құрамында әкімдік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері, журналистер бар арнайы жұмыс тобы құрылған. Сол кезде комиссия мүшелері пәтерлерді түгел аралап шыққан-ды. Нәтижесінде, 395 тұрғынға мәлімдеме тапсырылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорына қай­тарылған пәтерлердің 11-і кезекте тұрғындарға таратылса, қалған 32 пәтер баспана кезегінде тұрған тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда қорғауды қажет ететін санатындағыларға берілетін болып шешілген. Биыл тағы да басқа да заң бұзушылықтар көбейіп отыр.

Осы ретте 2005, 2006 жылдары кезектен заңсыз алынып тастаған азаматтарға пәтер берілді. Ал басқа облысқа ауысып кеткен мемлекеттік қызметшілер­дің пәтері біртіндеп мемлекет меншігіне қайтарылуда. Мысалы, 2015-2021 жылдар аралы­ғында Талдықорғанда 1 300-ден ас­там пәтер мен үй заңсыз берілген. Соған сай, пәтерлерді және жалдау төлемдерін есепке алу жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл түсімдердің ашық­тығын, төлеушілерді бақылау және мерзімін өткізіп алуға жол бермеу шараларын қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жиында 2013-2021 жылдар аралығында заңсыз берілген пәтер­лерге қатысты қылмыстық іс қоз­ғалып, қазіргі таңда тергеу жұ­мыстары жүріп жатқаны айтылды. Күдікке ілінгендер қатарында Талдықорған қаласы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері де бар. Қала әкімінің айтуынша, тексерулер кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталған екен. Соның ішінде бұрын берілген және жекешеленіп кеткен пәтерлердің дерегі ведомстволық архивтен табылмаған. «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған ипотекалық баспана екінші деңгейлі банктер арқылы бөлініп келген. Бағдарлама талабына сәйкес, пәтерлер «Отбасы банк» арқылы берілуі керек болған. Сол секілді «Кезекте» порталында кезекте тұрғандарға түгендеу жүргізілмеген.

«Тексеру жұмыстарының нәти­жесінде деректер базасына ақпараттар енгізу арқылы 1 333 азаматтың кезек­тілігі қалпына келтірілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кешенді тексерулер жүргізу үшін «Отбасы банк» пен жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне тиісінше хат жолданды», дейді қала басшысы.

Жалпы, Талдықорған қала­сында пәтер кезегінде 15 мыңнан астам азамат тұр. Осы уақытқа дейін себепсіз 1 700 адам кезектен алынып, орнына басқа тұрғындар кіргізілген. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, қолға алынған ауқым­ды жұмыс жалғасын табады. Естеріңізде болса, Мемлекет бас­шысы соңғы үш жылдағы тұр­ғын үйді пайдалануға беру жөніндегі дерек­тердің дұрыстығын анықтау тура­лы тапсырма берген болатын. Бү­гінде өңірде аталған тапсырма аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Жетісу облысы