• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Тарих 03 Сәуір, 2023

Әлішер Науаи және қазақ әдебиеті

550 рет
көрсетілді

Шығыстың ұлы шайырлары қазақ даласына ежелден мәлім болған. Көне араб әліпбиімен жазылған кітаптар, кезінде саудагерлер арқылы қазақ даласына көп тараған. Шығыс ақындарының әсерімен жазылған қазақтың лиро-эпостық дастандары да аз болмаған. «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларының дүниеге келуіне шығыстың ұлы ақындарының әсері болуы әбден мүмкін.

Қазақта Әлішер Науаидың есімін ерекше құрметпен атап, 1857 жылы Шо­қан Уәлиханов жазған болатын.

Ұлы шайырдың бес дастаннан тұра­тын «Хамсасының» қанша ғасыр өтсе де ажары мен көркемдік әлемі еш солғын тартқан емес. Қайта уақыт өткен сайын жарқырап, құпия қырлары ашыла түс­кендей әсер етеді. Өзінен бұрын парсы тілінде «Хамсаның» алтын күмбезін тұрғызған Низами мен Дехлевиден соң әдебиет тарихында осындай ғажайып көркем ғимарат соққан бірден-бір ша­йыр – Әлішер Науаи. «Ескендір қорғаны» дас­танының соңғы жағында:

«Бес кітап – бес қазына асыл маржан,

Көшеді ғасырларға ғасырлардан», –

деп өзінің мұраларының келешегіне нық сеніммен қарауы, мақтанышпен мәлімдеме жасауы әбден заңды. 

Әлішер Науаи «Хамсасының» түркітілдес халықтар үшін аса құнды әрі қадірлі болатынының басты себебі – оның түркі тілінде жазылуында. Мұны кемеңгердің өзі де терең сезінген. Сондықтан дана шайыр:

«Жан-жаққа көз жіберіп жалтақтадым,

Түркіден мұндай асыл мен таппадым», –

дейді. Дастан Ескендірдің өмір-тарихы­ның желісімен жазылған. Бұдан ақынның жан-жақты жетілген, Абай айтқандай, толық адам тәрбиелеу мұратына айрық­ша мән бергені көрінеді. Мынау әлемде қан төгіліп, мемлекеттер қырқысып жатқан заманда билік тізгінін ұстаған патшалар үшін «Ескендір қорғаны» дастанының мәні зор. Ақынның бұл шығармасы зұлымдықты түбінде парасат жеңетіндігінің айқын айғағы. Науаи шығармаларымен Абай жасынан таныс болған. Семейде Ахмед Риза медресесінде оқып жүрген шәкірт шағын­да қазақтың болашақ ұлы ақыны шығыс шайырларына:

«Физули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз – бу Һәммәси

Медет бер я шағири  фәрияд», –

 деп сыйынған.

Абайдың шығыс ұлыларына бұлай сыйынуы тегіннен-тегін емес. Демек шығыс ақындарын Абай заманында қазақ даласы өте жақсы білген деген сөз.

Шығыстың ұлы шайырларының бәрі «Хамсаны» жарыса жазғаны өздеріңізге мәлім. Мысалы, Низа­ми­дің «Жеті сұлу» дастанының «Турандот ханша­сы» деген саласын неміс ақыны Гете жырласа, орта Азияға кең тараған «Ләйлі Мәжнүн», «Хұсрау – Шырын» дастанын 1383 жы­лы Сарай Беркедегі қыпшақ ақыны Құтып толғаса, Низами сюжеттерінің негізінде Хұсрау, Науаи, Жамилер қайта жырлаған. Низами бұл сюжеттерді шы­ғыс ертегілерінен алған. Бұл әдісті Абай да, Шәкәрім де пайдаланған.

Абайдың атақты «Ескендір» поэмасы Науаи әсерімен жазылған. Шәкәрім де «Ләйлі-Мәжнүнді» қайта жырлағанда Әлішер Науаи «Хамсасынан» мол сусын­да­ғаны көрініп тұр. Әлішер Науаи жырларын қазақ тіліне аудару мәсе­лесі кеңес заманында қолға алынды. Одан бұрынғы кезеңде қазақ даласы Науаи шығармаларымен араб әліпбиінде көне өзбек, яғни шағатай тілінде шыққан кітаптар арқылы таныс болғанын жоғарыда айттық. Қазақ жазуы кириллицаға көшкен кезеңде кейінгі ұрпаққа көне кітаптарды оқу мүмкін болмай қалды.

Әлішер Науаидың «Фархад - Шырын» дастанын 1949 жылы қазақ ақындары Қалмақан Әбдіқадыров пен Асқар Тоқ­мағамбетов тәржімелеп, жариялады. Жекелеген ғазалдарын Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Өтебай Тұрманжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жақан Сыздықов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиевтардың сәтті аударғанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы, кез келген қаламгер аудармаға бел шешіп бара беруге болмайды. Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» деген мәтел бар. Тәржімеші классиктерді аударғанда, түпнұсқа авторымен іштей шығармашылық жарысқа түсуі қажет. Демек ақындық қуатыңа қарау керек. Әйтпесе, бар еңбегің құмға құйған сумен тең болады.

Арғы-бергі қазақ әдебиеті тарихында поэзия аудармасының классикалық үлгісін жасаған ақын Абай ғана. «Хамса­ны» аудару барысында мен Абайды адастырмас темірқазық еттім.

Әлішер Науаи шығармалары – түркі халықтары­ның рухани алтын діңгегі. Оның рухани әлемінің көкжиегі ашыл­ған сайын Абай әлемінің рухани кеңіс­тігінің керегесі кеңейе түседі. Біз Абай ақынның кемеңгерлік қырларынан, Науаи­дың шеберлік шыңдарынан әсер алған ғажайып нұрларын бай­қай­мыз. Адам баласының тыныс-тіршілігін ұлы соғыс­тардың тас-талқан ететінін, өмір мұраты бейбіт­шілікте екендігін Науаи өз шығармаларында қалай дәріп­тесе, Абай да «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» ұлы гуманизмге ша­қырады. Абай­дың ұлылығы – Науаи данышпандығының заңды жалғасы. Яғни Абай – өзінен бес ғасыр бұрын өмір сүрген Науаидың тікелей шәкірті. Ал Науаи «Хам­са­сын» аяқтағанда, ұстаздары туралы былай деп толғанады:

«Тұрғанда төзімімді тауысқалы,

Жар салып періштелер дауыстады:

Алдансаң, адастырар жалған үміт,

Алдымен Жәмиге бар жалбарынып.

Жол табу қысылғанда қиын саған,

Табынып, Тәңірідей сыйын соған!

Дұға қыл, мешахатың ұмыт қалар,

Киесі құпияға кілт табар!

Түркі еді Хисрау да – жыр тірегі,

Үндіде лақап атпен дүркіреді.

Тәмамдап апарғанда «Хамсаны» мен,

Құптады разы болып жан-тәнімен.

Таратып айтып шықтым тапқанымды,

Қойнауы қазынамның ақтарылды.

Асықпай, ілтипатпен парақтады,

Мұқият әр сөзіне қарап тағы.

Оқыды күндіз-түні шөлі қанбай,

Бола ма бас-аяғын шолып алмай.

Төгілді жыр тасқыны тартып арна,

Мұхиттай түркі сөзі таусылар ма?»

Міне, Әлішер Науаиды түркі халықта­рының ал­тын діңгегі дейтініміз де осыдан. Науаи түркі әле­мін біріктіруші. 2019 жылы халықаралық Түркі акаде­­миясы Ыстанбұлдан бастырып шығарған «Хам­саның» мен аударған екі дастанына жазған алғы­с­ө­зінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл пікірді:

«Ежелден көрші қонған қазақ пен өзбек халықта­рының бауырластығы мен достығының алтын тамыры тереңде жатыр. Мәуелі бәйтерек сынды Науаи мен Абайдың асыл мұрасы еншiсi ортақ екi елдi жақындастыратын бірегей рәмiз қызметін атқарып келедi. Әлішер Науаидың әйгілі бес дастаннан тұратын «Хамса» шығармасының көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы аудар­­ған қазақ тiлiндегi қос дас­таны руха­ниятымызға қосылған бағалы құн­дылық болары анық. Ұлы шайырдың жауһар жырлары жас ұрпақты отансүйгіштік пен достыққа, адалдық пен парасатқа баули берсiн!» деп одан әрі асқақтата түседі.

Науаидың «Хамсасын» тәржі­мелелеп жүргеніме 40 жылға жуықтады. «Ескендір қорғаны» 1989 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген еді. 2008 жылы қайта басылып шықты. 2019 жылы «Ләйлі-Мәжнүн» дастанымен қосылып «Хамса» деген атпен тағы да шықты. Оған дейін 1991 жылы бір топ ғазалдары менің аудармамда «Бақо Гули» деген жинақта жарық көрген еді. Қазір «Хамсаның» үшінші дас­таны «Фархад-Шырынды» аяқтау үстіндемін. Енді төртінші дас­таны «Құстар тілін» тәржімелеуді де бастадым. Ендігі арманым – ұлы шайырдың «Хамсасын» түгел аударып, оның қасиетті рухының алдына есеп беру.

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты