Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясын Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Ондағы мақсат – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыру. Ғылыми қауымдастық жаңашылдықты жылы қабылдады.
Оңды істерге бастар оңтайлы шешім
Президенттің академия мәртебесін көтеру мақсатында жарияланған Жарлығы көпшіліктің көкейінде жүрген ой еді. Енді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының негізгі қызметі еліміздің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтегі басым бағыттарды, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындап, тиісті ұсыныстар әзірлеу болмақ. Осылайша, Ұлттық академия еліміздегі ең жоғары ғылыми орталыққа айналады.
Мемлекет басшысы қатардағы қоғамдық ұйымдардың біріне айналып кеткен академияны мемлекеттік мәртебеге көтерді. Бұдан былай ұлттық ғылым мен академияның барлық мәселесі Президенттің тікелей қадағалауымен жүзеге асатын болады. Жарлықта атап көрсетілгендей, Ұлттық ғылым академиясының президентін қызметке тағайындап босататын да – Мемлекет басшысы. Академия мәртебесінің осыншалықты жоғары деңгейге көтерілуі оның ғылым саласын дамытудағы рөлін барынша күшейтіп, басым бағыттарын жетілдіруге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл ретте әлемнің жетекші елдеріндегідей академия мүшелерінің де мәртебесі көтерілетініне сенім мол.
Бұдан былай академия ғылыми ақыл-ойдың қайнары, беделі биік ғылыми-техникалық көшбасшы орталыққа айналуға тиіс. Жарлықта атап көрсетілгендей, оған мемлекет барлық жағдайды жасайды. Ғылым академиясын Президент жанындағы мекемеге айналдырудағы мақсат та осыдан туындаған, енді ол республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Жарлықта оны жүзеге асырудың міндеттері мен мақсаттары айқын көрсетілген.
Түйіндеп айтқанда, ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін анықтайтын және оның жүзеге асыру жолдарын Президент пен Үкімет алдына қойып отыратын еліміздегі ең басты ғылыми орталық ретінде дамиды. Бұл ғылыми ортаның көптен бері көтеріп келе жатқан жанайқайы еді. Ол жөніндегі өзекті ойларын Мемлекет басшысы өткен жылғы Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында ашық айтқан-ды. Енді, міне, Жарлық ретінде ғылыми қауымдастықтың үкілі үмітін өркенді іске айналдырып отыр. Зиялы қауым мен ғалымдардың көкейкесті мәселелерін жүзеге асыруды бұдан былай ел Президенті тікелей өзі қадағалайды. Демек әрбір ғылыми ұсыныс нәтижелі нақты шешімін табады деген сөз. Сол арқылы барша ғылыми қауымдастық, әрбір жекелеген ғылыми қызметкер мемлекет қамқорлығына алынды деген сөз. Бұл – академиктерден бастап, қатардағы ғылыми қызметкерлердің үкілі үмітін оятып қана қоймайды, олардың жүрегіне сенім ұялатып, істеріне тың серпін береді.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА
корреспондент-мүшесі
Ғылымның әлеуеті артады
Президенттің Жарлығы бізді айрықша қуантты. Мемлекет басшысы, осылайша, былтыр өзі айтып өткен, отандық ғылымды дамытудағы нақты бағытты тағы бір айқындап берді. Аталған Жарлық біздің қоғамға қандай пайда әкеледі? Ең әуелі бұл – Қазақстандағы ғалымдардың зияткерлік мәртебесін жоғарылата түсудегі үлкен қадам.
Ғылым академиясының жұмысына Президенттің өзі жетекшілік етеді. Меніңше, бұл шешімнің нәтижесінде академия мен оның құрамындағы барлық ғалым ғылыми жұмыстар мен түрлі зерттеулерді жүргізуде жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Біздегі ғылыми қоғамның әлеуеті өте зор. Сондықтан оны мемлекетіміз бен қоғамның игілігіне арнауға міндеттіміз. Ғалымдардың мәртебесі жыл санап өсіп, жоғары ғылыми технологиялар пайда бола бастады. Ендігі дамуымыздың кілті ғалымдардың өздеріне байланысты болмақ.
Еркін САДЫҚОВ,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры
Саланың еселенер мүмкіндігі
Президенттің шешімі еліміздегі ғылым мен білім саласын дамытуда орасан зор маңызға ие. Қашан да ғылым адамзат өркениетін алға жетелейді. Жаһандық мәселелердің оң шешілуі, қоғамдағы зор жетістіктер және адам баласына жаңа технологиялар арқылы жайлы өмір сыйлау осы ғылымның көмегімен жүзеге асып келеді. Сондықтан академияны бюджеттен қаржыландыру ғылыми зерттеулердің тұрақты дамуына кепілдік береді және оның сапасын да арттырады.
Академияның тікелей ел Президенті жанында болуы ресурстарды тиімді пайдалануға және мемлекеттік оргадармен өзара іс-қимылды арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ технологиялық ізденістердің ғылыми жаңалықтарға ұласуын жеделдетіп, табысты нәтижелерге жол бастайды деп сенеміз.
Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе беру – елімізді өркениеттің көш басындағы әлем мемлекеттерінің қатарына қосады. Сондықтан бұл саланы мемлекет өз қамқорлығына алуы сөзсіз елімізді биікке шарықтатудың маңызды қадамы деп түсінеміз. Академия жасанды интеллект, биотехнология, ақпараттық технология, экология, энергетика және адам өмірінің сапасын жақсарту бағытында үлкен әлеуетке ие. Ендігі жерде отандық ғалымдар зерттеу жұмыстарының қарқынын үдетіп, түбегейлі ғылымға бет бұруға мүмкіндік алады.
Отандық ғылым шежіресінде академия соны ізденістер мен жаңа технологиялық салаларда маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Сол үшін де ол бүгінгі таңда Қазақстан мен одан тысқарыдағы ең беделді ғылыми мекеменің бірі болып саналады. Ал ғылыми ұйым қабырғасындағы академиктер өз салаларының жетекші сарапшылары болып келеді. Осы күнде отандық ғалымдар климаттың өзгеруі, медициналық зерттеулер, жаңа материалдар мен технологиялар әзірлеу және жаңа шәкірттер тәрбиелеу мәселесінде жемісті еңбек етіп жүр. Академияның басты міндеттерінің бірі – жас ғалымдар мен ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету. Соның өзі елде ғылымның өркен жаюына, қолайлы орта қалыптастыруға жол ашады. Әрі басқа мемлекеттермен ғылыми байланыстар орнатып, қарым-қатынастарды күшейтуге ықпалын тигізеді.
Жалпы алғанда, Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебесі ғылымды жоғары сатыға көтерудің жаңа мүмкіндігі. Мұнымен қоса ғұмырын ғылымға арнаған ғалымдардың қоғамдағы рөлін арттырады. Сонымен бірге еліміздегі ғылыми зерттеулер деңгейін жаңа белеске шығаруға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ бұл шешім «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын мысалы болып саналады.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректоры, академик