Күн райын болжаушылар биыл Алматыға көктем ерте келетінін ескерткен еді. Синоптиктердің сол сәуегейлігі орындалып, қазіргі күндері оңтүстік өңірлерде күн жарқырап тұр. Алайда Алматы сияқты таулы аймақтарда мұның да өз қатері бар. Күн жылына бастағаннан кенелер де жыбырлап оянады, жабысқан жерінен айырылмайтын жәндік адамға да, жан-жануарға да жақсылық әкеле қоймайды.
Алматыда кене энцефалитінің алдын алу таулы аймақтарда немесе саяжайлар аумағында тұратындар үшін өте өзекті. Бұл, әсіресе, Медеу, Бостандық, Наурызбай аудандарына қатысты. Сондықтан биыл мамандар кене энцефалитінің алдын алу шаралары туралы ертерек ескертуге мәжбүр болып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрігері Қанат Тезекбаев күн жылынғалы кене шағып, медициналық көмекке жүгінген науқастардың саны артқанын алға тартты. Өткен аптада ғана 52 науқас мамандардың көмегіне жүгінсе, оның 23-і – бала. Көбінесе кене шағу оқиғалары қала маңы мен тау баурайында орын алады.
Ал кене энцефалиті – тұрақты табиғи ошақтарда пайда болатын, дене қызуының көтерілуі, интоксикация мен жүйке жүйесінің зақымдануы арқылы білінетін вирустық инфекция.
«Денеге жабысып қалған кенені теріден алған кезде оның бізтұмсығының қалып қоймауын қадағалап, мүмкіндігінше тезірек алып тастау керек. Мұны травматологиядағы дәрігердің жасағаны дұрыс. Егер дәрігерге бару мүмкіндігі болмаса, дәріханада немесе кез келген басқа жерде сатылатын қысқышы бар арнайы пинцет қолдануға болады. Кенені барынша жабысқан жерінен ұстау керек, пинцетті тістеген жерінен көлденең ұстаңыз, кененің денесін айналдырған күйі алу керек. Көп ұзамай кене де теріден өздігінен шығуы керек», дейді Қ.Тезекбаев.
Кенелер адамды негізінен тері тіндері ең жұмсақ жерлері – құлақтың сырт жағы, мойын, бастың шашы бар бөлігі, шынтақтың ішкі жағы, қолтық асты, іш, шап, жіліншіктің ішкі жақтары, тізе астынан шағады. Кененің шаққаны білінбейді: жәндік жараға ауырсынуды басатын зат енгізеді.
Кене энцефалиті жәндіктің өзінен басқа, ауру ешкі мен сиырдың шикі сүтін ішу арқылы да жұғуы мүмкін. Кене көктем, жаз айларында кез келген уақытта қауіпті.
«Энцефалит вирусын жұқтырған кене шаққаннан кейін үш күн ішінде шұғыл профилактика жүргізу қажет. Дене салмағының әр 10 килограмына 1 мл дозада кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу керек немесе сәйкес кесте бойынша йодантипирин қабылдау қажет. Энцефалиттің асқынуы аса қауіпті, зардабы үлкен, сондықтан алдын алған маңызды», деп кеңес берген дәрігер бұл мәселеде басты профилактика вакциналау екенін атап өтті.
Жеке қорғаныс шараларынан басқа, мамандар ауладағы қоқысты шығарып отыру, үй жануарларының жүнін арнайы құралдармен тазалап, мұқият тексеру, кенелерді үркітетін өсімдіктер отырғызу, ескі бұтақтар мен шөп-шаламды, көгалдарды ұдайы шабу қажеттігін қаперге салды.
Кенелердің табиғаттағы жауы құстар болса, жем салғыштар орнатып қойған да жақсы, сол сияқты қоршаудың сыртына ені 100 см үгінді немесе қиыршық тас төсеп қойған да нәтижесін береді.
Өз кезегінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологі Эльвира Ибрагимова: «Алматы – кене энцефалиттің эндемиялық аймағы. Тәжірибеде кене шағуы көбінесе наурыз бен қыркүйек айларында орын алады. Тексерілген кенелердің арасында энцефалит жұқтырғандары да бар», деді.
Кене энцефалитіне қарсы егу 18 жастан бастап жүргізіледі. Оған кене энцефалитінің эндемиялық аумағында немесе сол жерде тұратын адамдар, сондай-ақ кене энцефалитінің вирусының тірі дақылдарымен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері енеді.
«Вакциналау кестесі 1-7 ай аралығымен екі егуден және бастапқы вакциналау курсы аяқталғаннан кейін 12 айдан кейін ревакциналаудан тұрады. Бірінші инъекцияны күзгі кезеңде (қазан-қараша), екіншісін 1-2 айдан кейін жасаған дұрыс», деп түсіндірді эпидемиолог.
Кене энцефалитіне душар болғандар денсаулық жағдайына қарай екі жыл және одан да ұзақ уақыт бойы диспансерлік бақылаудан өтуге тиіс. Кене шағып алғандарды диспансерлік бақылау тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымда 21 күн бойы тұрақты термометрия арқылы жүргізіледі.
Сонымен қатар сарапшы кене шаққан жағдайда оның антигендік құрамын тексере отырып, Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптама орталығында жүргізуді ұсынады. Бұл сараптама ақылы, зардап шеккендер ақылы негізде СЭСО және РСЭБ-те қан талдауын жүргізе алады.
Брифинг соңында мамандар кене шағып алған жағдайда қандай стационарларға медициналық көмекке жүгіну керектігі жөнінде кеңес берді.
АЛМАТЫ