Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов басқарма басшылары, құқық қорғау органдарымен бірге әр айдың бірінші сәрсенбісінде халықпен кездесу өткізеді. Тұрғындармен жүздесуде олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселе болса, әкімдік тарапынан шешіп беруге тырысады. Осындай жүздесу күні кеше шаһардың әкімдігі жанындағы Көрме орталығында ұйымдастырылды.
Кездесуге жиналған тұрғындар әр айдың басында осындай шара өтетінін білетіндіктен қабылдауға үлгеріп қалғысы келеді. Сондықтан бұл күнді тағатсыздана күткен.
Сұхбатқа тартқан алғашқы адамымыз Шымсити қалашығының тұрғыны Сәлима Астанақұлова болды. Өзі – мүгедек жан. Күйеуі де балдақпен жүреді. Кездесуге тұрып жатқан көпқабатты үйлерінің жырын айтуға келіпті. Айтуына қарағанда, әкімдік оларға үй берген, бірақ ешқандай жағдай қарастырылмапты. Мәселен, газ атымен жоқ. Су да, жарық та дембе-дем өшіп қала береді. Мүгедек кісілерге пандус қойылмаған. Сол себепті үйге кіріп-шығудан қатты қиналып жүргендерін айтады. Кеше электр энергиясынан ақау шығып, он сағаттай жарық болмапты. Сонда не газы, жарығы жоқ үй тұрғындары қайтты екен?! Бұл С.Астанақұлова тұрып жатқан жалғыз үйдің мәселесі емес, сол Шымситидегі 9 үйге ортақ проблема болып тұр. Осыны әкімдіктің құлағына жеткізу үшін балдақпен әрең сүйретіліп жүрсе де, күйеуі екеуі түрғындарды бастап келіпті.
Дәл осындай мәселемен базынасын арқалап келген Тұран 2 шағын ауданындағы №63А үй комитетінің төрайымы Ғалия Қайырбекованың шағымын тыңдап көрдік. Оның да басты проблемасы – жаңадан берілген үйлердің сапасының нашарлығы, коммуналдық жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуі. Өзінің айтуынша, тұрғындар қыс бойы жаурап шығыпты. Себебі батареяларға жылу жөнді бармапты. Оның үстіне үйдің қабырғалары жұқа, терезелерден үнемі жел улеп тұрады дейді. Сусорғыны да үйге есептеп қоймаған. Яғни суды қысыммен жоғары айдауға қондырғының күші жетпейді. Соның кесірінен кәдімгі суға да жарымай отырған жайлары бар. 2021 жылы үйге 20 пайыз тұрғын көшіп келсе, былтыр 60-70 пайызға қоныстанды. Алайда пайдаланғанына бір жыл болмай жатып, үйлер қирай бастаған. Ғ.Қайырбекованың айтуынша, үйдің едендері де, дуалы да қисық, кафельдері сынып жатыр. Әкімдік мәселені шешеміз дейді, бірақ созбалаңға салып жатқанға ұқсайды. Үйлер 2020 жылы тапсырылыпты, ал кепілдік мерзімі 5 жылды құрайды. Оның үш жылдан аса уақыты өтіп кетіпті. Енді қалған бір жарым жылда талабымызды орындатып үлгереміз бе деп қорқады үй комитетінің төрайымы. «Қуатжылуорталық» мекемесі қыста да, жазда да жөндеу жұмыстары деп суды өшіріп тастай береді. Бұл неғылған бітпейтін жөндеу деп ашынады ол. Оның мәлімдеуінше, үйлерді соққан – «Арт-Құрылыс» мердігер компаниясы. Әр кездескенде әкімдік мамандарының алдында бәрін қатырамыз деп уәдені үйіп төгеді де, артынша жоқ болатын көрінеді. Тұрғындар жиналып үйдің сыртын қаптап берсін, ішкі жөндеу жұмыстарын өзіміз-ақ жасай береміз деп талап қойыпты. Бірақ одан ешнәрсе шықпаған. Компания тым қымбатқа түсіп кететінін алға тартып, ол өтінішті орындаудан бас тартқан. Есесіне сыртқы қабырғаға стиз деген желім жағып жатыр екен, ал жарық жерлерді көбікпен бекітіп кетуде. Желімнің қаншалықты жылу ұстайтынын компанияның өзі де нақты кесіп айта алмайды дейді Ғ.Қайырбекова. Сондықтан мердігердің жасап жатқан тірлігіне тұрғындар күмәнмен қарап отыр.
Үй комитетінің төрайымы мынадай сұмдық жайтты да баян етті. 6 қабатта бір тұрғынның қабырғасындағы гипсокартон алынып кетіп, ар жағындағы газоблоктың бір-біріне байланыспай қаланғанын адамдар өз көзімен көрген. Содан шу шығарып, әкімдікке хабарласып қайта-қайта маза бермей, әлгі жердің газоблоктарын қайта қалатқан. Бұл – кездейсоқ байқап қалған жағдай. Басқа қабырғаларда кірпіштер қалай қаланғанын бір Құдай білсін деп басын шайқайды Ғ.Қайырбекова. Аталған үйлерді 7-8 баллға шыдас береді деген кепілдікпен беріпті. Алайда үй комитеті төрайымының айтуынша, жақында болған 3 балдық жер сілкінісінде үйлердің қабырғаларына сызат түсіпті. Терезелер де дұрыс орнатылмағандықтан, желмен бірге жаңбыр жауса болды су кіріп кете береді екен. Жертөлесіде үнемі суға толып сасып жататынын айтты.
«71 тұрғынның атынан келіп тұрмын. Осында тұратын азаматтардың көпшілігі – бюджеттік мекемеде қызмет істейтіндер, көпбалалы, жалғызбасты аналар, мүгедек жандар немесе үйінде мүгедек асырап отырған отбасылар. Олардың көпшілігі – «Бақытты отбасы» немесе «Шаңырақ» бағдарламасымен 14 жылға несие пәтер алғандар. Ай сайын қалтамыздан 80-90 мың теңге ипотеканың несиесін төлейміз. Алғашқы кезде үйлі болғанда қуанышымыз қойнымызға сыймаған еді. Үйлердің мынандай сиқынан кейін қуанышымыз су сепкендей басылды», деді Ғ.Қайырбекова.
Кенет оқыс дауыстан бәріміз төр жаққа жалт қарадық. Айқайлап жатқан бір топ әйел. Әкімнің қабылдауына кіре алмай тұр. Дәлірегі әкімдіктің жігіттері алдында кесе-көлденең тұрып алып, өткізбей жатыр. Оған әйелдер одан сайын ашу-ызаға булығып жаға жыртысуға кетті. Сөздерінен байқағанымыз, кешегі «Қасіретті қаңтарда» баласынан, жарынан, жақынынан айырылған жандар болып шықты. Екі жақты текетірестен соң бір кезде әкім оларды екінші қабатта қабылдайтын болып шешті. Алайда келгендерден санаулы ғана адам қала басшысының алдына кіре алды. Қалғандарын әкімдіктің адамдары итере жұлқып төмен қарай тықсырды.
Кездесуде мәселесін әкімнің алдына бармай-ақ шешіп кетіп жатқан тұрғындар болды. «Әділет ақпарат» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сүлеймен Қамбаровпен тілдескенімізде Қазығұрт шағын ауданынан өкіл ретінде келіп отырғанын, негізгі талабы елді мекендегі ең үлкен жол Жандарбеков көшесін жөндеу мәселесімен келгенін жеткізді. Жалпы, бұл көше қанша жылдан бері жөндеу көрмей келеді екен. Тұрғындар жиналыс жасап, хаттама түзіп әкімдікке өткізгенімен нәтиже болмапты. Ақыры аяғында тікелей әкімге арнайы хат жазған. Бүгінгі қабылдауда жолға, коммуналдық шаруашылыққа жауапты тиісті басқарма басшыларымен жолығып, олар биылдан қалдырмай, жолдарын жөндеп беруге уәделесіпті. Негізінде жол кезінде асфальтталған екен. Алайда коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымды жүргізгенде көшені қазған да артынан шағал тас төсемей кеткен. Содан соң шағын ауданда сәл жел тұрса, жарық лып етіп өшіп қала береді екен. Оның себебін тұрғындар да нақты білмейді. Оларды мазалаған осы мәселе бойынша энергетика басқармасының басшысына жолығыпты. Тиісті басқарма бір аптаның ішінде жарыққа қатысты проблеманы анықтап, ақауды жоятынын мәлімдепті.
«Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, мәселені айтпасақ, өзіміз жүгірмесек, оны ешкім білмейді де шешіп те бермейді. Біз әр көшеге жауапты адамдарды сайладық. Олар уатсап желісіндегі «Ақылдастар алқасы» тобында өздеріндегі проблемаларды баяндап отырады. Сосын мына жақта белсенді кісілер, қариялар жиналып, мәселені түйіндеп жоғары жаққа жеткізеді. Бұл – біздің қанатқақты жобамыз. Бұл Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбековке де ерекше ұнапты. Енді осы бастаманы басқа да елді мекендерге таратып, жобамызды өз тәжірибесіне алса деген үмітіміз бар», деді қоғамдық бірлестік басшысы С.Қамбаров.
Жоғарыда айтылған жайттарға қатысты Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтен жауап алған едік. Шымситидегі үйлерге байланысты айтқан мәлімдемесіне тоқталсақ, Бозарық шағын ауданындағы 5 қабатты 9 үй құрылысы 2020 жылы жүргізіліп, тұрғын үй басқармасы оларды сатып алған. Арендалық бұл пәтерлерге тұрғындар былтырдан бастап қоныстанған. Газдың жоқтығының себебі нормативтік-құқықтық актіге сай тұрғындар саны 80 пайыздан асса ғана үй табиғи газға қосылады екен. Ал қазіргі таңда ол үйлерде 50 пайыз ғана халық қоныстанған көрінеді. Ішкі-сыртқы ақаулар бойынша, оның ішінде пандус та бар, екі басқарма алдағы екі-үш күнде үйді-үйді аралап, акт түзіп, кемшіліктерді қалпына келтіретін болады. Тұран шағын ауданы бойынша, басқарма басшысы 2019 жылдан бері 88 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Кейінгі 18 үй құрылысы биыл аяқталмақ.
«2020 жылдан кейін салынған үйлердің 2027 жылға дейін кепілдік мерзімі бар. Тұрғындардың өтінішіне қарай наурыз айында талдау жүргізіп, 740 пәтерден біраз кемшіліктер анықтап, мердігер компанияға ескертулер бердік. Алдағы уақытта ақаулар толық жөнделеді», деді М.Байымбетов.
ШЫМКЕНТ