Еліміздегі үш ірі мұнай өңдеуші зауыттың бірі Шымкенттегі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС көктемнің басында жоспарға сай ағымдағы жөндеуге байланысты өндірісін уақытша тоқтатқан еді. Енді жөндеу мезгілінің бітіп, қондырғыларды қайта қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуына орай кәсіпорын бұрынғыдай қызметіне қайта кірісіп отыр. Бұл жөнінде зауыт басшылығы арнайы мәлімдеме жасады.
«Өздеріңіз білетіндей мұнай өңдеу зауытында жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 15 наурыздан 8 сәуірге дейін тұғын. Біз 7 сәуірде жұмыстардың бәрін толық бітірдік. Бастапқы мұнай өңдеу қондырғысын мерзімінен бір күн бұрын, каткрекинг қондырғысын 5 күн бұрын жөндеп қойдық. Қазіргі таңда 17 700 тонна мұнай өңдеп жатырмыз. Одан шығатын өнімдерден 6 200 тонна бензин, 5 600 донна дизель отынын, 1 150 тонна авиакерасин және 820 тонна сұйықталған газ алып отырмыз. Сәуір айына бекітілген жоспар бойынша 366 мың тонна мұнай өңдеуіміз керек. Сөйтіп, 11 мың тонна бензин, 115 мың тонна дизел отынын, 19 мың тонна авиакерасин және 15 мың тонна сұйықталған газ өндіруіміз қажет», деді «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның техникалық директоры Бақыт Ерігенов.
Зауыт бүгінгі таңда өзінің жүз пайыздық қуатына шықты. Тәулігіне 17 700 тонна мұнай өңдеу бұл зауыттың ең жоғарғы қуаты саналады. Өнімдердің барлығы да тек ішкі нарыққа жөнелтіліп жатыр. Мәселен, 10 сәуірде 1600 тонна дизель отыны, 220 тонна сұйықталған газ өндірілді. Бұл өнімдер толықтай Түркістан облысы мен Шымкент қаласының нарығына шығарылды.
Зауытты мезгілі келгенде жөндеу жұмысына қою қауіпсіздік үшін маңызды іс деп санайды компанияның техникалық директоры Б.Ерігенов. Оңтүстікте жазда күн қатты ыситын болғандықтан, мәселен, тоңазытқыштарды дер кезінде тазалап отыру қажет. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеу үшін осындай жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп отыру компанияның басты міндетіне кіреді. Негізінде ағымдағы жөндеу жылына бір рет, ал күрделі жөндеу үш жылда бір мәрте жасалуға тиіс. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін күрделі жөндеусіз үш жыл қатарынан тоқтамай жұмыс істеген. Яғни 2021 жылы соңғы күрделі жөндеуден өткен. Ал ағымдағы жөндеу биыл ғана іске асырылып отыр. Былтыр зауыт іркіліссіз өнім өндірген.
«Жөндеу жұмыстарын тезірек бітіруге асықтық. Өйткені өздеріңіз көріп отырғандай ішкі нарықта дизель отыны, сұйықталған газ жетпей жатыр. Сол үшін жұмыстарды ертерек аяқтадық. Ішкі нарықта қалыптасқан жағдайды ескере келе мамандар күндіз-түні демалмай жөндеумен айналысты. Мұның бәрі тұтынушының есебі үшін жақсы болғанымен, компанияға кішкене шығындар әкелді. Дегенмен ішкі нарықта тұрақсыздықтың туындамауы – ең басты мәселе», деді кәсіпорынның техникаға жауапты басшысы Б.Ерігенов.
Кәсіпорын жөндеу жұмыстарына кетпей тұрып нарықтың жоғары сұранысын ескере отырып, алдын ала қажетті мұнай өнімдерінің қорын жасақтап қойған. Алайда соның өзі ішкі нарыққа әсер етіп, дизель отыны мен сұйықталған газға қажеттілікті бірден сездірді.
Сонымен бірге техникалық директордың айтуынша, Үкімет тарапынан алдағы уақытта кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл былайша айтқанда еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауытына тең келеді. Бүгінгі таңда аталған жоспар пысықталып жатқанға ұқсайды. Кәсіпорынның техника саласына жауапты басшысы жобаны нақты іске асыру шамамен 6-7 жылды алатынын айтты. Жаңа кәсіпорынның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, ол мемлекеттік сараптамадан өткізілген уақытта нақты мерзімі белгілі болмақ.
Бір анығы, биыл жыл басында Шымкентке ісспармен келген еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов кәсіпорын жұмысымен танысып, алдағы жоспар туралы біраз ой бөліскен еді. Үкімет басшысы сұхбат барысында елімізде жыл сайын мұнай өнімдерін тұтыну артып келе жатқанын, әсіресе егін егу және жинау жұмыстары мен жылыту маусымы кезеңдерінде сұйық отынға деген сұраныс еселене түсетінін баса айтқан.
«Қазіргі уақытта қажеттіліктің артып келе жатқанын ескере отырып, Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізат өңдеу қуатын жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қана қоймай, сондай-ақ қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеді», деген еді Премьер-министр.
Жалпы, Үдемелі-индустриалды иннвациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасын іске асырғаннан кейін шикізатты өңдеу тереңдігі артып, мұнай өңдеу бойынша зауыттың қуаты жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайды. Және тауарлы сұйықталған газ, пропан пропилен және бутан бутилен фракциясы Еуро4, Еуро5 стандарттарына сәйкес келетін автобензин компоненті сияқты жоғары сапалы өнімдерді шығару қамтамасыз етілді. Жаңғырту зауыттың жылына 6 000 мың тонна қуатын қайта қалпына келтіруге, мөлдір мұнай өнімдерін, сұйылтылған көмірсутек газдарын өндіруді жылына 211 мың тоннаға, ал автобензиндерді жылына 1 282 тоннаға, авиациялық отынды жылына 146 мың тоннаға және дизель отынын 724 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 млн тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 млн тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі. Қорыта айтқанда, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС зауыты бүгінгі таңда ішкі нарықтың 40 пайызын қажетті мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
ШЫМКЕНТ