• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Сәуір, 2023

Қамкөңіл, мазасыз ойлар

400 рет
көрсетілді

Осынау жасқа келгенімде, айналамда болып жатқан бүгінгі келеңсіз жайларға бейжай қарай алмай, көкейімде жүрген біраз ойымды сыртқа шығармай жүре алатын емеспін. Өзімен туыс­тас, діндес, мәдениеті де аралас-құралас көршісіне әлімжеттік жасап, жерін басып алып, халқын жосадай қырып, қаңғытып жатқанда үндемей қалу аға ұрпаққа ауыр.

ХХ ғасырдағы адамзат басынан кешкен қасірет-трагедиялар сол ғасырмен келмеске кеткен шығар деп ойлаушы едім. Олай болмай, демократиясы басым ХХІ ғасырда қайта жаңғырғаны – парадокс. Шындыққа жанасатын кейбір деректерге зер салсақ, фашизммен соғыста кеңес одағы бойынша қырылған 40 млн халықтың сұрауы қайда? Ет комбинатына тоғытып жіберген мал емес қой? Не үшін қырылды? Осы орайда орыстың діншіл философы Н.А. Бердяевтің «Истоки и смысл русского коммунизма» атты еңбегі (Мәскеу, «Наука», 1990) шындыққа жетелейді.

Біздің әке-ағаларымызды, апаларымызды қан майданның небір ең қиын, сұрапыл жерлеріне салды. Елін жүйелі түрде басқара алмаған топас басшылар 30-жылдары украин халқымен қатар бізді де аштыққа, жоқшылыққа ұшыратты: асты, атты, ойларына келгендерін істеді. Халқымыздың текті ұрпақтарын қынадай қырды. Қазақ аштан қырылып жатқанда, И.Сталин мен В.Молотов 1932 жылы 8 қарашада: «ЦК и Совнарком предупреж­дают вас, что в случае, если в кратчайший срок не будет организован в республике действительный перелом в хлебосдаче, они будут вынуждены прибегнуть к мерам репрессии», дейді (ғалым Х.Әбжанов еңбегінде). Жоғарғыдағылар осылай дөңайбат көрсеткенде, жергілікті тексіз плебейлер жай жата ма?! 1929 жылы құрылған «Шалқар» кеңшарының директоры К.Железняк 1932 жылдың 14 сәуірдегі №92 бұйрығында: «На какую бы-то ни было работу, необходимо принимать людей, только из пришлых спецпереселенцев» деп, қарамағындағыларға ескерту жасап, тамыз айында сырттан келген 240 «қарашекпенді» жұмысқа алады. Кеңшардың іргесінде бұратылып аштан қырылып жатқан қазақтарды жұмысқа алмайды. Жауыздықтың шегі жоқ-ау, тіпті оларға «өлген малдың етін, терісін, қаймағы алынған сүтті бер­дің­дер» деп, жұмыскерлеріне құнын төлетеді.

Аштан қырылып жатқан қазақтарды кеңшар орталығының батыс жағындағы үлкен орға апарып төге берген. Қазір ол жерде ескерткіш тас бар. Кеңшар директорының 1932 жылы берген бұйрықтары сақталған папка, намысшыл ер-азамат Дулат Қамзебаевтың үйінде сақтаулы. Мұндай деректерді елімізде бұл күнде табу қиын, себебі жоғарыдағылар уақытында олардың көзін жойып отырған. 1916 жылы жан саны 6 млн-ға, кей деректерде 8 млн-ға жеткен қазақ 1945 жылы 20 миллионның о жақ, бұ жағында болудың орнына, қырыла-қырыла келіп, этноцидке пара-пар қасіретке ұшырап, 2 млн 400 мыңға дейін селдіреп, ел есеңгіреп қалды. Не ай­тарсың? Бұл күнде ен далада сиреп қалған бөрідей, көкке қарап ұлығың келеді. Мақтымқұлының: «Наданға ерсең, қа­раңғы көр боларсың» дегенін бастан кешірдік.

Тарихқа зер салсақ, отаршыл орыс империясының ноқайлыққа салынғаны тіпті сонау І Петр заманынан бастау алады. Жаратылысынан, әр саулықтың бұтына тап беретін бүйірі шықпаған ашқарақ, ұсқынсыз арық-тырық жетім қозыдай әрі жөргегінде жамандықпен көзін ашқан көкектің балапанындай, бұл күнде сол елдің серкесі ағынан жарыла «цап-цараптап» күндерін көріп келгендіктерін жасырмайды.

Атақты граф, ақын, драматург Алексей Толстой Ресей патшалары жө­нінде Брокгауз бен Ефрон энци­кло­педиясының 1901 жылы шыққан 23-томында: «Его поэма «Очерк русской истории» ... представляет собой юмористическое обозрение почти всех главных событий истории России, с постоянным припевом: «порядка только нет»... Поэма написана в намеренно-вульгарном тоне, что не мешает некоторым характеристикам быть очень меткими» делінген. Алып-қосары жоқ. Орыс императоры ІІ Александр 1876 жылы 30 мамырдағы жарлығымен украин халқының тілі орыс тілінен VI-VII ғасыр бұрын белгілі болса да, орыстандыру мақ­сатында оларға өз ана тілінде сөйлеуге тыйым салған.

Ф.И.Тютчевтің: «До Петра Великого одни панихиды, а после Петра Великого одно уголовное дело» деуі көрегендік екенін пайымдайсың. Өйткені Ресей бұ­рынғы кеңестік кеңістіктегі егемендігін алған елдерге өктемдік жасауын қояр емес. Осындайда ақын Сүйінбай Арон­ұлының:

«...Жаманның кеудесі үлкен,

сөзі кесек

Ақылы ауысқан адамның

жындысындай...

...Соқтығып әркімге бір ұрынады

Сиырдың тентек болған танасындай» дегені еске түседі.

Ресейдің кейбір әпербақандары «біз, орыс ұлты, айрықша өзгеше жаратылған халықпыз, қанымызда басқа халықтарда кездеспейтін ғажайып ерекшелігіміз – бір хромосомамыз артық» деп кеуде қағып, бөседі. Хромосомалар тақ емес, жұп болушы еді. Есі түзу адам баласының геном қанында 23 жұп хромосомасы болады емес пе?! Астамшыл, хромосомашыл шо­винистерге әлі күнге дейін бірде-бір генетик тиісті жауабын берген жоқ. Қаймығып, қорқатын болар. «Иттердің тегі – тәкаппар, дербес мінезді, қайсар қасқырдан өрбитініне қарамай, адамзат оларды өздерінің қажетіне қарай сұ­рыптап, баулып әрі тегінен аздырып, өздеріне тәуелді жағымпаз етіп, содан барып қандарындағы геном хромо­сом­дарының бір-біріне сәйкес келе бер­мейтін 400-ден аса түрін шығарды. Олардың ішінде, өздерінің шыққан тегі – арғы атасы қасқырға жаны қарсы, өліспей-беріспейтін, көзқаманды тұ­қымдарын да қосыңыз.

Қазақ болып туғанына намыстанатындарды да көзіміз көрді. Кезінде Дала генерал-губернаторлығын басқарған Т.М.Сперанский: «Қазақтарды зорлап шоқындырудың, Иванов, Петров қылу­дың қажеті жоқ әрі күмәнді. Бұларды ұлтсыздандырудың тура жолы көптеп орыс мектебін ашып, ұрпақтарын орыс тілінде оқытсақ, өздерінен өзі орыстанады» деуі, оның көрегендігінде жатса керек. Бұған дәлел, былтыр «АиФ» газетін оқып отырып, бір саясаткерсымақтың: «Если человек говорит и думает по русски, и если его поступки определяются мировоззрением основанном на русской культуре и истории – это русский человек, часть русского народа» деуі Сперанскийдің ойы­ның жүзеге асқандығына айғақ болса керек.

Тірісінде адал ниетті ұлы жан – «Махатма» атанған, Үндістан халқының көсемі Махатма Ганди: «Я всегда думал, что те индийские родители, которые с ран­них лет приучают детей думать и говорить по-английски, предают и детей, и свою страну. Они лишают своих отпрысков духовного и социального наследия нации, делая их неспособными послужить Родине … это моё убеждение, подтверждённое опытом только окрепло?», дейді естелік өмірбаянында.

Орыстанып бара жатқанымыздың белгісі, қазақ ұлты үшін басын бәйгеге тігіп, құрбан болған Алаштың белді аза­матының бірі Жүсіпбек Ай­мауытұлының баласы «Қарттар үйін­де» тұрып, сол мекеннен бақиға озғанда, христиан зиратына жерленуін қалай түсінуге, немен түсіндіруге болады? Айдауда жүріп көз жұмған ұлт көсемінің бірі – Міржақып Дулат­ұлының сүйегін елге әкелгенде, жо­ғарыда отырған «өңкей қиқымдар» мемлекет дәрежесінде жөндеп қарсы ала да алмады. Қазір сүйегі айдалада жатыр десе де болады. Алаш көсемдері темір­қазығымыз емес пе? Осының бәрі мы­сымыздың басылып, басымыздың өспей, тоза бастағанымызға дәлел болса керек.

Отан – қанымызға сіңген, қазақтың әр отбасынан бастау алатын теңдесі жоқ ұлы қасиет. Әйтсе де, елімізде бәрімізге ортақ ұлттық идеологиямыздың жоқ­тығынан, көнеден келе жатқан мәде­ниетімізден, бар болмысымыздан айырылып, тоз-тозымыз шығып, еркіндік алған заманда, іштей көбеміз сөгіліп, азып бара жатқандаймыз. Ұлттық кадр даярламай, «көшеде қаңғып жүрген пақырды, әкім бол деп шақырдының» керін келтіріп, сүймен жұтып, орысша шүлдірлеп, құлқынынан аспайтындар қаптап кетті. Сондай-ақ қандастарымыз басқа дінге кіріп, жоғары оқу орындарын аралап, көше кезіп, дінбұзар кітаптар таратып жүрсе, бұған неге тыйым салынбай отыр?

Осылай, бос белбеу халде жүре берсек, ұлттық намысқа жетелейтін қа­сиет­­терден жұрдай қалып, жікке, руға, дінге, тілге бөлініп, қазақтың киелі қара шаңырағы опырылып кете ме деген қауіп бар. Оның бір ұшы ел бесігі – ауылымыздың дамымай қалуында жатса керек.

Бойдақтар қатары көбейіп, отбасы деген ұлы қасиеттен айырылып, Еу­ропа халықтарына еліктеп, қол үзіп бара жатқандаймыз. Оған қоса кейбір шо­винистердің орыс тілінің үстемдігін сақтағысы келіп, астыртын интервенция жасауы да өз «жемісін» беріп келеді. «Жа­ным – арымның садағасы» деген теңдесі жоқ ұғым ұмыт қалып, ата-анасын сыйламайтын, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет жасамайтын ұрпақ өріп жүр. Сондай-ақ материалдық дүниеге аңсары ауып, түйені түгімен жұтатындар қатары көбейіп барады.

Мақтымқұлының осыдан 270 жыл бұрын жазған:

«Ақылдының мал жиюға ебі жоқ,

Ақылсыздың мал жиюдан кемі жоқ.

Пайғамбардай адамдар бар

Мінетін есегі жоқ.

Есектей де адамдар бар,

Малының есебі жоқ»,

– дегені біздің қоғамдағы кейбір жандарға қарата айтылғандай.

АҚШ-тың 32-президенті Рузвельт Франклин Делано 1920-жылдардың аяғы мен 1930-жылдардың басында елін дағдарыстан шығару үшін әлеуметтік экономикалық мәселелерді шешуде аграрлық жерлерді көркейтуден бастаған жоқ па? Бізге тегін өнім беретін, асырайтын қыруар ен даламыз неге төрт түлік малсыз құлазып қалды? Басымыздың өспеуі де содан. Соңғы деректерге сүйенсек, әрбір қазақ отбасына бір жарым баладан келетін көрінеді. Ертеден қанымызға біткен ұлттық кодымыз көп балалы болу емес пе еді? Бұл да ой­ланарлық мәселе. Қысқасы, біз бо­дандық бұғауынан босағанымызбен, отар­лықтың ғасырлар бойы санаға сіңген зардабынан құтыла алмай келеміз.

Мұсылманбыз деп жүрсек те, бізде де имансыздық үрдіс аңғарылып қалады. Оның үстіне тек құлқынын ойлайтын жалған демократтар партия құрып, халық қазынасына ауыз салып, «жаңа қазақ» атанып, байығанның үстіне байып жатыр. Содан барып, адал, тәрбиелі, ойлы, өмірде тоқығаны бар адамға бүгінгі қоғамда қызмет етіп, өмір сүру қиын болып барады. Әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктің кесірінен қоғам жік-жікке бөлінгені қасірет. Өз Отанында жүрген қарапайым жанды қолдайтын жүйелі заң­дылық әлсіз, қатардағы азаматтың конституциялық құқығына кепілдік беру аңғарылмайды. Неміс философы Макс Штирнер: «Рука, полная силы, может сделать больше, чем целый мешок набитый правами», – дегенді бізге қаратып айтқандай. Шындық жоқ, жоғарыдан төмен қарай ұрлық-қарлық, трайбалистік, сыбайластық, жемқорлық, жегідей жеп барады. Жағалай алдау, екіжүзділік таза, адал адамдарды азапқа салып, ұлт­тың зерек жастарын, дегдар адамдарды тығырыққа тіреді... Бұл мәселенің мәніне бойлау жауапты орындардың да, дін саласының да қаперіне кірер емес. Айналада мәймөңке бос сөз. Соның салдарынан қоғамымызда арам шөп сияқты адамдар тамырын кеңге жайып, қаулап барады. Тектілік, ұлттық қасиет және де тек өзімізге тән далалық ар тазалығы сынды демократияның ізі көмескіленіп бара жатқандай.

Бұрын ата-бабамыз баласын тағдыр тәлкегіне тастаушы ма еді? Тәуел­сіз­діктің елең-алаңында балаларымызды көзіне жас, жанына қайғы толтырып, шетелдіктерге беріп жібердік. Бұрын-соңды тарихымызда мұндай қатыгездік болмап еді, түске де кірмейтін. Текті едік. Біз атам заманнан бері үйінде қариясы мен баласы бар отбасын бақытты санап келіп едік. Шетел миссионерлері: «Шоқындыруға ең қолайлы халық – қазақ пен қырғыз» дейді екен. Масқара емес пе?

Шетел асқан әлгі қазақ жетімектерін асырап отырғандар христиан миссио­нерлері көрінеді. Олар болашақта бала­ларымызды бізге қарсы қойып, шо­қындыруға қолданбақ. Мұншама азғын­дауға не себеп? Сайын даладағы киіктен жаман болғанымыз ба? Олар құралайын жетім қылмайды ғой. Киіктің енелері жетім қалған лақты өз лағымен кезек емізіп, қатарға қосады.

Сөзінде пәтуа, береке жоқ, ісінде тиянақты шешімі жоқ, үлкендер жа­ңылып, кішілер наным-сенімсіз адасып жатқан қатыгез заманда, осы ойымды ағалық ақ ниетпен «жастар ой елегінен өткізсе» деп жазып отырмын. Оқырманға аманатым: әуел бастағы қазақ халқының айбыны, намысшылдығы қайта түлеп, теңдесі жоқ агглюнативті тілін сақтап, экономикасы мығым, ешкімге бас имейтін қайратты, бай тарихын әлемге танытып, азаттығының тұғырын биікке көтерсе екен деген тілек. Сонда автохтонды топырағымызбен кіндіктес әр азаматымыз кез келген өңірде өзімсініп, «қарға тамырлы», «еншісі бөлінбеген» деңгейге қайта көтеріліп, басымыз өсіп, бақытты да бақуатты елге айналар едік.

 

Қасым ТӘУКЕНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері