Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 12 сәуір − Ғылым күніне орай ғылыми қызметкерлерге құттықтау жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Құрметті әріптестер, қадірлі достар!
Бүгін біздің кәсіби мерекеміз – Ғылым қызметкерлері күні. Осыған орай барша ғалымдар мен зерттеушілеріміздің дүниені тануға деген ұмтылысын, олардың зияткерлік күш-қуатын, ғылыми жаңалық ашудағы үлесін ерекше атап өткім келеді.
Қазақстанның ғылыми қауымдастығы – қисыны қиын ғылыми мәселелерді шешуге қабілетті, зерттеу саласының жарқын бағытын айқындатын шабыт пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Ел алдына қойылған ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық сұрақтарды шешуде фундаменталды да, қолданбалы ғылымның рөлі ерекше.
Ғалымдар, оқытушылар, зерттеушілер мен ғылымның өзге де қызметкерлерінің біліктілігін, кәсіби жұмысын мақтан тұтамыз.
Министрліктің және өз атымнан ғалымдар мен зерттеушілерге, ғылым саласына жақын барша ұжымға алғысымды білдіремін. Ерен еңбектеріңіз бен тәжірибелеріңіз – еліміздің өркендеуінің баға жетпес қайнар көзі!
Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Жаңа белестерді бағындыруды, жаңа жетістіктер мен инновациялар тілеймін! Қазақстандық ғылымның дамуына қосқан үлестеріңізге алғыс білдіремін!», делінген хабарламада.