Астанада күн райының жылынуына байланысты жол жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары кезінде көше учаскелері ішінара жабылады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта елордада онға жуық көше учаскесіне жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Олардың қатарында Панфилов, Кенжин көшелері, Жеңіс даңғылы, Жұмбақтас тұйық көшесі және басқалары бар.
Мұнда қозғалыс ішінара немесе толығымен шектелген.
Айта кету керек, 2023 жылы жалпы ұзындығы 54,3 км болатын 72 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, оның 44-і ұзындығы 40 км болатын орталық көшелер, 28-і қаланың елді мекендерінде орналасқан.
Мәселен, Әл-Фараби даңғылы Алаш көпірінен Пушкин көшесіне дейін, Уәлиханов көшесі Бөгенбай батыр даңғылынан Кравцов көшесіне дейін, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы Мұстафин көшесінен Қошқарбаев даңғылына дейін, «Тұлпар» көпірі, Тұран даңғылы Қорғалжын көшесінен Сарайшық көшесіне дейін және т.б. учаскеде жөндеу жүргізіледі.
Сонымен қатар биыл елордада ұзындығы 13 км болатын 31 көше салынады, төрт көше бойынша жұмыс толық көлемде аяқталады, 19 көше бойынша жалғасады, тағы сегізі енді басталады.