Жетібай кен орнындағы ұңғымада монтаждау кезінде апат болды. Оқиға салдарынан бір жұмысшы қаза тапты, тағы біреуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға орнына жедел түрде Маңғыстау ауданының полиция қызметкерлері барды. Жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізеді. Оқиға туралы жедел түрде Маңғыстау облысының Еңбек басқармасына, арнайы тергеу жүргізу үшін Маңғыстау облысының индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментіне хабарлама жіберілген.
Маңғыстау облысының Еңбек басқармасы басшылық ететін комиссия құрылды.
«Жазатайым оқиға бойынша тергеуді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы жеке бақылауға алды. Тергеу белгіленген мерзімде жүргізіліп, кінәлі адамдар Қазақстан заңнамасына сәйкес жазаланады», деді компания өкілдері.