• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2023

Шағын қаладағы жастардың шаттығы

218 рет
көрсетілді

Қарағанды өңірінде жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық несие биыл тағы жалғасын тапты. Жүйе былтыр бастау алып, Қарағанды қаласының басынан 92 жас пәтерлі болған еді. Ал биыл бағдарламаның ауқымы кеңейді. Ол енді тек Қарағандымен шектелмейді. Теміртау қаласының жастары да бұл бағдарламада бағын сынауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта бұл ауқым тіпті кеңейе түспекші. Жыл соңына дейін жастар бағдарламасы Балқаш, Саран секілді қалаларда жүзеге асады. Моноқалалардың мұндай бағдарламада қамтылуы республикада бірінші рет жүзеге асқанын атап өткен жөн.

Өткен жылы «Қарағанды жастары» бағдарламасына об­лыс­тық бюджеттен 1 млрд, «Отбасы банкі» 500 млн теңге бөлген еді. Соның арқасында қарағандылық 92 жас маман баспаналы болды. Ал биыл бұл бағдарламаға 3,5 млрд теңгеге бөлініп, 196 несие беріл­ге­лі отыр.

Шарты бойынша бағдар­ла­маға 35 жасқа дейінгі жас­тар қатыса алады. Ол үшін оның бір жылдан кем емес еңбек өтілі болуы шарт. Ипотека­лы­қ бағдарлама аясында ден­сау­лық сақтау, білім беру, мә­дениет, спорт, бұқаралық ақ­парат құралдары, жоғары оқу орындары және әлеуметтік сала қызметкерлерінің баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Биыл бұл тізім тағы толықты. Енді жеңілдетілген баспана үшін коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері де өтініш бере алады.

– Бұл игі бастамаға рес­пуб­лика бойынша алғаш болып, біздің облысымыздың моноқалалары да қосыла бас­тады. Мәселен, қазіргі таңда Теміртау қаласында өтініштерді тіркеу қарастырылуда. Ал жыл соңына дейін бұл тізімге Балқаш пен Саран қалалары да қосы­ла­ды, дейді жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының басшысы Рауан Таран.

Берілетін қарыздың ең жоға­ры сомасы – бұрынғысынша 20 млн теңге. Үміткердің қарыз сомасының кемінде 10% шамасында бастапқы жарнасы болуы тиіс. Баспана 5%-бен рәсімделеді. Қарыздың ең ұзақ мерзімі –19 жыл.

Баспананы жаңа, әрі қайта­ла­ма нарықтан таңдауға рұқсат. Қайталама нарықтағы тұрғын үй құрылысының салынған жылы 1973 жылдан төмен болма­уы қажет. Ипотекалық қарыз беру туралы шешімді арнайы комиссия бағдарлама шарттарына сәйкес шығарады.

 

Қарағанды