Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын.
Осы орайда мегаполистің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында спорт саласын дамыту мәселесі қамтылған. Осыған байланысты нақты көрсеткіштер мен индикаторлар белгіленген. Соның тізбесінде халықты жалпы спортқа тарту жоспары 4 бағытқа негізделген.
Біріншіден, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың елу пайызына дейін жеткізу мақсаты тұр. Екіншіден, қала тұрғындары мың адамға арналған спорттық инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуге тиіс. Үшіншіден, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Төртіншіден, спортқа құмар жастар (14-18 жас) санын көбейту жоспары тұр.
Меженің орындалуына келсек, былтырдың қорытындысы бойынша қаладағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 498 852 адамды (42%) құрады. Сондай-ақ өткен жылы «On Fit» спорт кешені, «World class-2» спорт кешені, «Urpaq» спорт нысаны, «Turan ГXA» спорт нысаны пайдалануға беріліп, халықты спорттық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайызға орындалды. Қазіргі уақытта қала аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 15 644 мүгедек тұрады, оның 2 036-ы спортпен шұғылданады. Соңғы жоспарға сәйкес бүгінде 45 мыңнан аса жас спорт үйірмелеріне барады.
«2023 жылдың І тоқсанында өткізілген бұқаралық спорттық іс-шаралар туралы айтсақ, қала мектептері арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сияқты спорт түрлерінен наурыз-маусым айлары аралығында 526 команда құрамындағы 6 240 бала қатысатын «Шымкент жастар лигасы» өтеді. Сондай-ақ биыл заманауи атшабардың ашылуына және «Наурыз Шымкенттен басталады» атты ауқымды мерекелік іс-шараға орай спорттың 9 түрінен (қазақ күресі, бәйге, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, асық ату, теңге ілу, аударыспақ және тоғызқұмалақ) «Great qazaq games» ұлттық ойындары өткені белгілі. Ұлттық ойындарға еліміздің әр өңірінен және шетелдерден жалпы мыңнан аса спортшы қатысты. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Польша, Сауд Арабиясы, Түркия мемлекеттерінен де өрендер болды» деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев.
Шымкентте жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Осы спорт ұйымдарында 18 242 спортшы мен штаттағы 906 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Балалар мен жасөспірімдер аталған мекемелерде спорттың 75 түрі бойынша жаттығады. Оның 37-і олимпиадалық, 28-і олимпиадалық емес және 10-ы ұлттық спорт түрлеріне кіреді. Жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2023 жылдың 3 айдағы жеткен нәтижелері жайлы баяндасақ, қала спортшылары Қазақстан Республикасының бірнеше чемпионаттарына қатысып, 185 алтын, 182 күміс, 180 қола медаль жеңіп алды. Жалпы медаль саны – 547. Азия чемпионаттарында шымкенттік өрендер 6 алтын, 9 күміс және 10 қолаға қол жеткізсе (жалпы 25 медаль), осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 1 қола медальға ие болды. Мәселен, 2023 жылдың 16-27 қаңтары аралығында Бангкок қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында 57 кг салмақта Сабырхан Махмуд 1-орын, 67 килода өнер көрсеткен Абзал Серік 2-орын және 75 кг салмақта шаршы алаңға шыққан Дидай Дана 3-орынды иеленді. Осы салаға жауапты басқарманың берген мәліметіне сәйкес биыл 3 айдың қорытындысы бойынша Еңбегі сіңген 1 спорт шебері, 5 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 29 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 46 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Сонымен қатар Ұлттық құрама сапындағы ересектер құрамасына – 427, жастар құрамасына – 353, жасөспірімдер құрамасына 331 спортшы енді. Жалпы, 1 111 спортшы Ұлттық құрама ішінде ел намысын қорғайды.
Өз кезегінде халықты саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеу мақсатында қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Мұнан өзге, шаһардағы танымал спортшылардың жастармен кездесуін өткізу, спорттық бейнероликтер дайындап әлеуметтік желілерге жариялау жұмыстары жүргізілмек.
«Басқармаға спорт саласына қатысты түскен хаттамалық тапсырмалар бақылауға алынып, барлық жоспарды тұрақты орындап келеміз. Өз кезегінде қала әкімі М.Әйтеновтің халықпен кездесуінде осы салаға қатысты бірнеше мәселе көтерілген болатын. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азамат, спортшы Е.Қалымбетовке 1-қабаттан 2 бөлмелі пәтер алып беру керек болған. Бүгінгі таңда бұл мәселе өз шешімін тапты», деді басқарма басшысы Б.Тұманбаев.
Сондай-ақ биыл 17 қыркүйек күні 5 мыңнан аса қала тұрғынының қатысуымен «Шымкент марафон» спорттық іс-шарасын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қала жасөспірімдері арасында футболдан чемпионат, мемлекеттік қызметшілер, медицина, құқық қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында спартакиада, ұлттық спорт түрлерінен мектеп оқушылары арасында жарыс, Шымкент қаласының қыздар арасында футболдан чемпионат өткізу жоспарланып, аталған спорттық іс-шараларға 42 мың қала тұрғыны мен спортшылар қатысады деп күтілуде.
Биыл халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған 3 спорттық нысан ашылады деп жоспарланған болса, жыл басынан бері екі нысан ашылып, пайдалануға берілді. Солардың бірі – үстел теннисі спорт кешені. Құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізді, нысанның жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді алып жатыр. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Мамандандырылған залда 12 үстел қарастырылған және тек аймақта ғана емес, республика көлеміндегі теннисшілер жарыстарға дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, турнирлер ұйымдастыра алады. Жобадағы үшінші нысан – «Металлург» стадионы. Қазіргі таңда стадионның реконструкциялау жұмыстары аяқталуға таяу. Жоба құны – 3 813,5 млн теңге. Жаңартылған нысанда спортшылар үйі, ойын түрлеріне арналған 2 спорт зал, жекпе-жек спорт түрлеріне арналған 2 спорт зал, 1 504 орындықты футбол стадионы қарастырылған.
Қайта қалпына келтіру жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылдың наурыз айында қолға алынған. Мердігер мекеме – «Югстройсервис-Н» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Нысанның құрылысына 60 жұмысшы, 5 техника жұмылдырылған. Құрылысты жыл соңына дейін тапсыру көзделуде. Айта кетейік, спорт кешені өткен ғасырдың 70-жылдары салынған және 2017 жылы әкімдік балансына өткен. Жоспарға сай мұнда тек футбол ғана ойнап қоймайды. Сонымен бірге спорттың 11 түрімен айналысады. 1500 адамға арналған мінбер бар, сондай-ақ әкімшілік-тұрмыстық корпус, командалық ойындарға арналған спорт залдар мен Шымкентте тұңғыш рет Спортшылар үйі ашылады.
«Бұқаралық спорттың даму қажетті спорттық инфрақұрылымға байланысты. Қалада статистикалық есеп бойынша 1 077 спорттық нысан болса, соның 150-і – жекеменшікте. Биыл 6 спорт нысанының құрылысы жүргізіледі. Бұл – Тұран шағын ауданындағы «Теннис орталығы», №15 спорт мектебінің спорт кешені және жеке кәсіпкерлер есебінен салынатын спорттық нысандар. Бұдан бөлек, мегаполистегі Қажымұқан атындағы орталық стадион қайта жаңғыртылады. Шымсити аумағынан көпфункционалды «Шымкент арена» спорт кешені бой көтереді. Кейінгі екі жобаның жүзеге асырылуы келешектің еншісіне қалып отыр. Ал әзірге шаһардың 5 ауданын толық спорттық секциялармен қамтамасыз ету бойынша арнайы карта әзірленді. Соның нәтижесінде, тиісті спорттық инфрақұрылымы жоқ аумақтар анықталды. Олардың қатарында Достық, Асар-2, Қайнарбұлақ, Сәуле, Текесу, Бадам, Оңтүстік, Маятас, Тоғыс, Сұлтанрабат, Тұрдыабад, Базарқақпа, Жұлдыз, Қарабастау секілді елді мекендер бар. Қазіргі уақытта аудан әкімдіктерімен бірлесіп спорт нысаны құрылыстарын жүргізу үшін жер телімдерін қарастырып жатырмыз», деді басқарма басшысы Б.Тұманбаев.
ШЫМКЕНТ