• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 18 Мамыр, 2023

Химия өнеркәсібі: қабілет пен қарқын

456 рет
көрсетілді

Ұлттық экономикамыздағы химия өнеркәсібінің рөлі жылдан жылға артып келеді. Оның әсері металлургия, ауыл шаруашылығы, құрылыс сынды негізгі салалардың дамуынан, олардың өнім өндіру мүмкіндігінен мейлінше байқалады. 

Былтыр еліміздің химия саласында жалпы сомасы 54,6 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылды. Олар толық қуатына шыққанда 310 млрд теңгенің өнімін өндіруі тиіс. Ал биыл жалпы сомасы 58,1 млрд теңгені құрайтын тағы 14 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында металлургия өнеркәсібіне қажетті эмульсиялық жарылғыш заттар, еріткіштер, химиялық реагенттер шығаратын зауыттар бар. Тұтастай алғанда болашақта химия саласында 6 трлн теңгеге 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асы­рыл­мақшы. Бұл өз кезегінде 14 мың­ға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді.

Химия өнеркәсібіне байланысты жобалардың едәуір бөлігі Жамбыл облысында шоғырланған. Олардың дені минералды тыңайтқыштар мен хлор сілтілі өнімдер, кальций хлориді, каль­ций­лендірілген сода сынды бейор­га­никалық химия өнімдері өндірісіне арналған.

Сонымен қатар мұнайлы өлке Маң­ғыс­тауда химия өндірісі бойынша 13 жоба қолға алынған. Атап айтқанда, бұл өңірде жасыл сутегі, аммиак, карбамид және биопротеин өндіретін өндіріс орындары іске қосылады деп күтілуде. Каустикалық сода, кальцийлендірілген сода секілді негізгі химиялық өнімдерді өндіруге маманданатын жаңа өндірістер түрлі салалардың дамуына серпін беруі тиіс.

Былтыр химия өнімдерін өндіру 2021 жылмен салыстырғанда 7,6 па­йызға өсіп, 908 млрд теңгеге жетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең жо­ға­ры көрсеткіштердің бірі. Химия өнер­кә­сібінде мұнай-химия өнімдері (32,9%), тыңайтқыштар (12,4%) және ор­га­никалық химиялық заттар (11,1%) жетекші орынға ие. Химия өнеркәсібі экономиканың басқа салаларын қажетті материалдар өндірісімен қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестициялар тартуға, экспортты ұлғайтуға ұйытқы болуда. Химия саласының өнеркәсіпке құйылған инвестициялардың жалпы көлеміндегі үлесі 3,2%-ды, өңдеу өнер­кәсібіндегі үлесі 15%-ды құрайды. Былтыр салаға 230 млрд теңге инвестиция салынған. Дегенмен бұл алдыңғы жылға қарағанда екі есе аз (2021 жылы – 462,6 млрд теңге). Сонымен бірге бағалау мәліметі бойынша өткен жылы еліміз 262,9 млрд теңгенің химиялық өнімін экспорттаған. Ал импорт үлесі – 332,3 млрд теңге.

Бүгінде химия өнеркәсібін жаңа деңгейге шығарудың маңызды факторы – стратегиялық инвесторларды іздеу мен тарту. Экономикалық үдерістерге сай инвесторлар бірқатар өндірістерге назар аударуы керек. Мысалы, мамандардың айтуынша, еліміздің батыс аймағында шамамен 6 млрд тонна калий тұздарының қоры бар. Ендеше мол шикізат базасын, ауыл шаруашылығы тарапынан жоғары сұраныс пен тұтынудың өсу әлеуетін ескере отырып, калий тыңайтқыштарын өндіру инвестициялаудың тар­тымды бағыты бола береді. Азотты тыңайт­қыш­тардың ең танымал қатты түрі са­налатын карбамидке тек бізде ғана емес, жақын және алыс шет елдер­де де сұраныс бар. Сол секілді рес­публикамызда түйіршіктелген каус­тик­тің тұрақты тұтынушылары бар екенін ескерсек, бұл өндіріс те инвес­тициялау үшін перспективалы болып табылады. Қолданыстағы және әлеуетті ірі химиялық кәсіпорындарды назарға ала отырып, алдағы 5 жылда ішкі нарықта тұтынудың өсуі 450-500 мың тонна деңгейінде болжанатын кальцийлендірілген сода да басымдыққа ие. Сондай-ақ аммоний сульфатын өндіру оның өнеркәсіптік ауқымының болмауына, импортқа тәуел­діліктің жоғарылығына және ши­­кізат компоненттерінің жеткілікті кө­ле­міне байланысты инвесторлар тара­пы­нан қаражат салу үшін тартымды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, елімізде агрохимияның дамуы­на үлкен мән беріліп отыр. Бұл салада бізде аммофос, сары фосфор секілді базалық агрохимиялық өнімдер бар. Бұл өнімдерді «Қазфосфат» зауыты шығарады. Сол секілді қуаты 400 мың тоннаға жететін «ҚазАзот» зауыты азот тыңайтқыштарын өндіреді. Осындай мүмкіндіктерді есепке алсақ, агрохимия өндірісін 10 есеге дейін арттыруға болады. Оған қоса күрделі минералды тыңайтқыштарға да ден қою керек. Бұл үшін бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ «ЕуроХим» және «Қазфосфат» компаниялары өндірістік қуатын бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр.

Жалпы алғанда сала қарқынды даму жолына түссе де, өндіріс ресурстарын пайдалану тиімділігінің төмендігіне, білікті кадрлардың жетіспеушілігіне және экологиялық проблемаларға байланысты бірқатар қиындықтар шешімін таппай отыр. Химия саласының бүгінгі жай-күйі мен болашағы жуырда елордада өткен Өңдеу апталығы аясында талқыланды. Химия өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған конференцияда саланың қазіргі ахуалы, жаңа жағдайда заңнаманы жетілдіру талаптары, жұмыс істеп тұрған химия кәсіпорындары мен инвестициялық жобаларды қар­жыландыру тетіктері сарапталды. Өнер­кәсіп өкілдеріне, өз қызметінде химияны пайдаланатын компанияларға рұқсат беру құжаттарындағы инновациялар және химиялық өнім айналымының қауіпсіздік талаптары туралы айтылды. Қатысушыларға жақын арада қабыл­дау жоспарланған Еуразиялық экономикалық одақтың «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті таныстырылды. Салалық бірлестіктердің өкілдері болып табылатын бірқатар сарапшылар кәсіпорын өз қызметінде отандық шикізат пен дайын өнімді пайдаланған жағдайда мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту қажеттігін айтты. Олардың пікірінше, атаулы мемлекеттік қолдау өңдеуші инновациялық өндірістердің тиімді дамуын қамтамасыз етеді, импортқа тәуелділікті азайтып, елдің жалпы ішкі өнімінің өсуіне оң әсер береді.

Сондай-ақ жиында шетелдік шикі­зат­қа жоғары тәуелділік пен тап­шы­лық салдарынан оны жеткізудің күрделігіне, жабдықтардың жоғары құнына байланысты химия өнеркәсібінде инновация­лар мен жаңа технологиялар енгізудің төмен деңгейіне назар аударылды. Бұл ретте ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен химия саласы өкілдері арасында өзара диалог орнап, шешімдерді бірлесіп әзірлеу, жаңа технологияларды енгізу мен жоғары сапалы өнім шығаруға ықпал ету мақсатты үрдіске айналған. Толғандырған мәселелерді ортақ алаңда ой талқысына салу бизнеске мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, даму институттарының өкілдеріне өзекті сұрақтарды тікелей қоюға және қажетті түсініктеме алуға мүмкіндік береді.

«Химия өнеркәсібінің салалық қа­уым­­­дастықтарымен, химиялық кә­­сіп­орын­дармен жүйелі байланыс жол­ға қойылған. Өнеркәсіпті дамыту, кә­сіп­орындарымыздың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақса­тында бірлесе тиімді жұмыс істеп келеміз. Химия саласының мүдде­сін қозғайтын заңнамалық негізді же­тіл­­діру, жаңа реттеуші құралдарды қатаңдатуға және енгізуге жол бермеу бағытындағы ортақ іс-қимылды ерек­ше атап өту қажет. Ұлттық палата химия өнеркәсібіндегі отандық тауар өндірушілерді қолдауды өзінің басымдықтарының бірі ретінде қарас­ты­рады. Нақты нәтижелер қата­рын­да тасымалдың барлық түрімен ел аумағынан аммиак селитрасы мен аммофосты әкетуге тыйым салынғандығын атап өтуге болады. Қазір тауарларға жол-таңбалау материалдары мен лак-бояу өнімдерін ұлттық режімнен алу мәселесі жан-жақты пысықталуда», деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­ла­тасының өкілі Мұрат Әмірин.

«КаzХимия» химия өнеркәсібі қауым­дастығының атқарушы директоры Томириз Арыстанова ел аумағын­дағы химиялық өндірістерді лицензиялау мәселесін көтерді. «Лицензия алуға біліктілік талаптарында арнайы қой­малар, шикізатты сақтауға арналған үй-жайлар, аккредиттелген зертханалар, техникалық басшылардың білікті құрамының болуы туралы талаптар бар. Бұл талаптар ірі өнеркәсіп кәсіпорындар үшін жараса, өндірісте улы және қауіпті химиялық заттарды қолданбайтын орта және шағын кәсіпорындарға қолайсыз», деді ол.

«Dasco Consulting Group» жобалық менеджері Салтанат Нұрбосынова түрлі қолдау шараларына қарамастан хи­мия­лық саланы қаржыландыру әлі де аз деп санайды. «Қазіргі кезде жасыл технологияларды енгізу таңдау емес, қажеттілік болып отыр. Алайда салаға қаржы жеткіліксіз, жаңа технологияларды енгізу мен ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша мүмкіндіктер шектеулі. Саланың даму деңгейі инфля­ц­ия­ның өсу қарқынына қарағанда баяу жүруде», деп атап көрсетті спикер.

Қауымдастық өкілдері маңыз бергендей, дамыған елдерде химиялық өндірістерді реттеу ықтимал тәуекел негізінде жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл тәсіл химия саласындағы аз тонна­лық өндірістердің дамуына септігін тигізіп, химиялық кәсіпорындарды құру үдерісін қауіпсіздікке нұқсан келтір­местен түсінікті әрі қолжетімді етеді.