• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Энергетика 18 Мамыр, 2023

Газ саласы: Жаңару жолындағы жауапкершілік

324 рет
көрсетілді

Кез келген ел өзінің әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартудың бір факторы ретінде газ саласын дамытуға маңыз береді. Біз де халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін тиімді реформаларға, сапалы өзгерістерге мүдделіміз. Осы орайда Президенттің газ саласы бойынша берген тапсырмалары қалай орындалып жатқандығы жөнінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы таратқан мәліметтермен бөліскелі отырмыз.

Соңғы он шақты жылда елдегі газ тұтыну көлемі 9-дан 21 миллиард­­­­­­ текше метрге де­йін өссе, газдандыру дең­гейі 59 пайызға әрең табан тіреді. Нәтижесінде, қазіргі тұты­ну­дың белсенділігі мен 2000 жылдан бері өспеген газ қоры тап­шы­лық­қа әкелді. Тауарлық газдың жетіспеушілігіне газ тасымалдау желілерінің тозуы қосы­лып, энергетикалық қауіп­сіз­ді­гі­мізге сын-қатер төнді. Өткен жылы сұраныстың артуына және ауа райының қолайсыздығына байланысты газ тұтыну сағатына 4 мил­лион текше метрден асып жы­ғылған. Ел тұрғындары былтыр тәуліктік эквивалентте 82 млн текше метр газ тұтынса, биыл бұл көрсеткіш ша­­ма­­мен 100 млн текше метрге жетті.

Газды шектен тыс қолданудан бөлек, газ қызметінің жұмысына қыстың да қаһары тиді. Биылғы жылдың алғашқы апталарында «ҚазТрансГаз Аймақ» апаттық-диспетчерлік қызметіне тұты­ну­­шылардан 6 686 өтінім келіп түскен. Халықты газбен үздік­сіз қамтамасыз ету үшін 76 брига­да­ның қызметкерлері тынбай еңбек етті, қосымша 52 бригада жұмылдырылды. Күзгі-қысқы кезеңде ішкі нарықты газ­­бен үздіксіз жабдықтауға ба­рын­ша тырысқан «QazaqGaz» ком­паниясының іс-шаралары жағдайдың біршама тұрақталуына мүмкіндік берді. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жаркешовтің айтуынша, қазір 2023-2024 күзгі-қысқы жылыту маусымына да­йын­дық басталып кетті. Бұл ретте жіберілген қателіктер қайта­лан­бауы үшін жүйелі шаралар қабылданып, келесі маусымға кем-кетіктерді түзету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. «Қазірдің өзінде 2023-2024 күзгі-қысқы жылыту маусымында халықтың сұранысын қам­тамасыз ететін жұмыс штабы құ­рылды. Бұған дейін орын ал­ған төтенше жағдайларды ескеріп, халықты газбен үздіксіз жабдықтау шараларына алдын ала қамдану үстіндеміз», деді ол.

Өткен жылы газдың ресурстық базасын ұлғайтуды көздейтін бір­қатар қадамдар жасалды. Ком­пания газды барлау мен өндірудің барлық перспективалы жобаларын шоғырландыру үшін «Амангелді Газ» серіктестігін қайта құрып, жаңа бөлімше ашты. Геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын игеруге оннан астам лицензия алу мақ­сат етіліп отыр. Барлау және өндіру жөніндегі жол картасы шең­бе­рінде ресурстық базаны 700 миллиард текше метрден астам газға ұлғайту көзделген. Сол се­кілді былтыр тамыз айында Қа­ша­ған газ өңдеу зауытын салу жоба­сы ұлттық компанияның сенім­герлік басқаруына беріл­ді. «QazaqGaz» жобаны өз қаражаты есебінен қайта жанданды­рып, нысандағы құрылыс-монтаж­ жұмыстарын едәуір ілге­рі­летті. Қазірде «QazaqGaz» Маң­ғыстау, Атырау және Алматы об­лыс­­тарында газ көлігі инфра­құ­ры­­лымын жаңғырту бойынша жал­пы құны 455 миллиард тең­ге­ден асатын басым жобаларды белсенді іске асырып жатыр. Өңірлерді дамытудың кешенді бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жобалардың стратегиялық және әлеуметтік ма­ңызы зор.

Алдыңғы жылдары елімізде газ саласын дамыту туралы жү­йелі көзқарас қалыптаспады. Осыған байланысты «QazaqGaz» газ саласын дамытудың жаңа құ­жатын әзірлеп, оның дамуын­ ын­та­ландырудағы өз рөлін ай­қын­дады. 12 бағытты және 50-ден астам жобаны қамтитын даму стратегиясын іске асыру тұрақты газ нарығын құруға, қызметтің барлық саласында құндылықты айқындауға және компанияны IPO-ға сәтті шығуға дайындай отырып, ұйымның тиімділігін арттыруға бағыт­тал­ған. Сонымен қатар елі­мізде газдың стратегиялық резерв­терін құру мақсатында ком­па­ния Энергетика министр­­лі­гімен бір­лесіп, 2030 жылға дейінгі ке­зеңге арналған қолданыстағы газ қоймаларын кеңейтуге және жаңа жерасты газ қоймаларын құ­ру­ға бағытталған жол картасын әзірледі.

Келесі өзекті міндет ‒ сала­ның шығынсыздығы мен инвес­тициялық тартымдылығын қам­та­масыз ету. Өткен жылдың қо­ры­тындысы бойынша шығыс­тар­ды оңтайландыру нәтижесінде «QazaqGaz» қарызы 26 пайызға азайған. Дегенмен ұлттық ком­панияның ішкі нарықта тауарлық газды көтерме сату қызметі газ­ды жеткізудің жоғары құны мен төмен рентабельділігіне бай­ланысты шығынды болып қа­луда. Газ экспортынан түскен кірістер көптеген жыл бойы ішкі нарықта қолайлы баға­лар­ды сақтап келді. Бірақ ішкі нарықта газға қажеттіліктің артуына байланысты экспорттан түсетін пайда азайып жатыр. Осы түйткілді шешу үшін «QazaqGaz» өткен жылғы жел­­тоқ­сан­да тиісті заңнамаға ен­гізуге: газ тұтынушылардың ірі ком­мерциялық тұтынушылар мен майнерлерге қатысты екі жаңа санатын айқындау; тұтынушылар үшін тауарлық газға баға белгілеу механизмін өзгерту; мүлікті ба­лансқа немесе сенімгерлік бас­қа­руға қабылдау кезінде тауар­лық газды тасымалдауға бекі­­тілген тарифтерді өзгерту; жыл сайынғы түзету мүмкін­ді­гі­мен 5 жылдық кезеңге тауарлық газға көтерме бағаны бекіту; жер қой­науын пайдаланушылардан газ­дың жаңа көлемін сатып алу баға­сы­ның ынталандырушы формуласын қолдану жөнінде бастама көтерді.

Әлемде қалыптасқан эконо­ми­калық және гео­саяси жағдайға қарамастан, елі­міз­­дің газ саласы өткен жылы тұ­рақты даму мен өсу үдерісін көрсетті және бұл қарқынның сақталуына барынша күш салынады. «QazaqGaz» ұлттық газ компания­сы рей­тин­гінің ВВ-дан ВВ+ дейін жоға­рылауын жетекші S&P Global Ratings агенттігі растады. Агенттіктің хабарлауынша ұлттық компанияның қар­жы­лық көрсеткіштері тұ­рақты. Оған ел Үкіметінің газдандыру қарқынын арттырып, «жасыл экономикаға» бет бұруы негіз болды. 2018 жылдан бері газға деген сұраныстың 50 па­йызға өсуіне байланысты газ энер­ге­ти­калық тұрақтылықтың басты құрамдас бөлігіне айналып отыр. Сәйкесінше, ұлттық газ компаниясына артылған сенім жүгі салмақты бола бермек.