Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) Дурбан қаласында үстел теннисінен әлем чемпионаты басталды.
Дүбірлі додада Қазақстанның бірнеше ойыншысы өнер көрсетуде. Жарыстың алғашқы күні Кирилл Герасименко ирандық Амин Ахмадянды 4:1 есебімен ұтты. Одан кейін Кирилл жұптық бәсекеде де өзін жақсы қырынан көрсетті. Алан Құрманғалиев екеуі Сауд Арабиясының өкілдері Әли Әлхадрави мен Абдулазиз Бу Шулайбиді шаң қаптырып кетті – 3:1. Ал Зәуреш Ақашева мен Анастасия Лаврова жұбы неміс қыздары Аннетт Кауфманн мен Сабина Винтерге есе жіберді – 1:3.
28 мамырға дейін созылатын Дурбандағы додада аталған ойыншылардан бөлек, Айдос Кенжеғұлов (аралас жұптық сайыс), Денис Жолудев (жұптық сайыс), Сағынтай Құрмамбаев (жұптық сайыс) және Сар-виноз Мірқадырова (жеке сайыс) сынды жерлестеріміз өнер көрсетуде.