Бахрейннің астанасы – Манамада волейболдан ерлер арасындағы Азияның клубтық чемпионаты өз мәресіне жетті.
Аталған жарыста «Атырау» клубы бақ сынады. Өкінішке қарай, жерлестеріміз тым сүреңсіз өнер көрсетіп, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Біздің жігіттер D тобында ойнады. Үш ойынның екеуінде ұтылған олар үшінші орынға табан тіреді. Одан кейін плей-оффқа жолдама ала алмаған сегіз команда өзара күш сынасты. Бұл тартыста «Атыраудың» жолы болып, барлық бәсекеде басымдық танытты. Соңғы кездесуінде Бахрейннің «Әл-Ахлиіне» 2:3 есебімен есе жіберген Юрий Мельничуктің шәкірттері қорытынды есепте 10-орынды қанағат тұтты.
Бахрейндегі жарыстың бас жүлдесі Жапонияның «Сантори Санбердс» клубына бұйырды. Күншығыс елінің өкілдері финалда Индонезияның «Джакарта Бяндкарасынан» 3:1 есебімен басым түсті. Ал қола медальді Қатардың «Полис клубы» иеленді.