• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

Астанада бас қосады

358 рет
көрсетілді

Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен елі­міз­дегі ЮНЕСКО және ИСЕСКО iстерi жөнiндегi Ұлттық комиссияның бас хат­шысы Әсел Өтегенованың қатысуы­мен брифинг өтті. Еліміз ЮНЕСКО ұйымына 1992 жылы мамырда кірген болса, ЮНЕСКО істері жөніндегі Қазақ­стан Республикасының Ұлт­тық комиссиясы 1993 жылы Сырт­қы істер министрлігінің жанынан құрылған. Осы аралықта еліміз бен ЮНЕСКО арасындағы байланыс өз жемісін беріп үлгер­ді. Басқасын айтпай-ақ, тек был­тырғы жылы еліміздің 2013-2022 жылдар аралығын «Мәдениеттер жақындастығының халықаралық он жылдығы» деп жариялау туралы бастамасын беделді ұйымның қолдап, осы бір ғана бастаманың төңірегінде дүниежүзі бойынша мыңнан астам іс-шаралардың ұйымдастырылуы ынтымаққа негізделген байланыстың нәтиже­сі екенін көрсетеді. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізімінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің, Там­ғалы петроглифтік тас кешені мен Сарыарқаның, яғни Солтүс­тік Қазақстанның даласы мен көл­дерінің бар екені, ал Қор­ғалжын және Алакөл табиғи қо­рық­тарының биосфералық ре­зерваттардың дүниежүзілік же­лі­сіне енгізілгені әрбір қазақ­стан­дық­тың қаперінде жүрсе артық емес. Міне, сол беделді ұйымға мүше елдердің ЮНЕСКО іс­тері жө­ніндегі Ұлттық комис­сия­ларының бірінші өңіраралық кеңесі тұңғыш рет жаһандық форматта Астана қала­сында өт­кізілмек. Шілденің соңына қарай өтетін ауқымды іс-шараға 130-дан астам мемлекеттерден арнайы өкілдер келіп, АЛЕКСО, ОАЗХИ, ТҮРКСОЙ сияқты серік­тес халықаралық ұйымдардың бақылаушылары қатыспақ. Бұл туралы Мәдениет министрі Арыс­тан­бек Мұхамедиұлы брифингте мәлімдеді. «Аталған шара Ұлттық комис­сиялардың әріптестігін, сондай-ақ, олардың ЮНЕСКО Хат­шылығымен байланыстарын нығайту және ұйымның күн тәртібіндегі проблемаларын кеңінен талқылау мақсатында өткі­зіл­мек. Бұл еліміздің имиджі үшін өте пайдалы», деді ол. Министр өз сөзінде ірі халықаралық шараны өткізуде еліміздің қаржылық шығыны көп болмайтынын да баса айтты. «Аталмыш ша­ра­ға қатысатын Ұлттық ко­­мис­­сия жетекшілері Астанаға өз қар­жыларының есебінен келеді. Біз тек ішкі шығындарды өтейтін боламыз», деді А.Мұхамедиұлы. Мәдениет министрі Париж­дегі ЮНЕСКО жанындағы Қазақ­станның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов пен ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бұрынғы төрағасы, Астана қала­сы­ның әкімі Иманғали Тасма­ғам­бетовтің осы жылдар ішінде ерекше еңбек сіңіргендерін атап өтті. Ал, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО iстерi жөнiндегi Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова келетiн де­легаттарға халқымыздың мәде­ни нысандары, дәстүрi, тарихи бай мұраларымен қатар, еліміздің халықаралық бастамалары ұсынылатынын жеткізді. «130-дан астам мемлекеттiң шара­ға қатысуы олардың ел мәде­ниетi­не қызығушылық танытып отыр­ғандығын дәлелдейді. Шара аясында екi көрме өтедi. Бiрiншi күнi бiз ұлттық мұралардың көр­месiн, ал екінші күнi Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесiн ұсынамыз. Сонымен бірге, қо­нақ­тар көшпелi өркениет фести­валі­не қатысады. Шараның жаһан­дық форматын ескере отырып, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месiн, Халықаралық универсиаданы, Ассамблея қызметiн, әлемдік және дәс­түрлi дiндер көшбасшы­лары­ның құ­рылтайын, тағы басқа да еліміздің барлық халықаралық бастамаларын насихаттаймыз»,  деген ол кеңестің салтанатты ашылу рәсімі өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылатынын айтты. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».