Қазақ ән өнері – ұлт жанының өмірбаяны іспетті. Мейірім, махаббат, сүйіспеншілікке суарылған төл туындылар ел жадында жаңғырып келеді.
Қазақтың 30 әнінің мәтіні қытай тіліне аударылып, арнайы жинаққа енгізілді. Оның тұсаукесері Бейжің қаласында өтті. Жинаққа өзге де сазгерлер шығармаларымен қатар Абай Құнанбайұлы, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Алтынбек Қоразбаев әндері енген. Шығармалар жинағының құрастырушысы – белгілі Қытай жазушысы Әкбар Мәжит. Біршама жыл бұрын Әкбар мырза Абай өлеңдері мен поэмаларын, қарасөздерін қытай тіліне аударған. Қаламгердің айтуынша аударма жұмысы оңайға түспеген. Әннің мағынасымен қатар әуезді ырғағын жеткізуде Ә.Мәжит аянбай тер төккен. Кейбір шығармаларды ол 40 жыл бұрын аудара бастағанын айтады. Тұсаукесер рәсімінде «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» сынды әндер орындалған.
Айта кетейік, қазақ әндері қытай тілінде біршама уақыттан бері шырқалып келеді. Мәселен, «Қарлығаш» әнінің сөзі қытай тіліне тұңғыш рет 1930 жылы аударылған.
– Мен бұл еңбегімді былтыр аталып өтілген Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жыл толуына арнап отырмын. Пандемия салдарынан жинақ дәл уақытында шығып үлгермеді. Аударма жұмысы оңайға соққан жоқ. Мұндай мереке екі халықтың руханиятын жақындастыра түседі. Қос көрші мемлекеттің достығы, береке-бірлігі мәңгілік болсын деп тілеймін, – дейді Әкбар Мәжит.