Адамдардың мінез құлқына байланысты үлкен эксперимент жасалуда. Бағдарламашылар кез-келген адамның санасын бақылауда ұстайды. Біз жалғызсырағанда, қуанғанда, қиналғанда, ашуланғанда, алаңдағанда бірден қолымыздағы телефонға жүгіреміз. Өнертапқыштар смартфонға деген тәуелділіктің салдарын жақсы біледі, алайда бұған көз жұма қарауда.
Мамандардың айтуынша, балаларға смартфонды ұстату оларға есірткі берумен пара-пар. Осы байланыс құралдары арқылы сіздің мінез-құлқыңызды оп-оңай басқаруға болады. Құлағыңызға түрпідей естілсе де бұл қалыпты жағдайға айналған.
Калифорния − өмірімізді 180 градусқа өзгерткен техноалыптардың отаны. Солардың ойлап тапқан құрылғыларының арқасында бүкіл әлем адамзат баласының қолында. Ендігі оның көлеңкелі жақтарына тоқталып, тарқатып көрейік.
Фейсбук − әлеуметтік желілердің ішіндегі ең үлкен платформалардың бірі. Онда әлемнің үштен бір бөлігі тіркелген. Компания бұған дейін желі қолданушыларының жеке ақпараттарын таратқаны үшін сынға алынған еді. Енді олар тәуелділік тудыратын байланыс құралдарын қолданды деп айыпталуда. Сенди Прокилос фейсбук платформасында әкімші қызметін атқарған. Әкімшінің айтуынша, желінің бизнес жоспары сіздің өміріңіздегі ең құнды зат − уақытыңызды алу, артынша оны жарнама агеттіктеріне сату.
Инвестицияның жаңа деңгейіне өтуге, акцияның құнын көтеру үшін, қолданушылар желіде көп уақытын өткізу керек. Көрсеткіштің барлығы осы қаралымға байланысты болғандықтан, оқырмандардың көңілінен шығу үшін бағдарламашыларға көптеген жаңа дүниелер ойлап табуға тура келеді. Компанияның ең басты мақсаты − желі қолданушыларының смартфонға деген тәуелділігін одан әрі арттыру.
Біз аса мән бере бермейтін «лайк» батырмасы әлеуметтік желінің символына айналғалы қашан. Ал, инстаграм мен твиттердің бұған қатысты өзіндік нұсқалары бар.
Осы батырманы ойлап тапқандардың бірі Лия Пёрлман. Маманның сөзіне сенсек, желіні ойлап тапқандар фейсбукті тәуелділік тудырмай, көпшілікке ыңғайлы платформа ретінде жасағысы келген. Алайда уақыт өте келе Лия «лайк» батырмасының өзін-өзі бағалауына әсер етіп жатқанын байқаған. Оның бұл батырмаға деген қарым-қатынасы өзгере бастады. Мысалы желіге сурет жүктеп оған ұнау батырмасының басылмағаны көңіл күйінің түсуіне әкелген. Ол оқырмандарымен арасындағы кері байланысқа, лайк батырмасына тәуелді болып келе жатқанын сезген. Дәл сол уақыттан кейін біреудің пікіріне деген тәуелділік артқан. Бұның арты жақсылыққа апармайтынын маман көкейіне түйіп, онымен күресуде.
Ал, сіз телефоныңызға келетін хабарламаның неліктен қызыл түсті болатынын білесіз бе? Себебі қанық түс адамдардың назарын бірден өзіне аудара алады. Қызыл түс басқа түстерге қарағанда ми қатпарларына бірден әсер етеді. Себебі ол миға маңызды ақпараттың келгенін хабарлайды. Бұл түсті көрген адам бірден әрекет етуге тырысады. Әлеуметтік желіде келетін хабарламалардың көбісі осы қызыл түспен келеді.
Эйза Раскин әлеуметтік желілердің пайда болуына парашалардың визуалды түрде әдемі көрінуіне атсалысқан дизайнер. Ол парақша бетінде ерекше функция ойлап тапты. Бұрын фото, видеоны көргенде келесі батырмасы болатын. Лентаны оңға қарай жылжытып, фото мен видеоның біткеніне көзіңіз жететін. Ал, қазір бұған біраз өзгерістер енгізілген. Әлеуметтік желіде келесі батырмасы жоқ, оны астыға түсіріп жылжыта бересіз. Оның түбіне жете алмайсыз. Лентаны жылжытқан сайын түрлі ақпараттар шығып, одан әрі адамның назарын аударады. Ал сіз алтын уақытыңыздың кетіп жатқанын аңғармай да қаласыз. Адамның миы болып жатқан прцестің соңын көрмей, жұмыс істей береді. Демек өнертапқыштар психологияның көмегімен осы экспериментті қолданушыларға жасап көрді. Бұл өздері үшін сәтті шыққан дүние болса да, басқалардың өміріндегі басты ресурс уақытты алып жатқанын Эйза жақсы түсінеді және бұл желінің алгаритіміне өзгеріс енгізгеніне қатты өкінеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жасөспірімдер күніне 90 рет смартфонға үңіледі екен. Олар үшін «Лайк» батырмасын көру, басу, қабылдау қалыпты жағдай. Басқа адам жіберетін реакцияны қаншалықты жиі келетінін немесе ешқандай нәтиже болмайтынын біз білмейміз. Алайда желі қолданушыларынан келген кері байланыс, бізге қуаныш сыйлайтыны айдан анық. Оның басты себебі – дофамин гормонының бөлінуі.
Психологтардың айтуынша, мұндай тәуелділікті жеңу үшін мәселенің түп-тамырына үңілу керек. Неліктен көпшілікке шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемдегі өмір ұнайды?
Бұл сезім өзіне сенімсіз, томаға-тұйық адамдарға тән. Өйткені олар өздерін қабылдай алмайды. Сонымен қатар олар адамдармен жақын қарым-қатынасқа түсуге жүрексінеді. Ал виртуалды әлемде адамдармен араласу оңай, себебі адамнан рухани күш талап етілмейді, кез-келген адаммен емін-еркін сөйлесіп тіл табысуға болады.
Виртуалды қарым-қатынас адамның жанына еш жылулық сыйламайтынын ескерген жөн. Ал шынайы қарым-қатынас жанға жылулық пен махаббат сыйлайды. Ғаламторда өткізетін бос уақытты пайдалы нәрсеге жұмсаңыз: өзіңізге қызық бір ермек ойлап табыңыз, спортпен айналысыңыз, бір сөзбен айтқанда, қасыңыздағы адамдарға көңіл бөліңіз, олардың қандай қажеттіліктері мен қиыншылықтары барын білуге тырысыңыз. Сонда сіздің шынайы өміріңіз толыққанды болады әрі сізге оны виртуалды әлемге айырбастауға ешқандай қажеттілік тумайды.