• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Маусым, 2023

Тарих – ел тұтастығының арқауы

261 рет
көрсетілді

Биыл Үкімет басшысының қаулысы негізінде 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар тізіміне «Ақтабан Шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінен сыр шертетін «Елім-ай» дастанының 300 жылдығы енгені белгілі. Сонымен бірге аса күрделі кезеңде еліміздің солтүстігін жаудан да, даудан да қорғаған тұлға Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763) дүниеге келгеніне 360 жыл. Түркістан шаһарының «Фараб» кітапханасының акт залында осы айтулы даталарды байыптаған ғылыми конференция өтті.

«Жеті жарғы және Қожаберген жы­­рау» халықаралық қоғамдық қайы­рым­­­­дылық қорының төрағасы, заң ғы­лым­дарының докторы, профессор Бекет Тұр­ғараев жүргізген конференцияға танымал қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар, студент жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. «Қожаберген Толыбайұлы – ақын-жырау ғана емес, ел қорғаған батыр, қол бастаған сардар, мемлекеттік істерге араласқан қайраткер, шаршы топта сөз бастаған шешен. Қожабер­ген мен «Елім-ай» дастаны – өрліктің, ерліктің арқауы. Шежірелі жырда хал­қымыздың өткен тарихындағы тұтас бір дәуір мен қасіретті кезең қамтыл­ған. Бізбен жауласқан жоңғар хандығы­­ның дәуірлеп, күшею себептері, олардың біз­ге қарсы соғысқанда Ресей империясы мен Қытайға арқа сүйеуі, басымызға күн туған шақта түрікпен, Қоқан, Хиуа мен Бұқардың сырт айналуы айтылған. Тәуке ханға дейінгі қазақ хандығын­дағы текетірес пен бақталастық, береке­сіз­дігі де сыналған», деді Бекет Тұрғараев. Сондай-ақ ол «Елім-айдың» ән ғана емес, үлкен тарихи дастан екенін, тари­хи тұлғаның «Күлдірмамай», «Қой­лы­бай көреген», «Қарасары Болат керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр», т.б. ондаған құнды әдеби шығар­масымен үндесетінін мәлім етті.

Халықаралық қайырымдылық қоры­ның бастамасымен Қожаберген жы­раудың туған жеріндегі қорымда оған арналып күмбез орнатылған. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы­ның орталығы Пресновка селосындағы қа­зақ мектебінің алдындағы алаң Қожабер­ген атымен аталып, ескерткіш-бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Ал Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен «Қожаберген жырау», «Елім-ай», «Баба тілі», «Өнерпаздар әулеті» деген кітаптар басылып шықты. «Қожаберген сынды тарихи тұлғаны тану мен ұлықтау ісі жалғасады. Жырау­дың айбынды ескерткіші Петропавл қа­ласының кіреберіс қақпасына орнатылуы ұлт қаһармандығын айғақтай­ды. Петропавлдағы әскери институтқа Қо­жа­берген Толыбайұлының есімін беру – ха­лық тілегі», деді Бекет Тұрғараев.

Жиында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев конференцияға арнайы келген қонақ­тар­ға алғыс білдірді. «Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда «Бір кездері ұмытылып кет­­кен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқын­­даған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген болатын. Бүгінгі басқосу сол кезеңдегі оқиғалардың қа­зіргі кездегі зерттелуіне, тарихи ба­ға­сын алуына және осы бағыттағы жұ­мыс­тардың жүзеге асуына мұрындық бо­лады деп сенемін», деді Б.Тәжібаев. Конференция барысында терең ізде­ністер мен тың мәліметтерден тұра­тын баяндамалар жасалды. Сондай-ақ жарыссөзге шығушылар ұсыныс-пікір­лерін білдірді. Бабалар есімін жаң­ғырту, ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы іс-шара қонақта­ры тереңнен ой қозғап, көпшілік тың мәлі­меттерге қанық болды. Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры, бел­гілі әдебиеттанушы Серік Негимов Қожа­берген Толыбайұлының «Елім-ай» дас­танында геостратегиялық жағдай, әске­ри колонизация, соғыстың тактика­сы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталғанын атап өтті. «Қожаберген жырау – мемлекеттің ішкі-сыртқы сая­сатына араласқан атақты жорықшы жырау, оның болмысына, маңдайына, тағдырына Жаратқан Ие алуан-алуан­ озық та озат өлшеусіз қабілеттер да­рыт­қан. Ол – Әз Тәукенің кеңесшісі, әс­кер­басы, тайпа көсемі, саясаткер, баһа­дүр, би, соғыс өнерінің майталманы. Жастайынан Самарқанд пен Бұхарада мұсылманша терең білім алған, араб-парсы, шағатай тілдерін жақсы білген білімдар, сұңғыла саясаткер, шежіреші, күйші, қобызшы екен.

Әнет баба мен Әз Тәукеден бата ал­ған Қожаберген жырау замананың «қа­­ғынғанын», қызылкөздердің «жол­ба­рыстай» шабынғанын, ұлы жұрты­мыз­дың қансырап абдырағанын, тоз­дыр­ғанын, албастылардың, қанқұ­мар­лардың, нақұрыс әзәзілдердің ойран­да­ғанын, Ресейдің қамал-бекіністер са­лып «масайрағанын», Сыр бойы, Қа­ра­тау, Сайрам, Тараз, Созақ (көне аты Аяз ­қала), Түркістан, Еділ-Жайық жері астан-­кес­тен, быт-шыт болғанын, Ресей, Қы­тай, Жоңғария Ұлы даланы бө­ліп ал­ғысы келгенін, «қорғасын оқты бұр­шақша жау­дырғанын», «Зерафшан­ға ел кетке­нін, естілерден ес кеткенін», бы­ты­рап үріккенін, күңіренгенін, ылаң салға­нын, зауал төндіргенін зарлатып-сарнатып толғайды. «Елім-ай!» дас­таны­­ның бастапқы жолында: «Жа­ратқан алсын өзі панасына, Дұш­­панның қол жеткізсін жағасына» делін­ген. Дауылпаз дабысты жыршы Ұлы даласын тұтас­тай оятып, сілкіндіріп, жалпы халқына, қайрат­ты сардарларына, дегдарларына, сарбаздарына, маңғаздарына, сырбаздарына, дария қария-даналарына, аймақ билеу­ші­сі шораларына, би-бектеріне, көшелі көсемдеріне сөзін арнап, ел қор­ғау жолына қамшылап, қолдап-демеп, тұл­пар мініп, «бөрілі жасыл байрақ» ту ұс­тап, жаудан қорғану керектігін мәлім­дейді», деді Серік Негимов. Сон­дай-ақ конференция­да М.Әуезов уни­верситеті­нің ректоры, ака­демик Дария Қожам­жа­рова, республикалық Арда­герлер ұйы­­мы төрағасының бірінші орын­ба­сары, та­рихшы-профессор, қо­ғам қай­раткері Өмірзақ Озғанбаев, Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті гу­ма­­нитар­лық зерттеу орталығының же­­тек­­шісі, ака­де­мик Хангелді Әб­жа­­нов, Қостанай мем­ле­кеттік педагогикалық уни­верситеті­нің профессоры Аманжол Күзембай­ұлы, филология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Құлбек Ергө­бек, Шым­кент педагогикалық универси­теті­­­нің рек­торы, профессор Гүлжан Сүгір­баева, т.б. тұл­ға болмысын жан-жақты ашты. Сон­дай-ақ конференция­ны құттықтаған ҰҒА басқарма прези­ден­ті Күнсұлу Закарья, Германия қазақ­тары одағының басшысы Седие Сүрердің ­хаттары оқылды.

Ғылыми-практикалық конференция қарарына қадау-қадау ұсыныс енгізілді. Солардың бірінде Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне Қожаберген Толыбайұлының шығармашылығына қатысты сериялық кітаптар шығару, спектакль қою, көркем фильм түсіру және Түркістан қаласында «Елім-ай» дас­танының тарихи маңызы ескеріліп, ескерткіш белгі орнату туралы өтініш жа­сау жөнінде айтылған. Осы айтулы іс-шара аясында «Жеті жарғы және Қожа­бер­ген жырау» қоры «Елім-ай» жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы» атты республика­лық жыр мүшәйрасын ұйымдастырды. Қазылар алқасының шешімімен Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) бас жүлде иегері (1 000 000 теңге) атанды. Ал Көкбөрі Мүбәрак І орынды еншілесе (500 000 мың теңге), Үмітбек Бағдат ІІ орынды ­(300 000 мың теңге), Нұрбек Кеңесбай мен Әлібек Азамат ІІІ орынды (200 000 мың теңге) иеленді. Ынталандыру сыйлы­ғымен Дәурен Тілеухан (150 000 мың тең­ге) марапатталды. Конференция қаты­сушыла­­рына «Елім-ай» кітабы мен арнайы төс­белгі тапсырылды.

Сондай-ақ айтулы іс-шара аясында «Елім-ай» жырының 300 жылдығына орай Шолаққорған – Шаян бағытын­дағы тас жолдың Қаратау асуында Қожаберген Толыбайұлының өсиетін айшықтаған тұғыртастың ашылу рәсімі өтті. Ескерткіш-белгінің лентасын зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қиып, жастарға ұлт басына түскен нәубетті ұмытпауды аманаттады.

 

ТҮРКІСТАН