Кез келген қоғамда өскелең ұрпақтың білім деңгейі мен сапасына қатысты мәселе күн тәртібінен түскен емес. Жас жеткіншектің қазір алған білімі ертең ел игілігі үшін кәдеге жарайтыны талассыз ақиқат. Білім – ұлттың келешегін қуаттайтын, дамытатын негізгі құрал. Бүгінгі таңда еліміздің даласы мен қаласындағы орта білім сапасының алшақтап тұрғандығы айқын. Сол бір алшақтықты қысқарту – өзекті мәселе.
Біздегі білім саласы әлемдік білім кеңістігінің деңгейімен салыстырсақ, айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Өйткені жетістіктер алаңы болып саналатын жетекші мектептер баршылық. Жалпы, жетекшілік дегеніміз – адамдарға әсер ету үдерісі, қазіргі тілмен айтқанда жүйелі формальді емес қарым-қатынастың жемісі. Сонда жетекші мектептердің негізгі қызметі қандай? Яғни дайын білімді тереңдету, жетілдіру, кәсіби дамуға ықпал ете отырып, серіктес мектептерге де қолдау көрсету. Негізгі өкініш сол – жетекші мектептердің ауыл өмірінде емес, тек қалаларда негізі қаланып, білім сапасы бойынша қаланың ауылдан көш ілгері тұрғандығы.
Олай болса, осы мәселенің негізгі ақсап отырған тұстарын санамалап көрсек. Ең әуелі білім саласындағы қаржыландыру мәселесі маңызды. Оқушылардың білім алу үдерісіндегі отырған ортасы, яғни мектептің материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықталған болуы, сонымен қатар білім алуға байланысты қажеттіліктерге бөлінетін қаржы көлемі көп мәселенің шешімі болатыны анық. Өйткені мектеп, оның ішіндегі білім алатын сыныбы және ондағы атмосфера, қарапайым тілмен айтқанда, пәндік кабинеттер мен ондағы жиһаздар да үлкен рөл ойнайды. Бәрі заманауи болса, әрине оқушының да ынтасы ерекше артатыны белгілі.
Екіншіден, білім беру ісіндегі жас мамандар тапшылығы өзекті. Бұл мәселені ел Президенті де ерекше назарда ұстап келеді. Ол ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын айта келе: «негізгі мәселе – ауылды жердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деген болатын. Расында да, білікті кадр білім бастауы екені ақиқат. Біз айтып отырған алшақтыққа әсер ететін негізгі фактор да – осы.
Міне, ауылдық жерлердегі білім сапасы деңгейінің төмен болуының ең негізгі проблемалары осындай. Осы тұста ауылды жерлердегі білім сапасына тоқталғым келеді. Қазір республика бойынша 7 500-ден аса мектеп бар дейтін болсақ, оның 6 мыңға жуығы – ауылдық мектептер. Олар қала мектебінің деңгейінен едәуір төмен болып тұр. Адами капиталдың негізі білімде екені түсінікті. Ал білімде серпіліс болмаса, инновациялық дамуда да оң өзгеріс байқалмайды. Сондықтан әсіресе, ауылдағы мектептердің білім сапасын, деңгейін көтеру өте маңызды. Мемлекет басшысының өзі ауыл оқушыларының білім деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөліп, оны дамыту, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, ауыл мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру бағытында жұмыс істеуді тапсырып келеді. Демек, ауыл мектебінің жағдайын түземей, білім көшін оңалта алмаймыз. Мәселен, лингафонды және мультимедиялық кабинеттің, қала мектебінде қарапайым құралға айналған интерактивті тақтаның, ал модификацияланған кабинеттердің жағдайы тіпті бөлек әңгіме. Ауылдарда мұндай жүйедегі пәндік кабинетті көп кездестірмейсіз, тіпті жоқтың қасы десе де болады.
Сондай-ақ әлеуметтік осал топтан шыққан оқушыларға білім беру тақырыбы да тасада қалмауы керек. Қазір өңірлерде білімге жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен құрылған жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларды ұлттық бірыңғай тестілеуге тегін дайындап, тегін оқытып жатқан қоғамдық қорлар бар. Мәселен, Шымкент қаласындағы «Demeu-Kazakhstan» қоғамдық қорының көмегімен әлеуметтік осал топқа жататын 90 оқушы, Тараздағы «Orken-niet» қоғамдық қорының көмегімен әлеуметтік осал топқа жататын 120 оқушы (80-і – қала, 40-ы – ауыл оқушысы) білім алып жатса, Қызылордада «Elarai» қоры, Ақтауда да осы секілді қоғамдық қор жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ауыл мен қала мектептерінің бүгіні туралы: «Келесі бір маңызды міндет – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту. PISA (Халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасы) мәліметтері бойынша қазір арадағы алшақтық 1,5 жылды құрайды. Балалардың барлығы тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білімге қол жеткізуі керек», деген болатын.
Қазіргі таңда ауыл мектептері болашақ ұлт мектебінің негізін қалаушы болып саналады. Нақты айтқанда, ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын мекемелер екені аян. Жасыратыны жоқ, бүгінде қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының деңгейі жер мен көктей. Салыстыруға мүлдем келмейді.
Негізінен, елімізде бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған немесе белгілі бір пәндерді тереңдете оқытатын мектептер жүйесі қалыптасқан. Мұнда баса айта кететін мәселе республика бойынша жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдете оқытатын 90 лицейдің 8 пайызы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14 пайызы ғана ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі екенін аңғартады.
Сондай-ақ оқушылардың арасында ерекше дарынды балалардың болатыны белгілі. Олардың табиғат берген ерекше қабілеттері мен дарынын тани отырып, одан әрі дамуына жағдай жасап, бағыт-бағдар беру өте жауапты іс. Әр баланың жеке қабілетін анықтай отырып, оны сол бағытта жетелеп дамыту – қоғам мен мектептің, одан соң ұстаздардың парызы. Оқушыны заманына қарай икемдеп, заманының озық өнегесін санасына сіңіріп, оларды шығармашылық бағытта оқыту – бүгінгі күннің басты талабы. Ал бұл қабілет-қарымды дамыту үшін де арнайы білім ошақтарының жұмыс істеп жатқандығы белгілі. Мәселен, дарынды балаларға арналған республикалық, облыстық деңгейдегі мамандандарылған және дербес мәртебеге ие Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Олар да қала маңында, облыс орталықтарында орналасқан. Енді қараңыз, аталған мектепте 5 және 7-сыныптарға дарынды оқушыларды емтихан тапсыру арқылы қабылдайды. Бұл мектептерге түсу үшін оқушының мектеп бағдарламасынан тыс материалдарды меңгеруі, тіпті кейбіріне түсу үшін белгілі деңгейде ағылшын тілін білуі шарт. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндіктер жоқ қой. Қазір жекеменшік репетиторлық және оқу орталықтары ақылы негізде мамандандырылған мектептерге оқушыларды дайындау қызметін ұсынады. Бірақ ел бойынша табыс деңгейі ең төменгі көрсеткіштерге ие ауыл тұрғындары үшін балаларын ақылы курстарда оқыту тіпті мүмкін емес.
2022-2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1 474 629 оқушының тек 2 915-і ғана мамандандырылған мектептерге қабылданған. Бұл елдегі ауыл оқушыларының жалпы санынан 0,2 пайызын ғана құрайды. Сондай-ақ ауылдықтардың пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріну деңгейі де қалаға қарағанда, әлдеқайда төмен. Ауылдағы білім сапасын арттыру үшін бірнеше жоба жасалып, бағдарламалар қабылданды. Сапалы кадр тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей тұр. Осындай өзекті мәселелерді қолға алу мақсатында «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары атынан Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал да жолдадық.
Жалпы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының талаптарын қайта қарау қажет. Неге десеңіз, жоғары оқу орнын үздік бітірген жас мамандарды ауылда тұрақтандандыру арқылы дарынды балаларды оқытып, оларды дайындау деңгейін арттыруға болады деп ойлаймын. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша білім сапасы көтерілмейтіні анық. Нақ осы тақырып аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Алшақтықты азайту үшін ауылдағы шағын жинақталған мектептерді білікті оқытушылар құрамымен қамтамасыз ету керек», деп айтқан еді.
Қазіргі кезде оқушыларға қосымша мүмкіндіктер ұсынатын онлайн платформалар бар екенін білеміз. Жекеменшік оқыту орталықтары заман ырқына жылдам икемделіп қосымша ақылы курстар ұсынып жатыр. Біздің зерттеуіміз бойынша, кейбір жекеменшік оқу орталықтарының платформалары бір сәтте 30 мың оқушыға дейін онлайн режімде сабақ өткізетін техникалық және әдістемелік мүмкіндіктерге ие. Ендеше, оқу нарығының өзі туғызған осы мүмкіндікті ауылдың білім беру саласын дамыту үшін кеңінен пайдалануға әбден болады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Bilim Land», «Daryn.online» және тағы да басқа платформалар арқылы 5 236 ауылдық мектеп қосымша оқыту қызметтерін қолданады екен. Аталған мекемелердің көрсетіп отырған қызметтері толыққанды онлайн үлгіде емес. Бұл платформаларда негізінен таспаға жазылған бейнесабақтар орналастырылған. Ал оқушыға қажеті – нақты уақыт режіміндегі онлайн үлгідегі тақырыбы өзекті, мазмұны үнемі жаңартылып отыратын қосымша сабақ.
Осы көтерілген мәселелерді ескере келе, ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын арттырып, ауыл мен қала мектебі оқушыларының білім алу мүмкіндіктерін теңестіру мақсатында Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар ұсыныс жеткіздік. Ондағы негізгі ұсыныстардың бірі – «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы», «Жастардың кадрлық резерві» сынды жастардың қажетіне жарайтын мемлекеттік бағдарламаларды қайта жаңғыртып қана қоймай, қосымша жаңа жобалар жасап, сол бағытқа бөлінетін қаржының көлемін ұлғайту. Одан бөлек, білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік оқу ошақтары арасында білім деңгейін көтеру үшін екіжақты әріптестік жүйесін жүзеге асырған дұрыс. Осы секілді тағы да басқа ұсыныстарымызды жолдадық.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін алдағы уақытта біз уәкілетті мемлекеттік органдармен, қызмет көрсетуші субъектілермен, оқушылармен, олардың ата-аналарымен талқылап, сараптауға қажетті ұйымдастыру іс-шараларын өткізуге дайынбыз. Демек алдымызға межелі мақсаттар қоя отырып, оларды түбегейлі қарастырып, алтын бесікке баланған ауылдағы орта білім ошақтарының қызмет көрсету деңгейін көтеруге барынша әрекет жасау қажет.
Ерболат САУРЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты