• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Маусым, 2023

Жаһандық терроризм индексі

363 рет
көрсетілді

2023 жылғы наурызда жарыққа шыққан бұл индексті «Institute for Economics and Peace» институты осымен оныншы рет жариялап отыр. Зерттеуде әлем халқының 99,7 пайызын қамтитын 163 мемлекеттегі терроризмнің ықпалына салыстырмалы талдау жұмысының нәтижесі көрсетілген. Индексте Қазақстан өзге де бірқатар мемлекет секілді 0.000 ұпаймен 93-орынға жайғасқан, яғни бұл елде соңғы бір жылда террорлық акті болмағанын көрсетеді.

Терроризм – әлемдік сая­сат­тың­ күн тәртібінен түспейтін ма­ңызды тақырыптың бірі.­ Дегенмен 2022 жылы лаң­­кестік салдарынан қаза бол­ған­ адам саны 2021 жылғы көр­сет­кішпен салыстырғанда 9 па­йыз­ға,­ яғни 6 701 адамға азайды. Бұл­ 2015 жылғы ең жоғарғы көр­сет­кіш­тен 38 пайызға төмен. Сол жылы террорлық акті салдарынан 10 мыңнан адам қаза тапқан болатын. Адамдардың қазаға ұшырауының азаюы террорлық актілердің 28%-ға кемуіне байланысты. Мәселен, лаңкестік әрекеттер саны 2021 жылы 5 463-тен 2022 жылы 3 955-ке дейін төмендеген.

Әлемде 2007-2022 жылдар аралығында терроризм салдарынан 137 009 адам қаза болған. 2022 жылы 42 мемлекетте кемі 1 адамның лаңкестің қолынан қаза­­ табу фактісі тіркелген. Яғни индексте қамтылған 163 мемлекеттің 121-інде (оның­ ішінде Қазақстан да бар) тер­рор­лық акті кезінде ешбір адам қаза болмаған немесе бұл елдерде мүлде терракт болмаған. Бұл – лаңкестік әрекеттер тура­­лы дерек жинала бастаған 2007 жылдан бергі ең төмен көр­сеткіштердің бірі.

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (ТШСА) – 2012-2022 жылдар аралығында ең көп тер­рорлық акті жасалған ай­мақтар. Соңғы алты жылда осы кеңіс­тікте терроризм деңгейі тө­мендеген. 2016 жылы жа­һан­дағы терроризмнің 57 пайы­зы­ ТШСА аймағында өтсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 12 па­йыз­ға­ төмендеді.

Ресей және Еуразия өңірінде 2022 жылы 6 террорлық ша­буыл­дан 2 адам қаза тапқан. Ал 2021 жылы 1 лаңкестік актіден 2 адам қайтыс болған еді. Дегенмен өңірде өлім саны азайып келеді. 2010 жылы террорлық әрекет құрбаны 323 адамға жетіп, қазірге дейін ең үлкен көрсеткіш болып тұр. Өңірге жататын 12 елдің 8-іне 2022 жылы 0.000 ұпай берілді, бұл соңғы 5 жылда осы елдерде бірде-бір террорлық акті тіркелмегенін көрсетеді.

Батыс әлемін (дамыған Еуро­­па елдері және Канада мен Аус­­тралия) есепке алмағанда тер­­рорлық акті салдарынан қаза тапқандардың 98 пайы­зы қарулы қақтығыс өтіп жатқан аймақтарда тіркелген. Сол себепті зерттеу­де Батыста болған террорлық әрекеттердің себебін негізгі үш топқа бөліп қарастырған. Олар: идео­ло­гия­лық, сепаратистік және діни тер­роризм.

Батыста 2007-2022 жылдары болған террорлық акті салдарынан қаза тапқандардың шамамен жартысы дін, 31 па­йы­зы идеологияға байланыс­ты болғаны айтылады. Соңғы 5 жыл­дағы террорлық актілерде идеологияның ықпалы артқан.

Қорытындылай келе әлем­де терроризм деңгейі төмен­деу­ үрдісін байқауға болады.­ Әсіресе кейінгі бірнеше жыл­ бойы «қызыл нүктеге» айнал­ған­ Таяу Шығыс аймағының бей­бітшілікке бір табан жа­қын­дағанын көре аламыз. Тер­рор­лық­ актілер орын алған елдер саны да, одан қаза тапқандар да азайған.

 

Сүйіндік ҚАБЫЛ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы