Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жанашырлық қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз. Мен БҰҰ-ның 75-сессиясында Халықаралық волонтерлерді жұмылдыру жылын жариялауды ұсындым. Бұл бастама осы тамаша дәстүрді одан ары дамыту үшін аса қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста Президент жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың 2-отырысы жайлы сөз қозғады.
«Сол жиында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, үнемшілдік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап көрсеттім. Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді адал азамат деуге болады. Өйткені, сіздер жауапты жұмыс, сауапты іс атқарып жүрсіздер. Мен волонтерлердің еңбегі әрдайым жоғар бағалануы керек деп санаймын. Сол себепті елімізде жыл волонтері халықаралық сыйлығы белгіленді. Бұл марапат белсенді еріктілерге беріледі. Сонымен қатар ерен еңбегімен көзге түскен еріктілер жыл сайын «Шапағат» медалімен марапатталады», деді ол.