• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2023

Ауру – астан

309 рет
көрсетілді

Кентаудағы «Ризық-Раяна» дәмханасынан «пицца», «чикен» және «суши» алып жегендер дене қызуы көтеріліп, құсу, іштің өтуі, жалпы әлсіздік, денесінің қақсауы бойынша дәрігерлерге шағымданған. Орталық қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне сейсенбіден бастап, кешегі бейсенбі күнгі мәлімет бойынша тағамдық токсикоинфекциямен 92 науқас қаралыпты. Өкінішке қарай, бұл сан әлі де көбеюі мүмкін. Дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің ішінде 67 науқас инфекциялық стационарға жатқызылған.

Кентау қалалық орталық ауру­ханасының бас дәрігері Асылбек Өтебаевтың мәлімдеуінше, ауру­ханаға жатқызылғандардың 27-сі ересек, қалғаны балалар. Ере­сек­тердің үшеуі – жүкті әйел. «Ауру­ханаға жатқызылған барлық науқастың жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта. Сондай-ақ қанағаттанарлық жағдайдағы 28 науқас амбулаторлы емге жіберілді, оның ішінде 19 ересек, 9 бала бар. Науқастар жайында Кентау қалалық ТҚҚБ-ға шұғыл хабар беріліп, тиісті талдамалар алынып, бактериологиялық тексеруге жіберілді. Жұқпалы ауру­лар бөлімшесінде 40 төсектік орын бар, науқастардың көбеюіне байланысты қосымша тағы 40 төсек-орын қарастырылып, бекеттер ашылды. Науқастардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрі-дәрмектер жеткілікті. Жалпы жағдай толық бақылауда», деді бас дәрігер осы оқиғаға қатысты өткізілген брифингте.

Түркістан облысының са­ни­та­риялық-эпидемиология­лық ба­қы­лау департаменті басшы­сы­ның орынбасары Асқар Ысқақов бол­ған жағдай негізінде Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтты. Бір айта кетерлігі, дәл осы тамақтану орнында адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп келтірудің, яғни жаппай тамақ­тан улану жағдайы осымен үшінші рет тіркеліп отыр. «Бұ­ған дейін осы дәмханада 2022 жылдың тамыз айында 8 адам, ал қазан айында 168 адам уланып қалған болатын. Аталған деректер бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабыл­данған. Бірінші жағдайда жеке кәсіпкерге 230 АЕК айыппұл салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген. Ал 168 адам уланған екінші жағдайда Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Қылмыстық істің қаулысы негізінде СЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру де тағайындалған. Тексеру ке­зінде көптеген кемшілік анықтал­ған. Аталған қылмыстық іс 2022 жылдың 30 желтоқсан күні аяқта­лып, сотқа дейінгі тергеп-тексе­руді тоқтату туралы қаулыға сәй­кес қоғамдық тамақтану орны­ның иесі күдікті ретінде таны­лып, оның іс әрекетінде қыл­мыс­тық құқық бұзушылықтың құрамы анықталған. Алайда жәбірленушілермен татуласуына байланысты, қылмыстық іс тоқтатылғандығы жөнінде ҚПБ-ның қаулысы шығарыл­ған. Осыған байланысты, қа­лалық санитариялық-эпи­де­мио­логиялық бақылау басқар­масы тарапынан қоғамдық та­мақтану орнының иесі – жеке кәсіпкер Ж.Тәжібайұлына әкім­­шілік құқық бұзушылық ту­ралы хаттама толтырылып, іс-құжаттар қалалық со­т­­қа жолданады. Алайда сотқа жеке кәсіпкерге қа­тысты нақты сол факт бойынша тұлға­ны кү­дікті деп тану туралы қау­лы­ның болуына байланыс­ты іс тоқтатылсын деп қау­лы шы­ғарған. Тергеп-тексеру жұ­мыс­тары барысында нысан 46 орын­дық тамақтану орны ре­тінде ашылып, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәй­кес, эпидемиялық мәні болмашы объекті ретінде Кентау қалалық СЭБ басқармасына 2023 жыл­дың сәуір айында қызметін бастау ту­ра­лы хабар­лама жіберген», дейді облыс­тық санитариялық-эпи­де­мио­логиялық бақылау депар­таменті басшысының орынбасары.

Ал күні кешегі жағдай бо­йынша қалалық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен сотқа дейін­гі тергеп-тексеру бойынша қыл­мыстық іс қозғады. Құзырлы орындардың тергеп-тексеруі ба­рысында бір­қа­тар кемшілік анықталған. Мы­салы, нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ. Аспаздар мен даяшылар алдын ала профилак­тикалық медициналық тексеру­ден толық өтпеген. Жұмыс істейтін 20 қызметкердің тек 12-інде ға­на медициналық кітапша бар. Ши­кізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары да толық емес. Тағам дайындауға қа­жетті өнімдердің қайдан алын­­­ғаны белгісіз. Сондай-ақ өнім­дерді сақтау кезінде олар­дың тауарлық көршілестігі сақ­тал­маған, яғни ет өнімдері, құс еті, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, барлығы бір тоңа­зытқышта араласа сақтал­ған. Қызметкерлердің жеке және ар­найы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған. Өнімдердің жа­рамдылық мерзімдері өтіп кеткен. Асқар Ысқақовтың мә­лім­деуінше, зертханалық зерттеуге алынған сынамалар жұмыс үстінде.

Халық «Ауру – астан» деп бекер айтпайды. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында бұзылған та­ғам мен жеміс-жидектен улану қаупі жоғары. Бірақ Кентаудағы «Ризық-Раяна» дәмханасынан тамақтанғандар жазда ғана емес, былтыр тамызда және қазан айын­да да уланған болатын. Өкі­ніш­ке қарай, қазан айында 168 адамның денсаулығына зиян келтірген жеке кәсіпкер сол қате­ліктен сабақ алмапты. Сол кезде кешірім бергендер кешегі оқиғадан кейін өкінген де болар. Ал мұндай дәмханалардың тазалығы мен тамақ сапасын қадағалайтын жауапты мекемелер арыз-шағым түспесе тексеруге болмайды деген мораторийді алға тартып отыр. Яғни былтыр қазан айындағы оқиғадан кейін араға аз уақыт салып жұмысын қайта бастаған дәмхананың қызметі мүлде тексерілмеген.

 

Түркістан облысы