• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Шілде, 2023

Жүсіпбектің «Мәдени кіндігі»

1256 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды» деп айтқан еді. Шынында да, алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолында атқарған істері әлі зерделеуді қажет етеді. Жүсіпбек Аймауытұлының өміріне қатысты төмендегі дерек те осыны айғақтайды.

Жүсіпбек Аймауытұлының ұйытқы болуымен Әулиелі Қызылтау өңірінде ашылған «Мәдени кіндік» жайында естігеніңіз бар ма? Ғасыр бұрын тыңнан тұрғызылған тарихи ауыл ғылыми тұр­ғыдан мүлде зерделенбеген орынның бірі. Алаш ардақтысының идеясымен дүниеге келіп, жүздеген қазақ баласының сауат ашуына негіз болған рухани мекен бүгінде елеусіз жатыр.

Жуықта өңірлік «Алаш зиялылары­ның ізімен» атты экспедиция мүше­лері Әулиелі Қызылтауда болып, Жүсе­кеңмен байланысты мұраларды зерделеп қайт­ты. Павлодар облыстық Бұқар жырау атын­дағы әдебиет және өнер музейі мен Баянауыл аудандық әкімдігі бірлесіп ұйым­­дастырған рухани сапарға аталған му­зейдің басшысы Ербол Қайыров, Әл­кей Марғұлан атындағы ППУ-дың ғалым­дары Әділ­бек Әміренов пен Мұрабек Ома­ров, жер­гілікті өлкетанушылар Рамазан Нұр­ғалиев пен Мақсұтбек Көпжасаров қа­­тысты. Алаш ардақтысының 135 жыл­дығы қарсаңында тұлғаның туған же­рінде қолға алынуға тиіс шаруалар бар­шылық екенін көзіміз көрді.

Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Се­мей губерниясында оқу бөлімінің мең­­герушісі болып тұрғанда Баянауыл же­­ріндегі жас өрендердің білім алуына айрықша назар аударған. Бұған дейін қазақ даласында жұт болып, малынан айырылған халық аштыққа ұшыраған кезең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуы­мен Қызылтау өңіріне жинайды. Жер­гілікті байлардың демеушілігімен ас-суы, жатар орны ұйымдастырылып, жүз­деген қазақ баласының аман қалуына себепші болыпты. Осы кезеңде Жүсекең және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. Көнекөз қариялардан қалған, ауыл арасында айтылып жүрген әңгімелер­ге сенсек, 1921 жылы Алаш ардақ­ты­сы жер­гілікті төрт рудың ірі байла­ры­ның қар­жыландыруымен әлгі жерге әуелі бас­тауыш мектеп салуға ұйытқы бола­ды. Соңынан ағылып келіп жатқан бала­ның көптігін ескеріп, «Мәдени кін­­дікте» шаруашылық ғимараттары, жа­тақха­­налар бой көтереді. Атап айт­қан­да, қыздар мен ер балалардың бө­лек жатақханалары, асхана, бірнеше қой­ма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрі­­гер­лік пункт, әкімшілік ғимарат және ат­қора салынады. Біраз уақыт өт­кен соң бұл арада саман кірпіштен салын­ған кәдімгідей ауыл пайда болып, ауыл­дың батыс бөлігінде мал ұстайтын қора­лар тұрғызылған. Мұндағы мақсат – бай­лар жиып берген малды осында бағып-қағып, интернатта жатып оқи­тын балалардың ішер асын тұрақты ұйым­дастыру.

Мешіт-медресе орны

«Көмек көрсеткен байлардың арасында сол заманның ірі меценаттары ретінде Текебай мен Түйебайдың есім­дері айрықша аталады. Текебайда бала болмай, Жүсіпбектің ақылымен ол же­тім балалардың бірнешеуін өз тегіне жа­­зып алған екен. Содан жылдар өте Те­ке­­баев­тар әулеті көбейіп шыға келген. Олар­дан қалған жұрағат бүгінде аз емес. Ал Текебай мен Түйебайдың дүние-мүлкі кейін кеңес өкіметімен кәмпескеленіп, өздері Ресейдің Қарасуық өңіріне жер аударылып, сол жақта өмірден өткен. Ел арасында бұл жер «Мәдени кіндік» деп аталған. Біздің жастық шағымызда «Мәдени» деп қана атайтындықтан, ескі қоралардың бірі екен деп ойлап жүрдік. Жер атауы кісі есімімен байланысты болар деп жорамалдап келгеніміз де рас. 1999 жылдың жаз айында Баянауыл­­дан шыққан жеті генералдың бірі, со­ғыс ардагері Самат Бәкіров Қы­зылтау­ға арнайы келді. Жол көрсетіп, жа­нын­да жүрдім. Қозған елінің атақты бо­лысы Ағаш аяқ Мұстафаның зиратында болып, дұға еттік. Бұл аумақта қозған руынан шыққан белгілі тұлғалар, Бармақбай, Кәркей, Нұржанбай, Мәуке, Лекер және Мысықбай қажылар жатыр. Бір сәт генерал маған «Мәдени кіндікті» көрсет деді. Жолай ол жердің қандай ма­­ңызы бар екенін білмейтінімізді айтып, әңгімелеп беруін сұрадым. Сөйтсек, Самат Бәкірұлы жастайынан жетім қа­лып, осында жан-жақтан жиналған қа­зақ ба­лаларының арасында өсіп-өнген. Сонда Самат ағаның толғана сөй­легені есім­де қалыпты. Қаншама жас бала­ның Жүсіпбектің қамқорлығының арқа­сын­да тірі қалғанын жеткізді. Самат ағаның өзі 1925 жылы туған. Жүсіпбек құрған мек­тепте білім алып үлгермесе де, әлгі ауыл­да жетілген. Сол жерде ма­ған бар­лық ғимараттың орындарын нұс­қап, көр­се­тіп берген еді. Міне, содан бері «Мә­дени кіндіктің» тарихи маңызын түсіне бас­т­адық, дейді өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев.

Осы орайда жазушы, жүсіпбектану­шы Нұржан Қуантайұлына хабарла­сып, «Мәдени кіндікке» қатысты өзі біле­тін деректерімен бөлісуді сұраған едік. Алаш­­танушы ол жөнінде ешбір архивтік құ­жаттар жоқ екенін, тек сол замандағы кей­бір жайттарды ескерсек, Жүсіпбектің аталған білім ошағын құруға атсалысуы әбден мүмкін екенін жеткізді.

«1921 жылы Жүсіпбек Қызылтау өңі­рінің бір топ жас өренін, ішінде Абзал Қарасартов бар, Орынборға алып барып, рафбакқа оқуға түсіреді. Алаш ар­­дақ­­тысының өз туған жеріне деген қам­­­қор­лығы ерен болған. Сондықтан «Мә­­дени кіндік» сияқты ауыл мектебін ашу­­­ға ұйытқы болуы әбден ықтимал. Әрі бұл кезеңде жер-жерде мектеп­тер ашу мәселесі күн тәртібінде тұрған еді. Тұл­ға­ның өзі жазған өмірбаянында, тергеу ісін­дегі құжаттарда «Мәдени кін­дік» туралы ешбір дерек кездеспейді. Заманында Жүсіпбектің жан-жақты болғанын, туған жеріндегі белгілі тұл­ға­лармен, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп­пен үнемі байланысып тұрғанын ескерген жөн. Ауыл ба­лаларының жергілікті жерде білім алуына жағдай тудыру үшін салынған әлгі мектеп Жүсіпбектің қол­таңбасы болуы әбден мүмкін», дейді Нұржан Қуантайұлы.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Қызылтау елі үшін рухани ошаққа айнал­ған бұл жер қазіргі Жүсіпбек Аймауыт­ұлы пен Лекер ауылдарының орта­сында, жа­нынан сарқырап өзен аға­тын жазық жер­де орын тепкен. Таяу жер­де кезінде ағыл­шындар қазған көмір, алтын, күміс, мо­либден кеніштері бар. Ке­ніш­ті бойлай қонған қазақ ауылы көп болған. Әуелгі мақсат – соларға жа­қын жер іздеу. Аумақ Қарамолла мен Қызыл­тау болыс­тарының балалары үшін келіп оқуға тиім­ді еді. Бұл – «Мәдени кін­дік­тің» болғанын растайтын екінші дәлел.

Үшіншіден, географиялық картада бұл жер кеңес өкіметі тұсынан «Мадани» («Мәдени») деп көрсетіліп келеді. Жер-су атауының не себепті бұлай аталуы­на қатысты ешбір жерден нақты дерек кездестіре алмадық. Ғаламтордағы жер­се­ріктік карта арқылы қарағанымызда ауыл­дағы ғимараттардың реттілікпен, екі көше етіп салынғаны байқалады. Ол заманда тұрғызылған білім ошақтары­ның көбі «П» әрпі пішініне сай келеді. Рамазан Дінісұлының көрсетуімен жер жағдайын шолып шыққанымызда, мұн­дағы мектеп пен жатақханалардың «П» әрпіне ұқ­сас екені көзге түсті. Мек­теп орны деп көр­сетілген ғимараттың ірге­тасының ұзын­дығы – 46 қадам, ені 32 қадам болып шық­ты. Ғимарат он алты бөл­меден тұрған. Қа­бырғалары кезінде саман кірпіштен өріліп, төбесі бөренемен жабылыпты.

«Жүсіпбек бір жылы Орынборда­ғы Қазақ ағарту институтын тәмамдаған ­қа­зақтың ұл-қыздарының бір тобын «Мә­дени кіндікке» алып келіп, оқытушы ет­кен екен. Бұл деректі ауылдағы қария­лар­дан естідім. Мектептің жұмысы негізі 1922 жылы басталған. Ол уақытта қос бо­лыстықта қанша бала болғаны туралы қолымызда нақты мәлімет жоқ. Де­ген­мен қазақ отбасыларының көбі өз ба­ла­ларын осында оқуға бергенге ұқ­сайды. Мектеп пен жатақханалар 1928 жылға дейін үзбей жұмыс істеп келген. Өкініш­ке қа­рай, Жүсекең ұсталған соң жергілікті шолақ белсенділер оны жауып, таратып жібереді. Дүние-мүлкі таланып, ғимараттар қиратылып, кірпіші аудан орталығына тасылып, онда шаруашы­лық нысандарын тұрғызуға пайдаланылады. 1954 жылы тың игеру басталғанда бірнеше ғимарат қалпына келтіріліп, асхана ретінде ұсталған. Архивтік құжат­тарда бұл жер «Культпункт» деп ата­лады» деп әңгімесін жалғастырды Рамазан аға.

Өкініштісі, «Мәдени кіндік» – бүгін­­де еліміздің Мәдениет және спорт министр­лігі мен облыс басшылығы тарапынан еленбей отырған тарихи жер. Рамазан Дінісұлы бұл жерді қоршап, басына бел­гітас орнатып қоюды ұсынады. Белгітас кітаптың ашылған қос парағы тәріздес етіп жасалып, тарихи мекеннің маңызы туралы жазылып қойса дейді ол. Бұл бойынша жазып, сызып қойған жобасы мен мәтіні де әзір тұр. Тек қаражат жоқ. Белгітастың өзін жасатуға, мұнда жеткізіп орнатуға шамамен 800 мың тең­­ге­дей қаражат қажет болып қалар деп ша­малайды.

«Жүсіпбек Аймауытұлын ұлықтау­ға қа­тысты жұмыстарға қарнымыз аша­­ды. Кезінде мемлекет қайраткері, Қазақ­стан премьер-министрінің орынбасары (1996-1997 жылдары) болған Дүйсенбай Дүй­сеновтің қолдауымен Баянауыл ауданы орталығында Жүсіпбектің бюсті орнатылған. Алайда бюстің тұғыртасы граниттен қойылғанымен, ескерткіштің өзі кәдімгі гипстен жасалыпты. Қазіргі күні мәдениет үйінің алдында тұрған сол бюстің сұрқы кетіп қалған. Даналар даң­қы алаңында Жүсіпбектің ескерткішімен қатар, академиктер Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Әбікен Бектұровтың тас­тан қашалған бюстері тұр. Солардай етіп тастан жасалса. Үшінші бір мәселе, Жүсіпбектің әкесі мен ата-бабалары жат­қан зиратты заманға сәйкес қоршауға бү­гінде мән берілмей отыр. Төртіншіден, Жүсіпбек дүниеге келген жердегі белгі­тастың жазуын жаңалап, іргетасын дұ­рыстау керек. Ол тас 1989 жылы қо­йылып, «Бұл жерде қазақтың көрнекті қо­ғам қайраткері, жазушы, ғалым-педа­гог Жүсіпбек Аймауытұлы 1889 жылы дү­ние­ге келді» деп жазылған. Асығыстау жа­салған дүние ме, тас топыраққа дұрыс бекі­тілмепті. Жан-жағы шайылып, жыл өт­кен сайын еңкейіп барады. Жазу түсі­­рілген тақтатасы да ортасынан қақ айы­ры­лып, оны темір құрсауға салып қой­дық. Аталған мәселелерге аудан ғана емес, об­лыс басшылығы да назар аударуы керек деп есептейміз. Ұлылар туған жер­де Жүсіпбекке қатысты белгілердің жетім­сіреп, кенеуі кетіп тұрғаны жарас­пас. Биыл ауылды аудан орталығымен бай­ла­ныстыратын күре жолға асфальт төсе­ліп жатыр. Ел-жұрттың жол азабынан құ­ты­латыны қуантып отыр. Алайда Жүсіп­бек Аймауытұлын сырттан іздеп келе­тін қонақтарға не көрсетеміз? Мәселе осынд­а тұр. Оның үстіне келер жылы тұл­ға­ның туғанына 135 жыл толады» деп қынжылады Рамазан Нұрғалиев.

* * *

Жүсіпбек туған қасиетті мекен ежелден «Әулиелі Қызылтау» өңірі деп аталады.

«Баянауыл, Қызылтау,

Абыралы, Шыңғыстау,

Қозы Маңырақ, қой Маңырақ,

Арасы толған көп қалмақ.

Қалмақты қуып қашырдық,

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай таудан асырдық.

Ақ Шәуліге қос тігіп,

Ауыр қол жинап алдырдық,

Қалмаққа ойран салдырдық.

Қабанбай мен Бөгенбай,

Арғын менен Найманға

Қоныс қылып қалдырдық», –

деп Үмбетей жырау жырлайтын Қызылтау атырабы осы. Баянауыл өңірі бойынша ең биік нүкте де осында орналасқан (1055 метр). Қызылтаудың оңтүстік жағында «Құлан әулие үңгірі» бар. Аңызға сенсек, Құлан әулие адамдарға құлан, жануар бейнесінде көрінген екен. Кеңес өкіметі орнай бастаған жылдары шолақ белсенділердің бірі оны шиті мылтықпен жаралап, әулие өзге жаққа қоныс аударып кеткен деседі. Содан бері елден бақ ауып, жұрттың берекесі қашқан. Қызылтау аумағында ғұлама Мәшһүр Жүсіп, Жү­сіпбек Аймауытұлы, сатираның сардары Қадыр Тайшықов, Абылайдың бас батырларының бірі Шотана батыр, ақын Сақау Мәукеұлы, атақты ат сыншысы Күреңбай Бекұлы, ірі дін қайраткері, Көкілташ медресесінің түлегі Қалимолла Жантоқаұлы, өзге де қазаққа аты мәлім тұлғалар дүниеге келген. Бұл жерден 18 шақырым жерде атақты күрескер ақын Мәди Бопауұлының (Қарағанды об­лысының Егіндібұлақ ауданы мен Жүсіп­бек ауылын Түндік өзені бөліп тұр), Әулиелі Сарыөлең жақта атақты алаш­ордашы Сәлемхат Күленовтің дүниеге келген жерлері бар.

Бұл сапарымызда экспедиция мүше­лері Рамазан ағаның көрсетуімен Жүсіп­бек пен Мәшһүр Жүсіптің кіндік қаны тамған қоныстарына да арнайы бар­дық. Әуелі Дәндебай жазығындағы зират-қо­рымға ат басын бұрып, дұға жаса­дық. Мұнда Ж.Аймауытұлының атасы Дән­дебай, әкесі Аймауыт (Оймауыт), ше­шесі Бәтима, ағасы Ахат, Аймауыт іні­лері – Оспан, Иса, басқа туыстары жерленген. Молалар маңайы расында жүдеп, айналасын мал тезегі басып кеткен. Ал «Дәндебайдың Сарышоқысы» деп аталатын жердегі Жүсіпбек туған қоныс та ескерусіз жатыр. Ондағы бел­гі­тас жайында жоғарыда айтылды. Жал­пы Дәндебайдан бес ұл тарайды: Ой­мауыт, Торғауыт, Әбдіраман, Ос­пан, Иса. Ой­мауыттан Жүсіпбек туған. Жүсіп­бек­тің шын есімі – Түсіпбек екенін де біл­ген абзал. Ел аузында «Оймауыттың Түсіп­бегі» аталған.

Экспедиция мүшелерін ерекше қы­зықтырған тарихи орынның бірі – шамамен 1911-1912 жылдары хазірет Әбіл­дә Иса­бекұлы салдырып, бала оқыт­қан ме­шіт-медресе орны. Бұл діни оқу орнында заманында Жүсіпбек, жазу­шы, атақты сатирашы Қадыр Тай­шықов сауатын ашады. Әбілдә хазі­рет Бұқарадан керуен тарттырып, 10 түйе­мен 10 мәрте барғызып, үйіп-төгіп діни кітап алдыртқан. Сонда түйеден түсі­рілген кітаптар атырапты алып жатады екен. 1936 жылы большевиктер медресені талқандағанда, жұрт оның ішінде қаланып тұрған құран кітап­тың барлығын Қадырдың атасы Тай­шықтың моласына апарып үйген. Тай­шық атаның кесенесі биіктеу әрі үсті ағашпен жабылғандықтан, кітаптар ұзақ жылдар бойы сақталып келіпті. Алайда кейін төбесі жанып кетіп, кітаптар бүліне бастаған соң жергілікті азаматтар бүтін қалғандарын үйлеріне тасып алып кеткен. Жүсіпбек ұстаған құран кітаптың бірін Рамазан Нұрғалиев аман сақтап қалып, Баянауылдағы Мұса мырза мешітіне тап­сырыпты. Әлгі кітаптың алғашқы беті­не белгісіз біреу латын әліпбиімен мед­ресенің өртелген уақытын жазып қал­дырған. Тарихи жәдігерді сапар соңынан Баянауыл ауданының бас имамы Саян Қожин Бұқар жырау музейінің директоры Ербол Қайыровқа ұстатып жібергенін айтып өтейік.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Әулиелі Қызылтау мекені