Қант өнеркәсібінің түпкі мәселелері шешілмейінше, импорттаушыларға тәуелділік бола береді. 2021 жылғы мәлімет бойынша республикамызда отандық шикізатты өңдеу есебінен ішкі нарық қантпен небәрі 7%-ға қамтамасыз етілген. Қалғаны – өңдеуге арналған импорттық шикізат пен дайын түйіршіктелген өнім болды.
Соңғы бес жылдағы динамикаға қарағанда, елімізде қант қызылшасы егістігі биыл алғаш рет екі есеге жуық ‒ 10,2 мыңнан 19 мың гектарға ұлғайып, өсім 87,1%-ды құраған. Energyprom мәліметі бойынша, өткен жазда елімізде болған қант дағдарысынан кейін қызылша егістігінің алқабы күрт ұлғайтылды. Импорттағы кедергілер де ішкі өндірісті дамыту керектігін көрсетті. Дереу 2022-2026 жылдарға арналған қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары әзірленді.
Жоспарды дайындаған Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасының тапшылығын жыл сайын егіс алқабын кемінде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы шешуді ұсынып отыр. Сөйтіп, 2026 жылға қарай қызылша егістігі 38 мың гектарды құрауға тиіс. Алайда, мәселе егістік аумағын ұлғайтумен ғана шектелмейді. Өйткені бізде климаттың құрғақтығына байланысты тәтті түбірді суармалы егістіктерде өсіруде қиындық бар. Мамандардың айтуынша, су тапшылығы, суару желілерінің тозуы және басқа да күрделі инфрақұрылымдық мәселелер суармалы егістік алқаптарын ұлғайтуға кедергі болып отыр.
Жоспарда көзделгендей, алдағы үш жылда елімізде ылғал үнемдеу технологиясы қолданылатын егіс алқабы көбеймек. Ал шаруаларды егістік суаратын сумен қамтамасыз ету үшін жерасты суы кен орындарына қосымша барлау жұмыстарын жүргізіп, суару желілерін қайта құру арқылы шығынды болдырмауға күш салу қажет.
Диқандар болса қызылша алқабын 120-150 мың гектарға, яғни министрліктің жоспарлы көрсеткішінен кемінде үш-төрт есеге арттыру арқылы ғана қант өнеркәсібін шикізатпен толық қамтамасыз етуге болады деп есептейді. Мұндай мәліметті АӨК Қазақстан іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы Қанат Әбілмағжанов АШМ жоспарына берген түсіндірмесінде келтірді. Оның айтуынша, оңтүстіктегі ауылшаруашылық жерлерін тек қант қызылшасына ғана пайдалануға болмайды, өйткені онда солтүстіктің климатына төзбейтін жоғары рентабельді жеміс-жидек дақылдары да егілуі керек. Ал қызылшаны орталық, шығыс және солтүстік өңірлердегі бос жерлерде өсіруге болады. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қазірдің өзінде тәжірибелік егіс жұмыстары жүргізілген. Дегенмен қызылшаны солтүстік облыстарда өсірген жағдайда, ол жерде дереу қант кластерін құру қажет болады. Өйткені қызылшаны тиеу мен түсіру кезінде өнім бүлініп, шығындалу қаупі туындайтындықтан, егіншілік пен өңдеу бір жерде болуы керек. Оның үстіне тасымал да қымбатқа түседі.
Тиісті сала мамандарының берген жауабына сүйенсек, АШМ алдағы уақытта қызылша егістігін көбейтуді жоспарлап отыр. Нұсқалардың бірі ‒ «Ертіс-Қарағанды» арнасына жақын аумақ. Бұл арада ылғал сүйгіш дақылға су тапшылығы мен суарудың қымбаттығы қызылша шаруашылығын тиімсіз етеді. Жамбыл облысы «Әулие-Ата» қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатовтың айтуынша, 2021 жылы суармалы су мәселесіне байланысты оның компаниясы 220 гектар жердегі қант қызылшасының өнімін толығымен жоғалтқан. Сол себепті келесі жылы егін алқабын үш есеге жуық қысқартуға мәжбүр болған.
Статистика көрсеткендей, қант қызылшасының егістік алқаптарының жалпы қысқаруы – былтыр 30%, ал бір жыл бұрын 4,5% болды. Бұл өз кезегінде қызылшаның жалпы өнімінен байқалып, көрсеткіш төрт жыл қатарынан азайды. Былтыр қызылша түсімі 305,7 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 8%-ға аз. Ал былтырғы түсімді төрт жыл бұрынғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырсақ, айырмашылық 40%-ға жуықтайды. Еске салсақ, 2018 жылы 504,5 мың тонна тәтті түбір жиналған.
Елімізде 305,7 мың тонна қызылша жиналғанда, қант өндірісі 281,8 мың тоннаны құраған. Бұл ретте өңдеудің жоғары пайызы жөнінде айту қате. Өйткені қызылша дақылының дайын өнім беру мүмкіндігі төмен. Яғни бір тонна қызылшадан 100-150 килограмм ғана қант алуға болады. Демек есептей келе, 305,7 мың тонна шикізатты өңдеуден 34 мың тоннадан сәл ғана артық қант алуға болатынын жобалаймыз. Елдегі қанттың негізгі бөлігі импорттық шикізаттан өндіріледі.
Осы себепті қант өндірісінің көрсеткіштері ауыл шаруашылығы статистикасымен сәйкес келмейді. Қант қызылшасының көрсеткіштері төмендеп жатқанымен, соңғы екі жылда өңдеу секторында өсім байқалады. 2022 жылы отандық төрт қант зауыты 281,8 мың тонна қант өндірді, бұл бір жыл бұрынғыдан төрттен бірге көп. 2021 жылы Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштің 60,9%-ға өскенін хабарласа да, өндіріс отандық шикізат есебінен көбеймегені анық.
Биыл бірінші тоқсанда елімізде түйіршіктелген қант өндірісі 67,7 мың тоннаны құрап, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,2%-ға өскен. Сырттан әкелінетін шикізатты қосқанда да отандық өндіріс халық қажеттілігінің 50,8%-ын ғана қамтамасыз етеді. Шетелдік жеткізушілер түйіршіктелген қанттың қажетті көлемінің 49,2%-ын импорттайды. Осылайша, қант өнеркәсібіндегі азық-түлік тәуелсіздігі туралы әлі айтудың реті жоқ. Сондықтан басқа елдердегі саясаткерлердің шешімдеріне тікелей байланысты биыл жазда елімізде тағы да қант тапшылығы болуы мүмкін. Бізге қантты негізінен Ресей Федерациясы жеткізеді. Ал Ресей билігінің қант экспортына уақытша тыйым салу туралы қаулысы еліміздегі тапшылық пен қымбатшылыққа әкелгені мәлім. Көрші ел тарапынан мұндай шектеулер биыл жазда да енгізілетіні туралы ресми мәлімет жоқ. Қазір бұл елде түйіршіктелген қантқа шамадан тыс сұраныс байқалмайды, сәйкесінше, баға да салыстырмалы түрде тұрақты.