Қазір оқушылардың көбі мектептен кейін оқу орталығына қосымша білім алуға барады. «Балам оқысын» деген ата-ана да ақшасын аямай курстарға жібереді. Әсіресе, іргелі білім ордалары мен белді жоғары оқу орындарына түсу үшін арнайы даярлайтын орталықтар бар. Қызметі ақылы болса да, баласын қатардан қалдырғысы келмейтін ата-ана көп. Сонда оқу орталықтарындағы білімнің мектептегі білімнен артықшылығы мен айырмашылығы қандай?
Қосымша білім алуға сұраныс та, ұсыныс та көп. Әсіресе, емтихан уақытында оқу орталықтарының жұмысы қыза түседі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу мақсатында оқушылар бір жыл бұрын, не кемінде алты ай бұрын арнайы курстарға жазылады. Дәл осындай мектепке дейінгі даярлықтан бастап, мамандандырылған білім ордаларына, жоғары оқу орындарына түсуге, пәндік олимпиадаларға дайындық курстары бар. Қазір ата-аналар баласының оқу үлгерімін жақсартуға немесе үй тапсырмасын орындау үшін де ақылы оқыту қызметіне жүгінеді.
Жыл сайын сұраныс артып жатыр. Мұны оқу орталықтарының даму қарқынынан байқауға болады. Мәселен, көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтар жақсы нәтижеге қол жеткізіп, мектеп ашқандары да бар. 2022-2023 оқу жылында Атырау, Ақтау, Қостанай, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында тек қазақ тілінде тереңдете сабақ беретін, ұлттық құндылық пен тәрбиені ұштастырған «Qazbilim» ұлттық лицейі ашылды. Компания жұмысын 2014 жылы ақпараттық портал ретінде бастап, 2016 жылы оқу орталығын құрған болатын. Содан бері 6 қалада мектеп, 10 қалада оқу орталықтары жұмыс істеп тұр. Орталықтарда 10 мыңнан астам, ал мектептерде 1 мыңға жуық шәкірт білім алып жатыр. Бұл оқу орталықтарына сұраныстың көп екенін көрсетеді. Айта кету керек, елімізде мектептер жетіспейтіндіктен, жекеменшік орталықтардың білім ордасына айналуы тиімді-ақ. Олар бәсекеге қабілетті болуы үшін сапалы білім бере алуға тиіс. Әрі мектепті мемлекет қана дамытуы міндет болмайды. Осылайша, сапалы білім беруде бәсеке қалыптасатыны анық.
Тоғыз жылдан бері түрлі олимпиадалардың жеңімпаздарын, ҰБТ-да жоғары ұпай жинап жүрген оқушыларды, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математикалық мектебі, «Зерде», «Дарын» мектептері, Білім-инновация лицейлері секілді мектептерге шәкірттерді даярлап жүрген «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің басшысы Рысбек Мәуіт жақсы нәтиженің негізі мықты маман мен материалдық база екенін айтады. Одан кейін озық оқу бағдарламасы мен тиімді оқыту тәсілдері болуға тиіс.
– Жақсы нәтижеге жетудің бірінші себебі – мұғалімдер құрамы. Себебі мықты мұғалім балаға өте жақсы түсіндіріп жеткізеді әрі нәтиже көрсете алады. Екіншісі – материалдық база. Басқаларға қарағанда ерекше тәсілдер пайдалану арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізеді. Осы бағытта жұмыс істегеннен кейін емтиханның жүйесі зерттеледі. Қай емтиханда болсын баланың логикасы өте маңызды. Біз төменгі сыныптардан бастап, осыған ерекше мән береміз. Сондықтан біздегі балалардың нәтижесі бірден байқалады. Біздің мектептен айырмашылығымыз қосымша білім болғаннан кейін «баламды оқытайын» деген ата-аналар көп келеді. Ақшасын салып, төлегеннен кейін ол жерде жауапкершілік болады, – дейді Рысбек Мәуіт.
Мектепке қатысты мәселе көтерілгенде оқулықтардың сапасы мен мұғалімдердің мәртебесі де жиі айтылады. Жауапты министрлік тарапынан жыл сайын педагогке қойылатын талап жоғарылап, маман сапасын көтеру қолға алынғанын көріп жүрміз. Дегенмен оқулыққа, оқу бағдарламасына қатысты мәселенің әлі де өзекті екені байқалады. Заңда оқу орталықтарының да білім бағдарламасы болуы керек деген талап бар. Сондықтан мұндай орталықтар өз оқу жоспарын бекітіп, өз оқулықтарын құрастырып шығады. Р.Мәуіт те осы оқулық құрастыру ісімен айналысады. Оның айтуынша, оқулықта ескерілуі керек көп дүние бар. Әр оқушыны өз деңгейінде оқыту аса маңызды іс. Ал мектеп оқулықтарында осы мәселе назардан тыс қалып жүр.
– Мектепте орын жетіспеушілік деген мәселе бар. Мәселен, бір сыныпта 30-дан аса бала отырады. Мұғалім барлық балаға сабақты түсіндіріп үлгермейді. Бізде бір топта ең көп дегенде 12 бала бар. Содан кейін айтылып жүрген бағдарлама, оқулықтың қиындық деңгейі деген сияқты мәселе көп. Оқулық жазу үдерісіне өзім де қатысып жүрмін. Сондықтан мектептегі білімге қарағанда осындай айырмашылық бар. Одан кейін оқу орталығындағы шәкірттер деңгейге бөлінеді. Мысалы, оқушыны өз деңгейінде оқыту өте маңызды. Біреуі тез игеріп кетеді, енді бірі игере алмай жатады. Яғни екі бөлек деңгейді бірге оқытуға болмайды. Бізде авторлық кітаптар мен оқулықтарымыз бар. 1-11-сыныптардың математикасы мен ағылшынына дейін қамтылған. Барлығы жоғары деңгейде жазылған. Сондай-ақ біз тек білім берумен айналыспаймыз, авторлық олимпиадалар да ұйымдастырамыз, – дейді ол.
Балаға білім мектепте де беріледі және арнайы қосымша үйірмелер де бар. Алайда ата-ана ақылы қызметті таңдайды. Өйткені ақшасын төлесе, жауапкершілік болады деп сенеді. Солай да. Орталықтардың үлкен білім ордасына айналуы сұраныстың жоғарылауына байланысты болып отыр. Өйткені келген оқушыдан нәтиже байқалады. Осы тұста әрі мектепте білім алып, әрі қосымша курстарға бару балаға қиын болмай ма деген сұрақ туады. Дегенмен орталықтардың білім беру тәсілі мектептегі жүйеден өзгеше.
– Оқушы түске дейін мектепте оқыса, түстен кейін қосымша курстарға келеді. Бұл ауырлық етпейді деп ойлаймын. Себебі қосымшаға келген бала мектептегі сияқты 5-6 сағат оқымайды. Мысалы, математика мен ағылшынға бір-бір сағаттан келген бала күніне 2 сағат қана жұмсайды, аптасына 3 рет келіп кетеді. Одан бос уақыттарында басқа да курстарға қатысып жатады. Балаға құйған инвестицияға сай нәтиже шығып жатқанын көзбен көріп жүрміз. Ал балалар керісінше біздің орталықтарға қызығушылықпен келеді. Себебі бұл мектептен тыс орта әрі оқыту тәсілі бөлек. Сондықтан лайықты көмегі тиіп жатыр деп ойлаймыз, – дейді «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің басшысы.
Мектеп мұғалімдері де бала санының маңызды екенін айтады. Сондай-ақ жауыр болған дүние де көп дейді.
– Баланың саны неғұрлым аз болған сайын сабақты түсінуі жақсы болады. Мысалы, көрсеткіш бойынша оқушы саны аз мектептер ҰБТ-дан жоғары ұпай жинайды. Кейбір оқушылар көпшілікпен бірге үйрене алмай, ал оңаша оқытса ғана қабылдауы мүмкін. Мұндай оқушылардың орталықтарға барып білім алғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал мұғалімдердегі басты мәселе – құқығының төмен болуында. Өйткені қандай жағдай болса да әркез оқушы мен ата-ананыкі дұрыс болып шығады, – дейді Павлодар облысындағы Қалқаман орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Аршагүл Ермекбай.
Астанадағы №72 мектеп лицейі информатика пәнінің мұғалімі Айдана Шалқарқызының айтуынша, мектепте орын жетіспегендіктен бір сыныпта кемінде 20-30 бала отырады. Бала көп, мұғалім біреу. Бұл оқу сапасына әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені бір-екі сағаттың ішінде олардың әрқайсымен жеке жұмыс істеу мүмкін емес. Әсіресе, тәжірбиесі аз жас мамандарға қиын. Ал сапалы білім беру үшін әр балаға әртүрлі жолмен түсіндіру керек.
– Әрине, барынша оқушыны қызықтыратын тәсілдердерді пайдалана отырып, сабақ өткіземіз. Ал балалардың оқу орталығына барып қосымша білім алуы оқушының жағдайына байланысты. Дегенмен мектепте мұның барлығы қарастырылған. Оқу орталығы деген кейіннен қалыптасты ғой. Мектепте үйірмелер, қосымша сабақтар бұрыннан бар. Бірақ қазір ата-ана мектептің біліміне сенімсіздік танытады. Олар 30 оқушының ішіндегі балаға көңіл бөлінбей қалуы мүмкін екенін біледі. Сондықтан орталықтардың қызметіне жүгінеді. Шын мәнінде, мектепте сабақ беріп жүрген мұғалімдердің барлығы бірдей мықты емес. Олардың деңгейі әртүрлі. Алайда мұғалімнің біліктілігіне әсер ететін кейбір факторды жоққа шығара алмаймыз. Оның ішінде ата-ананың, мұғалімнің, оқушының бірі-бірімен қарым-қатынас мәселесі өзекті. Ішінара кикілжің көп болады. Мектептегі буллингтің өзі сапалы білімге үлкен кедергі. Сотқа дейін жеткен істер қаншама. Содан ата-ананың баласына артық сөз айтқызбайтыны тағы бар. Меніңше, мұғалім орынды дүние айтса, оны қабылдау керек. Жалпы, мұғалімнің күш-жігері осындай мәселелерді шешуге кетіп қалып жатады, – дейді Айдана Шалқарқызы.