«Өнер алды – қызыл тіл» деп Абай бабамыз айтқандай, ежелден сөз құдіретін сезіне білген халқымыз «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп айтарын ашық айтқанымен, «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп, жауапсыз лақпа сөзден бойын аулақ салып, бір ауыз жөн сөзге тоқтай білген.
Сол ата дәстүріміз кеңес заманындағы ұлтсыздандыру саясаты мен тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі еуропалық ашық-шашық демократияға еліктеп-солықтаудың салдарынан ұмытыла жаздап, оның қадірін енді ес жиып, етек жинап, етене ұлттық құндылықтарымызға бет бұрған қазіргі кезде ғана түсініп отырған жайымыз бар.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 16 наурызда жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады.
Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», деген болатын.
Үкіметке берілген осы тапсырмаға сәйкес бұқаралық ақпарат саласындағы уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 1999 жылы қабылданғандықтан ескіріп, бұқаралық коммуникациялар саласындағы қазіргі заман талабына сәйкесе алмай қалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның орнына сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған шектеулер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін жаңа «Масс-медиа туралы» Заңды әзірледі. Бұл дәстүрлі БАҚ пен ғаламтордағы әлеуметтік желілердің атқарып отырған рөлі мен мән-маңызы жете ескерілген заманауи құжатты Парламент депутаттары талқылау үстінде. Бұған қоса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған тағы бір жаңа да аса қажетті құжат – «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы оған 10 шілдеде қол қойды.
Еліміздің ақпараттық кеңістігінде әлеуметтік желілердің аты озып тұрған бүгінгі уақытта онлайн-платформалар мен онлайн-жарнаманы заңнамалық тұрғыдан реттеуге мүмкіндік беретін аталған заңның маңызы ерекше. Онда онлайн-платформалар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, еліміздің ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқыққа қайшы контентке жол бермеу, онлайн-платформаларда балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау, адамның дербес деректерін жинау жəне өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету міндеттері белгіленген.
Мәселен, онлайн-платформалардың меншік иелері уəкілетті органның сұрау салуын алғаннан кейін 24 сағат ішінде оны қарауға, адамның өміріне қатер төндіретін құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда құқық қорғау органдарын дереу хабардар етуге, кəмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға, уəкілетті органның нұсқамасы негізінде ел аумағында құқыққа қайшы контентті, балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты таратқан аккаунттар қызметін тоқтата тұруға міндеттелген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске интернет арқылы жалған ақпарат таратушыларға айыппұл салу туралы түзетулер де енгізіліп отыр. Мысалы, жалған ақпарат таратқан онлайн-платформаны пайдаланушы адамға, егер оның əрекетінде қылмыстық белгі болмаса, 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал инфлюенсер (блогер) жасаған осындай əрекет үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осындай əкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған əрекеттер үшін онлайн-платформаны пайдаланушыға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы не ол 10 тəулікке дейінгі мерзімге əкімшілік қамаққа алынуы мүмкін. Ал блогер мұндай әрекетті бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда ол 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді не 15 тəулікке дейінгі мерзімге əкімшілік қамаққа алынады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, еліміздегі жас мөлшері 6-74 аралығындағы адамдардың 90 пайыздан астамы интернетті пайдаланады екен. Алайда ғаламтор осыған дейін ортақ қағидаттары жоқ, «әркім өз бетінше түйе айдаған» сала болып келді. Мұның өзі, әсіресе жарнама мәселесінде қолданыстағы заңнама аясында жұмыс істейтін дәстүрлі БАҚ үшін жосықсыз бәсекелестік туғызды. Цифрлық маркетинг, медиа және коммерциямен байланысты нарықты зерттеумен айналысатын америкалық eMarketer компаниясының мәліметі бойынша интернет-жарнамаға жұмсалатын қаражат көлемі жыл сайын 15 пайызға артып отыр. Бұл жөніндегі көрсеткіш қазір елімізде 34,4 млрд теңгеден асып түскен. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңда халықаралық тәжірибенің негізінде онлайн-платформалардағы және инфлюенсерлердің (блогерлердің) коммерциялық коммуникацияларындағы бүкіл жарнаманы барынша мөлдір ету тетіктері қарастырылған. Енді қоғамдық пікір көшбасшылары, танымал тұлғалар, блогерлер мен вайнерлер, онлайн-платформада коммерциялық қызметпен айналысатын басқа да адамдар өз қызметін тек заң негізінде атқаруға міндетті.
Еуропалық одақтың Digital Services Act деп аталатын цифрлық қызметтер туралы заңының талаптарын біздің елдің ерекшеліктерімен үйлестірген жаңа заң шетелдік әлеуметтік желілерді қазақ тіліне бейімдеуге де жол ашады. Енді онлайн-платформаның меншік иесі қазақ тілінде интерфейсті пайдалануға және контенттің қазақ тіліне автоматты түрде аударылуына мүмкіндік жасауға тиіс.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен отырысында мемлекеттің ақпарат саясатының тиімділігін арттыру туралы айта келіп: «Қазір Батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе жалған мағлұматтарға, яғни fake news-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті ықпалды елдер бар. Ал жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін», деді. Мемлекет басшысы ақпарат саласында алға қойып отырған осындай маңызды міндеттерді іске асыруға «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң мүмкіндік туғызады деп санаймыз.