• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 14 Шілде, 2023

Сақтан ауылының сәлемі

322 рет
көрсетілді

Құрқылтайдың ұясындай ғана шағын ауыл Сақтан деп аталады. Талғар ауданындағы аумағы жағынан ең үлкен Қайнар ауылдық округіндегі 12 елді мекеннің бірін құрайды.

Алайда аудан орталығы мен ірі мегаполистен 30 шақырымдай жерде орналасқан ауыл іші жолы­ның жөндеу көрмегеніне 30 жылдан асып, халықтың мұң-зарына айналған. Жылдар бойы шешімін сарыла күткен жолдың «жыры» биыл бітіп, тұрғындардың жүзіне қуаныш ұялады. Мұндағы еңбек­те­ген баладан еңкейген қартқа де­йін мәз-мейрам болып, тіпті ауыл тұрғындары атынан Алима Оспанова осы бір жүрекжарды қуаныштарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған екен.

– Бұл ауылға қоныс аудар­ға­нымызға алты жыл болды. Содан бері осы жол мәселесін жыл са­йын айтып келеміз. Тұрғындардың дені, соның ішінде өзім де Алматы мен Өтеген батыр кентіне, Талғарға қатынап жұмыс істейміз. Жауын-шашында аяғымыз батпаққа батса, ашық күндері борпылдақ шаңға көмілетінбіз. Содан кейін бала-шағаға аяқ киім де шақ келмейтін. Осы мәселені айтып 2019 жылы ауыл тұрғындары атынан облыс әкіміне «жолымызды жөндеп берсе» деген хат жолдаған едік. Көп ұзамай жауабымызды алдық. Онда қаржы бөлінетіні туралы айтылған. Алайда сол кездегі коронавирус пандемеясына байланысты карантин басталды. Одан кейінгі жылдары облысымыз екіге бөлінді, осылайша, көтерген мәселеміз күрмеулі күйде қалып қойған. Сосын биыл тұрғындар жиналып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш хат жолдадық. Нәтижесінде, Президент Әкімшілігінен жанға жағымды жауап алдық. Көп ұзамай міне, көшелерімізге асфальт төселіп, Құрбан айттың соңғы күндерінде жарқыраған жаңа, тегіс жолмен жүріп айттадық. Тұрғындар қуанышында шек болмады. Қарапайым ауыл тұрғындарының бір ауыз өтінішіне құлақ асып, көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына өзімнің және тұрғындардың атынан алғысымды жеткіздім, – дейді Сақтан ауылының тұрғыны Алима Оспанова.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының арқа­сын­да ауылдың ажары ашылып, көр­кі кіргеніне тұрғындардың үлкен-кішісі куә.

– Бұрын үйден ұзамайтын немерелеріміз бен балаларымыз көшеге велосипед, самокаттарын сүйреп шығып, ауыл іші мәз-мейрам күйге бөленді. Бір-бірімен араласып, ойнап, жаз күндерін көңілді де қызықты өткізе бастады. Бұрынғыдай кедір-бұдыр, ой-шұқыры жоқ, асфальтталған жолмен жүру үлкендердің де еңсесін тіктеп, жүздерін жадыратты, – дейді үш немеренің әжесі Алима Оспанова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы ауыл жолдарының проблемасына баса назар аударған болатын.

«Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыз­дық­тар­ды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», деген еді Президент сол Жолдауында.

Сақтандықтардың бүгінгі қуа­ны­шы – осы Президент тапсыр­ма­сының жүзеге асуының айқын бір көрінісі.

– Қайнар ауылдық округіне қарасты Сақтан ауылында 219 тұр­ғы­ны бар 39 аула тіркелген. Негізінен тұрғындар саны 300-ден асады. Ұзындығы 2 шақырымдық орталық көшенің асфальттануын тұрғындар он жылдан бері күткен. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында осы орталық көшеге асфальт төселді. Жыл басында ауылдың ескі электр бағандары жаңаға ауыстырылды. Алдағы екінші жарты жылдықта орта­лық көшені, яғни 2 шақырым көшені жарықтандыратын 60 бағана қойылады. Мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес мердігер анықталды, бір-екі ай көлемінде жұмыс жасалады, – дейді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Есенбаев.

Бұлттан шыққан күндей жүздері жай­наған Сақтан ауылының тұрғын­дары ендігі кезекте тым болмаса Құл­жа күрежолына жеткізетін қоғам­дық көлік пен ауылға газ тарту, мектеп салу мәселесі де ескерілсе деген тілек­терін айтып қалды.

 

Алматы облысы