Атырау қаласының әкімшілік аумағына кіретін Дамбы деген ауыл бар. Елді мекен тұрғындарын толғандыратын жайттың бірі – Каспий жағалауында жиі тұтанатын қамыс өртінің зардабы.
Қамысты кәдеге жаратуға бола ма? Аталған ауылда тұратын мектеп оқушысы Жанель Шайдолла оны құрылыс саласына пайдаланудың жобасын ұсынып отыр.
«Бұрын қамысты тұрғын үй қабырғасына қолданғанын естіген едім. Сондай үйлер әлі де бар. Ал әлемнің көптеген елінде қамысты құрылыс индустриясына кеңінен пайдалану қолға алына бастады. Қамыс пен цементтен құйылған бетонмен үйдің қабырғасын тұрғызуға, шатырын жабуға қолданудың экологиялық тұрғыдан тиімділігі бар. Өйткені қамыс салқын кезде үйдегі жылуды, ал ыстықта қоңыр салқын температураны сақтап тұрады. Бірақ құрылыс материалына сапалы қамыс қажет», дейді Жанель Шайдолла.
Оқушының жетекшісі Нұргүл Имамұратованың пікірінше, қамыстан қалыңдығы 20-30 см шатыр жабындысын жасауға болады. Мұның бірнеше себебі бар.
«Біріншіден, қамыстың су өткізбейтіні дәлелденген. Екіншіден, қамыс құрамында ақуыз болмағандықтан, шыбын-шіркей секілді жәндіктер жиналмайды. Үшіншіден, қамыстан жасалған шатырдың төзімділігі 30 жылға дейін жетеді», дейді Нұргүл Имамұратова.