Абай облысы Ақсуат ауданында қазақ күресінен өтіп жатқан «Тұғыры биік Тарбағатай» деп аталатын Ырғызбай Досханаұлы атындағы 10-шы халықаралық турнирінде үш қазақстандық спортшы чемпион атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осымен 10-ыншы рет ұйымдастырылып отырған аталмыш байрақты бәсеке биылғы жылы халықаралық деңгейге шыққан. Оған Қазақстаннан бөлек әлемнің 15 елінен балуандар қатысып жатыр.
74, 90 және 100 келіден жоғары түйе балуандардың бозкілемдегі белдесу финалдарында қазақстандық балуандар чемпион атанды. Атап айтқанда, 74 келі салмақтағы Қуандық Шадияр мен 90 келіде Әсет Ахметжанов асықтары алшыларынан түсіп, алтыннан алқа тақты. Ал 100 келіден жоғары салмақта Нұрым Сәлімгереев Гран-при жеңімпазы атанды.