• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Тамыз, 2023

Арылу аксиомасы

257 рет
көрсетілді

Өлімнен қашқан Қорқыт зары, Желмаясына мініп жерұйық іздеген Асан қайғы болмысының мәні біз ойлағандай болмауы мүмкін. Әрине, талғамға талас бар. Адам жалғыздығына бойлап, өлім сырына үңілгенде ғана өмір бөлшектерін шынайы тани түспек. Алып бұлтқа барар саты болса, ол тек жалғыздық атты баспалдақтардан құралған.

Толстойдың өмірден озған тұ­сын Ромен Роллан «Толстой деген соғыс тоқтады» деп суреттейді. Шынында, оның өмірі ішкі майдан шебінде өтті. Бәсеңдеу, қайта жану, басқа болып ұйықтап, өзге болып ояну, сараптау, таразылау, күйіну, өкініш пен жаңаруға талпынған жігер, ар-ұят сотына қақталу...

«Иван Ильичтің өлімі» повесі 1986 жылы жарық көрді. Бұдан екі жыл бұрын ғана атақты «Ары­лу» шығармасы оқырманға жол тарт­қан болатын. Сірә, бұл шақ жа­зушының жан сала өмір ақиқатын ұғынуға ұмтылған мезеті. Тіпті өлі тілді санада жаңғыртуға күш салған талапшыл жігерімен өзді-өзін қойша жұмсап, жаны жер бетілік кеңістіктен алыстаған тұсы.

«Иван Ильичтің өлімін» үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы, ауруға шалдығуға дейінгі қалыпты өмір, екінші, аурумен бетпе-бетпе келген кезі, үшінші, өлімге бойсұнып, өмір сыры мен өз ішіне құлаған уақыт.

Алғашқы кезеңдегі Иван Ильич­­тің қарақұрым көпшілік адам­­­дардан айырмасы жоқ. Заң­гер­лік оқу, оқудың бірінші жы­лын­да шынайы достық, пәк арман, тәтті қиялдар, губернатордың қыз­­­метінде жүрген күндер, қыз­ға деген ізгі махаббат, үйлену, отба­­сы­лық қарбалас өмір, жақсы үй­ге, жақсы қызметке талпыну... Кейіпкердің физикалық өмірін сап тыйып, рухани өмірге үңілуге себеп болған уақыт күрделі аурумен бетпе-бет келген кезі. Мұнан соң кейіпкер жалған тірліктен баз кешіп, ойсыз өткен күндерін сана­мен сарылып шола бастайды. Көз­ге көрініп, көңілге сезілме­ген тұңғиық мағыналарға құлаш ұрады.

«Неғұрлым өмірі мәнсіз бол­ған сайын ажалы да жақындай түсіпті. Мол ақша, жаңа лауазым, сұлу әйел үнемі өзін биікте жүргендей көрсететін. Ал енді қараса, өмі­рі аяғының астынан зуылдап өте шы­ғыпты. Енді иттей боп қина­лып өлейін деп жатыр... Сонда қалай? Қалайша бос­қа өмір сүргенмін? Өмірімнің мәнсіз, сұмпайы болуы мүмкін емес. Егер мәнсіз ғұмыр кешсем, онда неге өлейін деп жатырмын? Неге азапты өлім? Нені дұрыс жасамадым? Қай жерден қате кетті? Қалайша мені қара ­басты? Ильич өмірінен ауыз толтырып айта қоятын мағына тап­пай, қат­ты қорқып кетті».

Шарасыздық қарақұрдымына түскен Иван Ильич арпалысқан жан дүниесінің түбінен бір сәтте жылт еткен жарық көреді. Ол – өзгелер үшін өмір сүруге ұм­ты­лу. Жақсылық етуге мұршасы бол­маса да, маңындағыларға ауыр­лық салмау. Ойлап қараса, оны шын аяп, қамқор болар­лық кісі жоқтың қасы. Жанашыр бол­ғансығанымен, бітпейтін шаруаларымен безініп, ерін ұшы­мен хал сұрағансып елеу­реген әйелі, күнделікті тірліктен аз ғана босағанда қасында болған туыс­тар, бәрі де кейіпкердің рухын қа­нағаттандыра алмайды. Тек кіші ұлының пәк мейіріммен қолы­нан сүйген сәтінде түнекке ұласқан кеудесінен тағы бір болмашы сәу­ле қараңдайды.

«Басында ауруы солқылда­ған­­да Ильичтің жанын көзіне көрсе­тетін. Қазір Ильич үшін тән ауруы­нан гөрі жан ауруы, ар-ождан­ның дерті қатты батты. «...Мүмкін дұрыс өмір сүрмеген шығармын» деген ой келді. «Бірақ жұрт сияқты өмір сүрдім ғой» деді екінші бір ойы. Жан дүниесі осы­лай арпалысып жатты. Енді маған не керек? Өмір сүру ме? Қай өмірді? Бұрынғыша мәнсіз өмірді жалғастыруды ма? Сот болып адамның тағдырын шешу үшін бе?».

Ақыры Ильичтің рухына бұ­рын сезінбеген, ақиқатқа ма­лын­ған өкініш пен аяныш сезімі ұялайды. Өзі бағаламаған, рен­жіт­кен құрбы-құрдастарын, туыс-туғандарын ойлап, өкінген сәтте жан дүниесі жаңбырмен жуған жемістей жаңарып, жеңілдік сезінеді. Бойын қинаған дерт те ұмытылып, өлім қорқынышы бір­жола бәсеңдейді. Ол қате істе­ріне өкінген, басқаларды аяп, жаны ашы­ғанда ғана дұрыс өмір сүр­ген­дей күйді бастан кешіреді. Арылу деген, Құдай алдында ағару деген кінәңді мойындап, жүректі босату болар, сірә. Мүмкін, қайта туу, қайта ояну дегеніміз де біз ойлаған физикалық қалып емес, жан дүние­нің атқарымдары секілді.

Толстой Иван Иличьтің өмірі арқылы тән өмірімен шектелген пенделерді келемеждейді. Нағыз өмір өзіңді тануға ұмтылған сәттен басталатынын меңзейді, ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратады. Расында, «тән өмірі адамға зарар тарттырады». Себебі, Руми айтқандай, «тән қызғаныш ұясы». Ал адамның басты міндеттерінің бірегейі – жанды қорғау. Дантенің «Құдіретті комедиясында» жан­ның сәулелі биікке өрлеуіне кедер­гі келтіретін үш жыртқыш бар. Олар: сілеусін, арыстан және қан­шық қасқыр. Данте сілеусін ар­қы­лы нәпсіқұмарлық, арыстан ар­қылы менмендік, қаншық қасқыр арқылы ашкөздікті әшкерелейді. Яғни біз жанымызды қорғауға сел­қос қараған күні, онда қауіпті «жыртқыштар» мекен етуі мүм­кін. Ішкі «жыртқыштар» азабы дене жарақатынан әлдеқайда ауыр, күрделі.

Мәнсіз өмір – мағынасыз­дық шеңбері. Мәнге ұмытылуды до­ғар­ған жанды өлім ызғары оңай-ақ жаралайды. Ильичті де ажалға алып соққан мәнсіздік құбыры еді.