• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Тамыз, 2023

Ұстаз бен шәкірт ұсынған қолтаңба

262 рет
көрсетілді

Әңгіме жазушы кітабының оқырманына берілетін қолтаңбасы жөнінде өріл­мек. Қасиетті кітап жөнінде ғұламалар – Мұхтар Әуезов: «Әрбір адамның ең жақсы досы, өмір досы – кітап болуға тиіс», Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік», Әбіш Кекілбаев: «Кітап, кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты», деп өнегелі пайым қалдырған екен.

Мен, ғұмырын мектепте шә­кірт тәрбиелеумен өт­кер­ген, саналы өмірінің жарты ғасы­рын Хан-Тәңірі тауының бет­кейінде ұлағатты ұстаз болған Әкім­қожа Садыровтан мұраға қал­ған кітаптарға берілген қол­таңбалардың екеуiне ғана тоқ­талуды жөн санадым. Бұл туралы Қазақ педагогикалық институты тіл және әдебиет факультеті­нің 1939 жылғы түлегі Әкімқожа Са­дыровтың естелігін оқып көрелік.

«Мен үшін қолтаңбалар ал­ған кітаптарымның ішінде екі кітаптың орны ерекше. Бiрi – әлем­дiк әдебиеттiң алып сеңгiр­лерiнен саналатын, кезiнде талай жасқа қамқоршы болған, көп адамның есiнде қарапайым да жайдары аға бейнесiнде қалған Мұхаң, ұлы Мұхтар Әуезов қолтаңбасы турасында. Екiншiсi – қарны жарқыраған бала кезi, бой тiктеген өспiрiм шағы қа­шанда көз алдымнан кетпейтiн Бер­дiбек Соқпақбаев туралы. Бiрi – ұстаз. Екiншiсi – шәкiрт. Барша қазақ ұлына ұстаз болған қаламгер, кемеңгер жазушы­ның саған да iлтипаты түскенiн өзгеше бақыт деп түсiнесiң. Ал өзiңнен дәрiс алған кешегi қара баланың ел таныған талант иесi дәрежесiне көтерiлуi – әрi сүйiнiш, әрi мақтаныш.

1942 жылы «Абай» рома­ны­ның бiрiншi кiтабы жарық көрдi. Әрине, ол кезде роман­ның болашақта қазақ әдебиетiнiң мәртебесiн өлшеусiз өсiретiн, романнан жери бастаған Еуропа жұртшылығын таң қалдыратын феномендiк құбылыс екендiгi белгiсiз едi. Әйткенмен қалың оқырман әдебиетке жаңаша бiр леп келгенiн түйсiкпен сездi. Кiтаптың бөлек бiтiмiн толық тани алмағанмен, бұрынғы, көз­таныс дүниелерден әйтеуiр ерек­шеленiп, өркештенiп тұрғаны­на көңiл сендiрдi. Кiтапты ат са­был­тып iздеген, бiр-бiрiне өзгеше сый ретiнде тартқан жандарды да көзiмiз көрдi. Алғашқылардың бiрi болып мен де романның төрт-бес данасын алып қойдым. Бiрiн өзiме, қалғанын көңiл қимас дос-жаран қалап қалса деген оймен (солай болды да). Бас алмай құныға, қызыға оқып шықтым. Көп нәрсенi соқыр түйсiкпен ғана болжағанымды, толық қабылдап, тұтас ұғына алмағанымды сезе­тiндеймiн. Араға бес-алты күн салып «Абайға» қайта оралдым. Күн артынан күн оздырып, асықпай, бажайлап оқи бас­тадым. Көз алдымда алып тау­дың жаңа қойнаулары, асыл тастың жаңа қырлары ашыл­ған­дай күй кештiм. Тiптi бұрын оқымағандаймын. Мiне, содан берi отыздан астам жыл өттi, «Абай жолын» әлденеше рет бастан-аяқ түгел оқып шықтым. Әр оқыған сайын жаңадан қолға алғандай халде боламын. Әр оқыған сайын бұрын байқамаған, байыптай алмаған қасиеттерi ашыла бередi. Көп ретте өзiмдi ұлан жазираның, ұлы жыныстың әр тарапынан бiр iз кесiп қана жүрген жиһанкездей сезiнемiн.

Хош... Әу баста қолма-қол пiкiр жазбақ болып едiм, артынша ол ниетiмнен бас тарттым (ара-тұра рецензиялар, сын мақала­лар жазып жүретiнмiн). Жалпы мақтау, жайдақ мазмұндау боп кетсе қайтемiн деп жүрексiндiм. Күрделi шығарманың қатпар-жықпылын тегiс зерделеп, па­йымды пiкiр айтуға, шынымды айтсам дайындығым аз сияқты көрiндi...

Сөйтіп жүргенімде Мұхаң­мен етене аралас бір курстасым маған: «Сені Мұхтар Әуезов үйге келіп кетсін деді», демесі бар ма... Күткенім бұйырып, ертесінде таңертеңгi сағат он шамасында Мұхаңның үйiне келдiм. Жазушы үйде, кабинетiнде екен. Жазу столының үстiнде жатқан алтын­ды түп, былғары тысты әл­дебiр қалың, көне кiтаптарды жай парақтап отырған Мұхаң аяқ тысырын естiп, мойнын бұрды да, толыса бастаған денесiн жеңiл қозғап орнынан көтерiлдi.

«Ау, Әкiмқожамысың? Ал кiр, кiр, батыр. Көрiнбей кеттiң ғой», деп баппен ғана жымиып қойды. Ұмсына барып қолын алдым. Асқар таудай ағаның ол­қысынбай орнынан тұрып, жылы қабылдауы әрi абыржытып, әрi елжiретiп жiбердi. «Абайыңыз» құтты болсын, аға, биiктен биiк­ке өрлей берiңiз», дей берiппiн сасқалақтап. Мұхаң салмақты қолдарымен қаусыра тартып, бетiмнен сүйдi. Соған дейiн де, содан кейiн де ұлы Әуезовтің кiшiк мiнездерiне талай куә болдым. Ол Мұхаңның сүтпен сiңiп, сүйекке бiткен бекзат қасиетi едi.

– Ал, Валя, – дедi Мұхаң кү­лiп, кабинетке Валентина жеңге­мiз кiрген екен. – Мына Әкiм­қожа атты жас әдебиетшіні ке­ліп кетсін деп едім, өзі «Абай­ды» оқып, менi арнайы құттықтай да келiптi. Қуанышын бiлдiрiп игi тiлек айтып жатқан жандар аз емес қой, бiрақ қай-қайсысы­ның болсын өз орны бар. Өз көңiлi, өз пейiлiмен бөлек...

Мұхаң маған шақыртқан­да­ғы аз-маз қолдан келер шаруа­ны түсіндіріп барып, әдебиет әлемінен кеңінен бір көсілді дерсің... Мен үнсіз беріле тың­дап, ғажап сырлы әлемге сүңгiп шыққандай серпiлдiм. Мұхаң­ның сырғи лықсыған өзендей бiр қалыпты, ырғақты қоңыр ­даусы ойымды бiрде қарлы шыңға, бiрде салқар қырға жетеледi де отырды. Аракiдiк менi де сөй­летiп алады. «Аға», деп қал­дым бiр орайда. «Абай» – өнер адамы туралы жазылған бү­гiнгi бiрден-бiр туынды ғой, француздың «Жан-Кристофы» сияқты көп томдық романға айнала ма түбiнде?»

– Пәлi, Әкiмқожа, – деп риза көңiлмен жымиды Мұ­хаң. – Сен өзiң Ролланды оқы­­ған екен­сiң-ау. Арғы-бергi әде­биет­пен таныстық – құптарлық iс. Ақын да ұзақ уақыт беделiнде қажеттi жағдайлардың ықпалымен түзе­летiн алмасқа ұқсайды. Алмастың сапасы сол түрлi фак­торға байланысты болса, ақын­ның қалыптасуына да та­би­ғи қабiлетi, жиған бiлiмi, түй­ген бiлiгi, қоршаған ортасы үлкен әсер етедi. Мен қазақ өлеңi­нiң ұлы реформаторы Абайдың ас­қан реалист ақын, озық ойлы аза­мат ретiнде қалыптасу жолын зерттедiм. Геологтің алмас­тың түзiлу құпияларын тексе­ретiнiндей. Негiзгi арқау сол. Сонан соң сахара тiршiлiгiн шынайы да, сынын бұзбай жеткiзу­­ге тырыстым. Қазақ даласын­да­ғы күрделi әлеуметтiк мәселел­ер­дi пайымдау да – басты мақсат­тың бiрi.

Мұхаң жоталы тұмсығын си­­па­­лап, қос қабағының арасы сы­зат­тана бiраз үнсiз отырып барып:

– Және соншама көп том да болмайтын шығар. Өйткенi мен Абай өмiрiндегi барлық оқи­­ғаларды тiзбелеудi емес, бет­­­бұрыс кезеңдердi көрсетудi мұрат етiп отырмын, – деп түйін сөзін айтты.

Кетер кезде Мұхаң шынылы шкафты ашып, «Абайдың» бiр данасын алып мынаны жазып едi: «Әкiмқожа, ойланып оқып, тереңдеп сынап көмекшi болар­сың деген сенiммен, үмiтпен сыйлаймын. Достық көңiлден автор. М.Әуезов. 1 август, 1942 жыл».

Арада бiрнеше жыл өткеннен кейiн «Абай» романының 1945 жылы Мәскеуден орыс тiлiн­де жарық көрген басылымына былай деп қолтаңба қалдырған болатын: «Глубокоуважаемому Акимкоже с чувством дружбы. М.Ауезов. 1 июля 1946 г».

Оқырман үшiн өзi қас­тер­лейтiн жазушының қолтаң­басы­нан қымбат мұра жоқ шығар-ау. Қазiр мұқабасы ақжемденiп, көнетозданған қос кiтапты, Мұ­хаң­ның қолтаңбалары қалған қос кiтапты қолға алсам, ұлы Әуезовтің, тiрi Әуезовтың бей­несi көз алдыма қайтадан келiп, көкiректен өткен күндер елесi көшетiндей. Жазушы аға сол жолғы үйiне барғандағыдай «Ау, Әкiмқожамысың сен осы», деп қалардай көрiнедi де тұрады.

Мен – қатардағы ауыл мұға­лiмiмiн. Бүкiл саналы ғұ­мы­рым­ды, жиған-терген бiлiмiмдi шә­кiрттерге арнаған адаммын. Со­лардың жақсылығына сүйi­немiн, жамандығына күйiне­мiн. Бұрынғы шәкiртiм абыройлы ­азамат боп жатса, сiңiрген ең­бек, төккен тердiң зая кетпеге­нi. Асылы, бұл бiр мен емес, мұғалiм бiткеннiң баршасына тән мiнез болса керек. Өйткенi шәкiрт – ұстаздың кешкен ғұмыр, еткен еңбегiнiң белгiсi. Қандай белгi? Ол – ендi түйiнi шиыр, ке­сiмi қиын мәселе. Барлық әрiп­тестерiм сияқты мен де өзiм­нiң ел таныған шәкiрттерiмдi мақ­тан тұтамын. Соның бiрi – Бердiбек, белгiлi қазақ жазу­шысы Бердiбек Соқпақбаев. Шы­нымен-ақ Бердiбек тәрiздi үлкен жазушының өнер жолына бет бұруына азды-көптi себiм тисе, нұр үстiне нұр, мен үшiн ұлық мәртебе. Шыншыл да шебер жазушы Бердiбек мектеп қабырғасында көп сөйлемей­тiн, бiрбеткейлеу, тiптi тентектеу бала едi. Зейiндi, зерделi шә­кiрт атанған. Дегенмен қазақ әде­биетi сабағына деген ықыла­сы өзгеше болатын. Әдетте көп оқушыларды өкпеден қысатын шығарма жазу кезiнде ол суы­рылып шыға келетiн. Әрине, бүгiнде бурыл бастанып, кекселенген Бердiбектi кешегi тәмпіш танау, тентек қара десек, ешкiм сене де қоймас. Бiрақ соның бәрi де кеше ғана болған. Күнi бүгiнде көз алдымда. Оқу­шы­лардың шығармаларын жи­нап алған соң, алдымен Бердiбек­тiң жазбасын оқуға тырыса­тын­мын. Тiптi кейбiрiн дауыс­тап оқып, қалған шәкiрттерге үлгi ретiнде ұсынатынбыз. Ке­йiн де бұрынғы оқушы, бү­гiн­гi қаламгер Бердiбектiң әрбiр жаңа шығармасын елден бұ­рын оқуға асығатын болдым. Бiр­де 1978 жылы Алматыдағы Жа­зу­шылар одағына адуынды ақын Көдек Байшығанұлы­ның шығармаларын «Қазақ әде­биеті» газетіне ұсынуға бар­ғанымда шәкіртім Бердiбек қар­сы жолығып, сонда әдеби ке­ңесші болып қызмет істейді екен, бөлмесіне ертіп апарып, ма­ған қолтаңбасы жазылған кiта­бын сыйлады. «Қайдасың, Гау­һар?» екен. Бердiбектiң ма­ған басқа емес, дәл осы кiта­бын сыйлауында мән бар сияқ­ты. Кiтап кейiпкерлерi – Бер­дi­бектiң құрбылары, тағ­дыр­лас замандастары. Менiң ал­ғашқы шәкiрттерiм. Мен бұл шығарманы ең бiр қызық дәу­ренiн алапат жалын шарпыған шәкiрт ұлдарым мен қыздарыма арналған ескерткiш деп танимын. «Құрметтi әке!» деп жазыпты оқушым. «Сiз маған ұс­таз болған ардақты адамсыз. Әде­биетке келуiме мұрындық та бол­дыңыз, шын жүректен сыйлаймын. Бақыт тiлеймiн. Құрметпен Бердiбек».

Міне, ұлы жазушы, ұс­тазы Мұхтар Әуезов пен қа­рым­ды қаламгер Бердібек Соқ­пақ­баевтың ұлағатты ұстаз Әкім­қо­жа Садыровқа қалдырған қасиетті қолтаңбаларының сыр-есте­лік парасы осындай.

 

Берік САДЫР,

«Egemen Qazaqstan»-ның

ардагер журналисі