• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Тамыз, 2023

Шабындыққа шалғы түсті

344 рет
көрсетілді

Таулы аймақ тұрғындары үшін малдың қысқы азығын да­йындау – аса жауапты іс. Бұл науқанға Райымбек ауданының шаруалары шалғыларын шыңдап, білектерін сыбана кіріскен.

Десе де, шөбі шүйгін өңірде ке­­йінгі жылдары қардың жұқа, жауын-шашын мөлше­рі­­­нің тым аз түсуі салдарынан қуаң­шылық орын алып отыр. Бұрындары ат бауырына жететін шабындықтардың күйі кетіп, шаруалардың көңі­лін алаңдатып отыр. Соған қа­ра­мас­тан, қолда бар техниканы жұ­мылдырып, шөп шабу нау­қа­­нына жұдырықтай жұмыла кі­рісіп кетті.

Жалпы, алдағы қыстан мал басын аман әрі қоңды алып шығу үшін Райымбек ауданы бойынша 21 794 гектар ал­қап­тан 188 мың тонна шөп ша­уып, жинау жоспарлануда. Бұл меженің орындалуы аудандағы 86 599 бас ірі қараның, 47 877 бас жылқының, 415 449 бас қой-ешкінің алдағы қыстан шығуына негіз болмақ.

Шалғы сырылы естіле бастаған аз күннің ішінде бел­гі­ленген жоспардың 11 250 гек­тары шабылды. 61 875 тонна мал азығы тиісті орындарға жет­кі­зіліп, жиналған. Әзірге өнім көлемін әр гектарға шаққандағы түсім 55 центнерден айналып жатыр. Қызу қимылдың нәти­же­сін­де шабындықтың үштен бір бөлігі шабылып біткен.

Шөп шабу науқанына биыл 52 бірлік шөп шабатын машина, 5 шабындық комбайн, 82 пресс-жинағыш, 82 тырмақ, тіркемесі бар 96 трактор, 120 автомашина жұмылдырылған. Аудан бойын­ша күзгі дала жұмыстарына қа­ты­сатын техникалар үшін 486 тонна дизель отынына өтінім берілген. Бұл қажеттілік шөп шабу науқаны жүретін үш айға бөлінген. Бүгінде шаруа қо­жа­лықтары өздеріне көмек ре­тінде мемлекет тарапынан тө­менгі бағамен берілетін осы жанар­май­дың игілігін көріп отыр.

Ауылдың ырысын арттырып, несібесін молайтып отырған төрт түліктің қыстан шы­ғуына ерте көктемнен кө­ңіл бөліп, шабындығын кү­тіп-баптағанның арқасында Жамбыл ауданында да жұмыс нә­тижелі жүргізіліп отыр. Атап айтсақ, өткен жылы 435,2 мың тонна шөп жинаған болса, биыл бұл көрсеткіш 510,2 мың тоннаға арт­қан. Бүгінде 460 мың тонна, яғни шөп шабу науқанының 90 пайызы аяқталғанынан хабардар болдық.

«Сондай-ақ биыл 46 400 тонна пішендеме жинау көзделсе, соның 30 мың тоннасы жиналып, жоспардың 65 пайызы орындалды. Сабан жинауда да көш ілгеріміз. 52 600 тоннаның 35 мыңы жиналып, 67 пайызы орындалды. Бұған қоса жем дайындауда 78,2 тоннаның 50 мың тоннасы дайын болды. Сүрлем жинау әлі басталмады. Жоңышқа суармалы егістікте өндіріледі. Бүгінге бірінші, екінші шабындықтан өндірілгені – 63 мың 75 тонна. Бұл – жалпы қысқа жиналуға тиіс жем-шөп­тің көрсеткіші. Биылғы ауа ра­йының қолайсыздығына байланысты жоғарыда аталған 510,2 мың тоннаның 281 376 тоннасын сырттан, Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандары мен көршілес облыстардан келген шөптерден сатып алып толықтырамыз. Біздің ауданнан нақты 228 мың 856 тонна орындалады. Күзгі дала жұмыстарына қатысқан техникалардың саны – 1 134, яғни 96 пайыз дайындықпен жұмысқа қосылды. Оның ішінде 831 трактор, 80 комбайн, 135 соқа және 77 бірлік тырма бар», дейді Жамбыл аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Қайрат Тойшыбеков.

Биылғы көктемде жүрген тоң­­ның салдарынан және жазғы қуаңшылықтан шөптің шы­ғым­дылығы өте төменгі дең­гейде еке­нін маңдай терін шүмек­те­тіп жүрген шаруалар жоққа шығармайды. Соның бірі – Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс ауылындағы «Мұрынбай» шаруа қожалығының иесі Серік Жолдасұлы.

«Қарамағымызда 3 200 бас ана­лық қойдан көктемде 3 мың бас қозы ілесті. 100 бас аналық сиыр және 120 бас бие, 20 түйе бар. Шаруашылық иелігіндегі 350 гектар шабындық жер мен 120 гектар егістік алқаптан алын­ған өнім биыл көңіл көншіт­пей тұр. Жауын жоқ, шөп күйіп кетті. Былтыр 350 гектар шабыс­тан 18 мың түк шөп алған едік, биыл мұның үштен бірі ғана жиналды, 6 мыңнан аспады. 20 тонна сепкен дәнді дақыл сол күйі қайта жиналды. Алдағы қысқы мал азығын осы күні Шымкент, Қызылорда жақтан келіп жатқан шөптерден сатып алудамыз. Базарда бір түк шөптің құны 1 500-1 800 теңгеден сатылады. Бұл шаруалар үшін оңайға соқпай тұр», дейді төрт түлікті түгел өсіріп отырған шаруа қожа­лығының иесі.

Дей тұрғанмен, «қамданған қапы қалмас» деп, жаздың әр күнін тиімді пайдаланып қалуға тырысқан шаруа адамдары шалғысын қайрап, арбасын сайлап, шөп шабу науқанын қыздыра түскен. Оны шабындықтардағы шалғы сырылы сездіреді.