Төрт қыздан соң қара шаңыраққа тұтқа болар ұлдың өмірге келуі Тұрсынбековтер отбасына ерекше сезім сыйлаған. Жылт еткен жақсы дүниенің бәрі де «азамат» деген атқа ие Айбарға арналатын. Балалардың кенжесінен аяры жоқ ата-ананың аялы алақанында еркелеп өскен қарадомалақтың қорадағы малға деген сүйіспеншілігі айрықша еді.
Әкесінің ізінен ілесе барып, шамасы жететін бұзаудың басынан сипап, тай-құлынды айналшықтап жүруді әдетке айналдырған. Өсе келе қолына айыр-күрегін алып, мал жайғауға білек түре кірісіп кетті. Сөйтіп, еңбек ерке баланы есейтті, буынын бекітіп, қанатын қатайтты. Қазір ата-ана үмітін ақтар жасқа жетіп, қара шаңырақтың шаруасын шалқытып келеді.
Малсақ жас мамандық таңдауда жаңылмай, өз қалауын жүзеге асырды. Арманы асқақ Айбар Әлім Алматы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринар мамандығын тәмамдаған. Өзіне жүктелген азаматтық міндеттің салмағын сезінген ол осы күні туып-өскен Бақанас ауылында еңбек жолын бастап кеткен. Ауыл тұрғындарының малын аурудан сақтап, егу шараларын жүргізуде белсенділік, іскерлік танытып келеді.
Жастайынан малсақ болып өскен жігерлі жас бүгінде қорасында сүт бағытындағы асыл тұқымды сиыр ұстап, оны сауып, азығымен уақтылы қамтамасыз етуге әбден төселіп алғандығының куәсі болдық.
«Ерінбей еңбек еткен адамның ырзық-несібесі мол болады. Бізге ата-анамыз соны үйретті. Қолымыздағы «Алатау», «Швед» сиырларының әрбірінен күніге 15 литрден артық сүт сауып аламыз. Сиыр сауу – мен үшін еш қиындығы жоқ жұмыс. Оны тартып, айран ұйытып, құрт жасаймыз. Ата-анамның арқасында дастарқанымыздан ақ үзілмей, құнарлы, табиғи өнім түрлері даярланады. Биыл «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша төменгі пайызда 6 млн теңге алып, оған 13 бие сатып алдық. Болашақта мал басын көбейтуді мақсат етіп жүрмін», дейді Айбар Сәкенұлы.
Туған ауылына туын тігіп, оның өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Айбардың келіншегі Әсем Батырхан да «Қазақтелеком» бөлімшесінде оператор болып еңбекке араласқан. Осылайша, бірлігі мен тірлігі жарасқан жастар бақытты өмір өрнегін құрып келеді.
Алматы облысы