Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп, үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Zhas Project» мемлекеттік грантына конкурс жариялады. Ілкімді іс жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған.
Бүгінде ел тұрғындарының 59 пайызы – жастар санатындағы азаматтар. Оларды жұмыспен қамту және кәсіп ашуда қолдау – елдегі өзекті мәселелердің бірі. Өйткені Ұлттық статистика бюросының дерегін ескерсек, республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға жеткен. Сондықтан мемлекет жастарды жұмыспен қамтуда бірнеше жоба мен бағдарламаны іске қосып үлгерді. Соның бірі – «Zhas Project».
Наурызбай Сапаров пен Ақнұр Тайырова – тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп жүрген жас қолөнершілер. Алғаш ерлі-зайыпты 2019 жылы «Zhas Project» жобасына қатысып, 1 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Бөлінген қаржыға жүн түтетін құрылғы, тігін машинасы мен мақта, мата сатып алып, кәсіп бастап кеткен.
«Жоба арқылы грант алғаннан кейін жолдасым көрпе тігумен, сәндік бұйымдар жасаумен айналысты. Жасаған бұйымдарын арнайы көрмеге апарып жүрдік. Өзге де жобаға қатысушылардың жасаған заттарының ішінен лазер құралы арқылы ағаштан жасалатын бұйымдар менің қызығушылығымды оятты. 2020 жылы қолда бар ақшамды салып, лазер құрылғысын сатып алып, ғимарат жалдап, кәсібімді бастадым. Бұрын-соңды қолөнермен айналысып көрген емеспін. Жұмыстың дені құрылғы арқылы жасалады дегенмен, сұлбасын жасап, жобасын сызудың өзі көп күшті талап етеді екен. Компьютердің тілін жақсы білгендігімнен бе, Youtube-тан қарап барлығын тез меңгеріп кеттім. Жасаған заттарыма халық тарапынан сұраныс бар», дейді Н.Сапаров.
Негізі «Zhas Project» әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтарды, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас отандастарымызды қолдауды көздейді. Бұған қоса жоба қатысушыларды әлеуметтік кәсіпкерлік және кәсіби өсу бойынша жаңа білім мен дағдыларға үйретеді. Осылайша, 18-35 жас аралығындағы азаматтарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне тартып, нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі.
Былтыр игі іс Ақмола, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылса, биыл еліміздің барлық аймағын қамтыды. Кәсіп бастауға ниеттілерге 280 шағын грант бөлінеді. Ауыл жастарының, NEET жастарының және әлеуметтік осал топтағы жастардың, оның ішінде мүгедектігі бар жандардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше басымдық беріледі. Бағдарлама аясында білікті бизнес-тренерлерді, тәлімгерлерді, психологтерді және әлеуметтік жобаларды іске асыру, ілгерілету және дамыту жөніндегі мамандарды шақыра отырып, шағын гранттарды үлестіру кезеңінде жастарды заңдық және консультативтік тұрғыдан қолдауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету жоспарланған. Байқауға қатысу үшін өтінімдер 14 тамызға дейін қабылданады.
Бұдан бөлек, кәсіппен айналысуға ниет білдірген жастарға кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бар. Жоба негізінде азаматтарға жылына 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын кредит беру көзделген. Яғни кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурс аясында микрокредит беріледі. Несие беруді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жүзеге асырады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 миллион теңгеге дейін болады. Несиелеу мерзімі кез келген кәсіп түрі үшін бес жылға дейін, ал мал шаруашылығына жеті жылға дейін беріледі. Бизнес-жобаларды іріктеуді комиссия жүргізеді.
«Микронесиенің бұл жаңа түрі жастар үшін өте қолжетімді және мұндай несиенің Қазақстан қаржы нарығында баламасы жоқ. Сондықтан енгізіліп отырған қаржы құралы жастар кәсіпкерлігін дамытуға тың серпін береді деп сенеміз», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.
Жастардың кәсібін дамытатын мемлекеттік жобаның тағы бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Грант Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастардың жаңа және қолданыстағы бастамалары үшін беріледі. Мақсат – белсенді шығармашылық жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау. Грант дарынды жастарға жыл сайын беріліп отырады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген. Биыл 3 миллион теңге сомасында дарынды жастар өкіліне «ғылым», «мәдениет», «бизнес», «ақпараттық технологиялар», «медиа» бағыты бойынша өз жобалары мен жаңа идеяларын іске асыру үшін 30 грант беру жоспарланып отыр. Конкурсқа 14 пен 35 жас аралығындағы отандастарымыз қатыса алады.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін кәсібін жаңа бастаған жас бизнес өкілдеріне 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бар. Азаматтарға кәсіпкерлікті дамыту үшін 5 миллион теңгеге дейін гранттар беріледі. Алайда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бизнес-жобаның өзіндік міндетті шарттары қарастырылған. Олар: кәсіпкердің бизнес-жобаға жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, оны іске асыру үшін шығындарды берілген мемлекеттік грант сомасының кемінде 20 пайыз мөлшерінде қаржыландыруы; жаңа жұмыс орындарын құру; кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылымды құруға көзделген инвестициялық жоспардың болуы маңызды.
Жалпы, жыл сайын еңбек нарығынан өзінің алғашқы жұмыс орнын іздеуші жастардың саны 3 мың адамнан асады екен. Ал жоғарыда біз келтірген түрлі жоба белсенді жастар үшін өз кәсібін тауып, әрі қарай оны тұрақты жұмыс орнына айналдыруда қиынға соқпауға тиіс.