Тарихы терең, табиғаты көркем Балқаш ауданы – қазақтың біртуар тұлғасы, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған жері. Қасиетті өлке халық қаһармандары Бақтыораз Бейсекбаев пен Мұсабек Сеңгірбаев, жазушы-драматург Бек Тоғысбаев, халық ақыны Медет Жиенбаев есімдерімен де таныс. Іле өзенін жағалай қоныстанған құт мекеннің төскейінде төрт түлігі өріп, астығы мен күріші жайқалып, тыныс-тіршілігі түрлене түскен.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Алматы облысының өз алдына отау құруы да Балқаш ауданының тұрғындары үшін басты қуанышқа айналған. Себебі халық саны едәуір өсіп, облыс орталығының тым шалғай болуынан ішкі көші-қон мәселелері күрделене түскені мәлім. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысын екіге бөлу жайындағы шешімін естігенде, өңір тұрғындары бөркін аспанға ата қуанған. Бұған қоса Қапшағай қаласының облыс орталығы мәртебесін иеленіп, оған Д.Қонаев есімінің берілуі балқаштықтардың қуанышын еселей түскен. Ел тарихындағы бұл жаңашылдықтар өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына соны серпін, тың күш-қуат берді.
Осыған орай аталған ауданға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Байеділов арнайы іссапармен барып, Балқаш аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесіп, келелі мәселелерді талқылады. Депутаттар бас қосқан жиынның жұмысын Балқаш аудандық мәслихатының төрағасы Кәдірбек Омаров ашып, жүргізіп отырды.
«Президентіміздің бастамасымен кейінгі жылдары елімізде ауқымды өзгеріс орын алып жатқанын білесіздер. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы сол өзгерістердің маңызды межесі болды деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі таңда облысымызда – 1 облыстық, – 1 қалалық, 9 аудандық мәслихат жұмыс істейді. Жалпы, облыс бойынша 228 депутат бар, бұл үлкен күш десек болады. Сондықтан сіздер өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін. Қолда барға ғана арқа сүйеп отырмай, шикізаттық емес саланы, отандық өндірісті жан-жақты дамыту, инвестиция тарту маңызды. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясы екені белгілі. Сонымен қатар аудан, қалаларды өркендету, оның ішінде базалық инфрақұрылымды жаңарту – кезек күттірмес міндет», деді облыстық мәслихат төрағасы Талғат Ескендірұлы.
Ол азаматтардың әл-ауқатын арттыру қазір де күн тәртібіндегі маңызды міндет екенін атап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан өзге шешімін күткен проблемалар да жоқ емес екенін, сондықтан маңызды мәселелерді бірлесе талқылауға шақырды.
Облыстық мәслихат төрағасының мәлімдеуінше, бүгінде облыстық мәслихатта 6 тұрақты комиссия, депутаттық фракция жаңадан құрылып, жұмыс атқарып жатыр. Облыс бойынша 8-шақырылым депутаттарымен наурыз айынан бастап 4 сессия отырысын өткізіп, маңызды шешімдер қабылданған. Ерекше атап өтетін шешімнің бірі – облыс орталығы Қонаев қаласының Бас жоспары Үкіметке жолданып, бекітілгені. Бұдан әрі Т.Байеділов мәслихаттар жұмысының негізгі бес бағытын тарқата келіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз айтқандай, күштерді біріктіру арқылы ғана нәтижеге қол жеткіземіз деген ойын білдірді.
Өңірде өркендеу бар
Кездесу барысында Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары саласы бойынша 2023 жылдың тамыз айына дейін атқарылған жұмыстар жайымен таныстырды. Баяндама өзегінен іргелі ауданда ілгерілеушілік бары анық аңғарылады. Атап айтсақ, ауылшаруашылық саласы бойынша биыл алты айда ішкі жалпы өнім 10 531,3 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құраған.
Тірі салмақта ет – 8 077,3 тоннамен 103,3 пайызға, сүт – 13 529,4 тоннамен 112,1 пайызға, жұмыртқа 1470,3 мың данамен 115,8 пайызға артығымен орындалған. Өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда әлдеқайда өсім бары байқалады. Ауданда ірі қара малы – 119 034 бас, яғни 107,5 пайызды, жылқы – 29 935 баспен109 пайызды, қой-ешкі 132 329 баспен 117,3 пайызды құраған. 29 809 гектар суармалы егістік жердің 14 530 гектары – дәнді дақылдар, оның ішінде жоспарлы 7 530 гектарға арпа-бидай және 7 мыңына күріш толық егілген.
Тұрғындардың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бүгінде 350 өтінім түсіп, 189 шаруашылық және 3 кооператив құруға құжат рәсімделіп жатыр. Толық дайын 80 құжат 548,5 млн теңгеге «Қонаев» ауылдық тұтыну кооперативіне жолданып, қаралуда. Оның ішінде 150 млн теңгенің 24 өтінімі мақұлданып, 9 адам 58,7 млн теңге қаржысын алғаны аталды.
Сондай-ақ «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламасы бойынша да бірқатар жобалар әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 3 жоба мақұлданып, 14 млн теңгеге инновациялық грант берілгені баяндалды.
Жыл басынан бері 20 шаруашылықтан 6 403,2 гектар жайылымдық жер телімдері мемлекеттік жер қоры есебіне қайтарылған. Мұның сыртында 10 976,9 гектар жерді құрайтын 38 жер телімінің құжаттары соттың қарауына өткенінен хабардар болдық.
Қысқы мал азығын дайындау мақсатында шөп ору науқаны жалғасып жатыр екен. Бірінші орылымда 14 219 гектар шабылып, бастырылып, барлығы 28 438 тонна шөп дайындалған. Осы күні екінші орылым басталған, шабындықтың 4 590 гектар шөбі шабылып, 2 890 гектар бастырылыпты. Жалпы, 9 180 тонна өнім алынған.
Проблема да жоқ емес
Халық қалаулыларының алқалы басқосуында Балқаш ауданының басты проблемалары да айрықша аталды. Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Құсайынов Тасмұрын магистральды тоғандарының сағасына үрлемелі бөгет салынуына ықпал етуді сұрады.
«Бұл бөгет темір-бетон бөгетіне қарағанда бірнеше есе арзан және тиімді болмақ. Тиімділігі – үрлемелі бөгет Іле өзенімен қанша текше метр су берілсе де, ауа арқылы су деңгейін керекті биіктікке дейін көтеруге, керекті су мөлшерімен егіс алқабын толық қамтамасыз етуге, тұрақты мол өнім алуға, алқаптарды тұзданудан сақтауға болады. Ең бастысы, Іле арналарының су жіберу деңгейін қалыпты ұстап тұрған жағдайда жерасты суы көтерілмейді, жердің сорлануына, шабындықтардың жойылуына жол берілмес еді. Екінші мәселе – қоршаған ортаны қорғау саласында өзекті болып тұрған мәселенің бірі құм көшуін тоқтату. Осындай келеңсіз жағдай Бірлік ауылында орын алып жатыр. Ауылдың солтүстік-шығысындағы жалаңаштанған «құм-таулары» басында ауыл шетіндегі көшелерден 200 метр қашықтықта болса, бүгінде сусымалы құм жылжи келе алдымен су келетін каналды, кейін ауыл тұрғындарының бау-бақшасы мен мал қораларын басып қалуда. Көшпелі құм аймақтары жылдан жылға кеңейіп келеді. Осы бір күрделі мәселенің оң шешім табуына ықпал етуіңізді сұраймыз», деген ұсынысын білдірді.
Келесі кезекте аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Өксікбаев Бақанас ауылына Іле өзені жағалауының қауіп төндіріп тұрғанын ашып айтты.
«Ауыл іргесіне небәрі 30 метрге таяп қалған Іле өзенінің жағалауын нығайту нысаны бойынша 5,5 шақырым жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, жыл аяғына дайын болады деп күтіліп отыр. Соған алдағы, 2024 жылы қаржы бөлінсе екен. Сонымен қатар мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын Бақанас аграрлы- индустриалдық колледжінің жатақхана ғимараты мен оқу шеберханасының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылса, студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай туындар еді», деген ойын білдірді.
Аталған колледжде 8 мамандық бойынша студенттер оқытылады. 400 орындық жатақхананың 3-4-қабаты мүлдем жарамсыз болғандықтан, қолданыстағы 1 мен 2-қабаты 70-ке жуық студентті ғана қамти алады.
Бұған қоса мемлекеттік сараптамалары дайын жобалар да жоқ емес. Атап айтқанда, Бақанас ауылындағы Қонаев атындағы саябақты кеңейту, абаттандыру жұмыстарына – 812,8 млн теңге, аудан орталығындағы Рысқұлов және Қонаев көшелеріндегі арық жүйесін қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына – 404,5 млн теңге, Жиделі ауылдық Мәдениет клубының күрделі жөндеу жұмыстарына 392,6 млн теңге қаражат қажет екені алға тартылды.
«Алматы облыстық монополияларды реттеу басқармасы арқылы Топар өзенінің 15 шақырымдық көлемін алып жатқан «Орловка» арнасының бойын тазалауға, бөгет және шлюз қоюға жобалау-сметалық құжаты жасалып жатыр. Сонымен қатар Іле өзенінен Топар өзеніне құяр жағын тазалауға байланысты мемлекеттік сатып алу порталына хабарлама беріліп, мердігер анықталды. Жақын уақытта өзен арнасын тазалау жұмыстары басталады. Бұл аймақта өзен арнасының 13 шақырымы тазаланады. Осы ретте Топар өзені арнасының қосымша 60-70 шақырым аумағына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражаттың бөлінуіне ықпал етулеріңізді сұраймын. Топар өзенінің арнасы толық тазартылған жағдайда су жетіспеушілігінен зардап шегіп отырған 2 мыңнан аса тұрғыны бар, 77 шаруа қожалығы, 6 664 бас ірі қара, 1 653 бас жылқы, 15 470 уақ мал басы бар Балатопар ауылының шабындықтары мен мал жайылымдарына су шығып, ауыл тұрғындарының тұрмысына өте жақсы болар еді», деді аудандық мәслихат депутаты Айдос Балтабаев.
Өңірдің түйкілді мәселелерін түртіп алған облыстық мәслихатының төрағасы Т.Байеділов аталған жайттардың аяқсыз қалмауы басты назарда болатынын айта келіп, қиындықтарды еңсеріп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда жұдырықтай жұмыла еңбек етуге шақырды.
Ауылдың еңсесін көтерген құрылыс
Бүгінде Бақанаста ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізген құрылыс нысандары көп. Соның бірі аудан орталығынан тұңғыш рет 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй қаланып, үш жыл бұрын пайдалануға берілген болса, бұл үрдіс жібін үзбей жалғасып келеді.
«Бақанас ауылындағы бұл 5 қабатты 40 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй құрылысы былтыр қараша айында басталған. Нысан – ауыспалы. Келісімшарт құны – 552,5 млн теңге. Бас мердігер – «Бауыр Құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қайта есептеліп, сараптамадан өтіп, өткен айдың аяғынан бастап жұмыстары жалғасты. Жыл соңында қолданысқа беріледі деп отырмыз. Бүгінде 20-дан аса жұмысшы еңбек етіп, ішкі қабырғаларын бөліп жатыр», деген Балқаш ауданының Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Айбын Жұмабеков биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 2 294,8 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрағанын айтты.
Қазіргі уақытта мемлекеттік бюджет есебінен Бақанас ауылында 30 жалгерлік тұрғын үйлердің қабырғасы қаланып жатыр. құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Келісімшарт құны – 759 млн теңге. Бас мердігер – «Асан М Компания» ЖШС.
Екі жобаның жалпы сомасы – 1 млрд 656 млн теңге. Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жоспарлы кестеге сай жүргізіліп отыр. Құрылыс нысандарын аралаған депутаттар мердігер компания өкілдеріне құрылыстың сапасына жете көңіл бөліп, мерзімінде аяқталу қажет екенін тапсырды.
«Бұған қоса Бақанаста жастарға қызмет көрсету орталығының құрылысы басталды. Ол келер жылы аяқталады деп күтілуде», деген бөлім басшысы ауылды көркейтуде жаңа жобалардың қайтарымсыз қабылданып, қажетті қаржы бөлініп, орынды игеріліп жатқанын баса айтты.
Қамба – дәнге, қора шөпке толды
Қойнауына құт дарыған Балқаш ауданының ауыл шаруашылығы саласында жемшөп жеткіліксіздігі болып көрмеген. Оған өңірде егін мен күріш алқаптарының гектарлап өсірілетіні – себеп. Сондықтан шөп шабу науқанында мұндағы шаруа қожалықтары өзінен артылған өнімді қуаңшылық белең алған аудандарға алып барып, сату арқылы пайдаға кенелуде десек, еш асыра айтқандық емес. Ауданға табан тіреген депутаттар тобы әйгілі Ақдала ауылындағы егіс алқабын аралап, жайқалып өскен дәнді дақылдар жайында мағлұматқа қанықты.
Жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, қамбаны дәнге, қораны шөпке толтырып алуға ұмтылған шаруалардың жұмысы қайнап жатқаны байқалады. Алтын дәнді алқапқа түскен комбайн гүрілі аспанастындағы тынымсыз тірліктен хабардар еткендей дамыл таппауда.
«Бауыржан – 7» ЖШС директоры Талғат Сұлтанов өзінің егіс алқабын көрсетті. Алқапта биыл 112 гектар күріш, 93 гектар бидай, 335 гектар көпжылдық шөп егілген екен. Шаруашылық қарамағындағы суармалы жер көлемі 727 гектарды қамтиды. Бүгінгі таңда 4 мыңнан артық орама шөп шабылып, жиналған. Жоспар бойынша әр гектарына 43 центнерден күріш, 18 центнерден бидай және 40 центнерден көпжылдық шөп шабылады деген үміт бар.
Аграрлы ауданда мал азығын дайындау бойынша 14 219 гектар көпжылдық шөптің бірінші орылымы шабылып, бастырылды, 28 438 тонна өнім алынған. Екінші орылымда 3 570 гектар шөп шабылып, 4 220 тонна өнім жиналған.
Ауыл тұрғындарына тізім бойынша 4 мың теңгеден 19 отбасыға 190 орам шөп жеткізіп беру жұмыстары ұйымдастырылған. «Бірлік» агрофирмасы өз қызметкерлеріне 2 мың теңгеден шөп сатса, ауыл тұрғындарына 4 мың теңгеден сатылуда. Сондай-ақ «Тамшыбұлақ» ЖШС Береке ауылының тұрғындарына әр отбасыға 20 орам шөптен тегін таратуды дәстүрге айналдырған. «Өтес-Ақдала» ЖШС ауылдық округтерге бағасы 8 мың теңгеден мың орам шөп сату ұсынысымен округтерге хат жолдаған.
Осылайша, Балқаш ауданында қысқы мал азығының берік қоры жасалып жатыр.
Алматы облысы