Кешегі ҚазМУ, бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев өмір бойы «Біздің ҚазМУ» деумен өтті. ҚазМУ-ына ешқандай оқу орнын теңгермейтінін ашық айтты да, жазды да.
ҚазМУ – Тұрсынбек Кәкішевке жоғары білім ғана емес, ғылымға да ең алғаш бағыт-бағдар берген киелі шаңырақ. Ал ондағы оқытушылық қызметі 1968 жылдың 26 ақпанынан басталғанымен, ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың «ҚазМУ балалары ғылымның соңғы жаңалығынан хабардар болуы керек» деген принципі Тұрсекеңе құрықты 1964 жылы-ақ салып жіберген. Ғылыми ортаны өзінің «Қазақ әдебиетінде сын бар. Ол қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастау алады» деген ғылыми жаңалығымен елең еткізіп келген шәкіртіне: «Тұрсынбек-ау, сол айтып жүргендеріңді біздің балаларға өзің түсіндірші», деп қолқа салған соң, ұстазының бірауыз сөзін жерге тастамай, шәкірті де келіскен. Содан екі жылдай ақысыз-пұлсыз дәріс берген Тұрсекең: «Бисекеңнің еңбегімді елеп жатқанына мен мәзбін, «балаларым ғылымның соңғы жаңалығынан хабардар», деп Бейсекең мәз» дегенді рахаттана еске алатын. Осы «заңсыздық» 1966 жылы мамыр айына дейін ұласқан. Тек ректор естіген бойда-ақ оқу жылының соңы болып қалғанына қарамастан, сол заматта 0,5 жүктемемен заңдастырған.
Енді сол шәкірті өзі басқарып отырған кафедраға басыбайлы келгенде жоспарлы жүктемесіне қоса студенттердің әдеби үйірмесін де қанжығасына байлап берген. Академияны азан-қазан шулатып келген шәкіртінің «жаптым жала, жақтым күйенің» құрбаны болғанына қанық ұстазы, білімдінің мыңды жығатын білімін дәлелдейін деді ме, әлде үйірмесіне жетекші жетпей жүрді ме, қалай болғанда да факультеттің талантты студенттерін үйіріп, Тұрсекеңді соларға жетекші етіп қойған. Бүгінгі әдебиет пен мәдениеттің басы-қасында жүрген Қазақстан жазушылар одағын ұзақ жыл абыройлы басқарған ақын Нұрлан Оразалин бастаған Сағат Әшімбаев, Әділбек Тауасаров, Б.Кенжебаевтың өз шәкірті Алма Қыраубаева әдебиетке үйір талантты басқа да студенттер үйірменің көрігін қыздыра түскен.
Жаңа орындағы жұмысбастылығына қарамастан өзінің сүйікті хоббиі Сәкен жөніндегі зерттеуін де бір сәтке тоқтатпаған. Соның нәтижесінде, ҚазМУ-ға келген бойда 290 беттік «Қызыл сұңқар» тарихи-әдеби очеркін бас-аяғы үш айдың ішінде баспадан шығарған. Аяқ алысын сырттай қадағалап жүрген «достары» көрші кафедрадан сыбайлас тауып, тырнақ астынан қанша кір іздеткенімен қазақ жылқы кісінескенше демей ме?.. Тұрсекеңнің мінезіндегі қайсарлығы, әдетіндегі тазалығы, екі тілде еркін сөйлейтін ораторлық қабілеті, сыртқы мәдениетіне әр беріп тұрған ішкі азаматтық қасиеті, ең бастысы үнемі ізденіс үстінде жүретін білімі осының бәрі сын көзді де, жел сөзді де көкке ұшырған.
Баспасөзде алпыс тоғызыншы жылға дейін өзінің ғылыми мақалаларымен белсенді болған Тұрсекең, негізгі зерттеу объектісін де назардан тыс қалдырмаған. Соның нәтижесінде одақ көлемінде белгілі Әзербайжанның ғұлама ғалымы Камал Талыбзаденің, Мәлік Ғабдуллиннің, Мұхамеджан Қаратаевтардың оппоненттігімен докторлық диссертациясын абыройлы қорғап, оны Мәскеу дер кезінде бекіткен.
Содан кейін жыл аралатпай кітаптан кітап. ҚазМУ-дың ғалымдарына кітап шығару таңсық болмағанымен, кітаптың да кітабы бар. Тұрсекеңнің Орталық Азияны былай қойғанда түркітілдес ұлттар арасынан бірінші болып көш бастап, Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасының «Тамаша адамдар сериясынан» (ЖЗЛ) «Сәкен Сейфуллинді» (1972 жыл) шығарғаны тек автор үшін ғана емес, ҚазМУ үшін де абырой болғаны анық. Себебі кітаптың қадір-қасиеті артып тұрған кез. Оның үстіне қорғаған докторлық диссертациясы қазақ әдебиетінің ғана емес, ғылымының керегесін керіп, кеңейтіп жатса, ұлттық ғылымға қосылған одан артық қандай үлес болуы мүмкін? Бұл – бір. Екіншіден, ғылыми жаңалығы сол кездегі Әдебиет және тіл институтын шаң қаптырып, ҚазМУ-да орындалуы – ғылыми бағытта оқытатын университет үшін үлкен жетістік. Абырой! Оны терең білімнің де, нағыз ғылымның да қасиетін өте жақсы түсінген сол кездегі ректор Өмірбек Жолдасбеков бағалаған. Тұрсекеңді кейбіреулердің «кеше ғана келген» дегеніне де, «жер астынан жік шықты» дегеніне де қарамастан кафедра, факультетті басқару ісіне тарта бастаған.
Ө.Жолдасбековтің ҚазМУ-ға қатысты ешкімге ұқсамайтын азаматтық ұстанымы туралы аңыздай айтылатын ақиқат көп. Соның ең бастысы, кадр таңдаудағы принципі. Ешкім қайталай алмайтын батыл қадамдары. Фактіні алыстан іздемей-ақ Тұрсекеңе қатысты шығарған бұйрықтарының кейбірін сөйлетсек те жетіп жатыр. Кезекті еңбек демалысына шығып бара жатқан факультет деканы Кәкен Ахановтың орнына доценттігін кеше ғана алған Кәкішевті декан етіп тағайындауы. Не болмаса, шығармашылық ұзақ демалысқа шығып бара жатқан Б.Кенжебаевтың орнына Т.Кәкішевті кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы деп шығарған бұйрығы. Кеңестік жүйенің тәртібі ме, әлде Өмірбек Арысланұлы ұстанған темірдей тәртіп пе, шығарған бұйрықтарында айлығына қосымша үстемеақысы да ашық көрсетіліп отырған.
Жоғары оқу орындарының негізгі міндеттерінің бірі – абитуриенттерді студент қатарына қабылдау. Қашанда талантты абитуриенттердің жолы болғанын қалайтын ректор, Тұрсекеңнің тазалығын, жоқ әлде талантты балаларды іріктеудегі батыл қадамдарын ұнатты ма, ол бір өзіне ғана аян. Бізге белгілісі, Тұрсекең университеттің қайнаған науқандық жұмыстары тұсында Ө.Жолдасбековтің сенімді серіктерінің біріне айналған.
Бір жылдың еңбек демалысы екінші жылға қосылып «шаршаған» Тұрсекең кезекті бір демалысын ерте қамдап, алысқа кетіп қалған кезі де болыпты. Бірақ дем алып жүрген жерінен де, ем алып жүрген жерінен де жер шалғайлығына қарамастан ректор шақыртып алған. Солай жаздың жайлы демалыстарынан қағылған Кәкішев есесіне қазақтың талай талантты балаларының жолын ашқан. Бүгінгі бас алаштанушы, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбай мен атағы да «Манас» жырындай ұзақ, өзі де қазақтан шыққан тұңғыш және жалғыз манасшы Баянғали Әлімжанов Тұрсынбек Кәкішевтің шапағатын көрген мыңдардың бірі ғана. Бала бойындағы талантты жазбай танитын қасиеті Тұрсекеңді талай заңсыздыққа да апарған. Соның көбіне куә болған марқұм Алма апай мейірімін төгіп отырып әңгімелеуші еді.
Кадр таңдаудағы талғампаз ректордың Тұрсекеңе деген сенімінің сыйластыққа ұласуы ҚазМУ-дағы ректорат тарапынан қаптаған бұйрықтардың орындалуының ғана жемісі емес. Іскерлік қабілеттен ешкімге есе жібермейтін ректор Тұрсекеңнің қабілетіне көрік беріп тұратын білімін бағалаған. Оған нақты дәлел – облыстық, республикалық, одақ көлемінен ректордың атына түскен арнайы қатынас қағаздар. Ректор жан-жақты сұранысқа ие профессорының жұмысбастылығына қарамастан, емін-еркін жүріп-тұруына да жағдай жасаған. Оның үстіне Қазақстан жазушылар одағы басқармасы да республика көлемінде өтетін іс-шараларына ғана емес, одақтас республикалардың жазушылары мен сыншыларының одақ көлеміндегі жиындарына Кәкішевтің қатысуы қажеттігін хабарлай отырып, рұқсат етуін өтіне сұраған хаттарға Өмірбек Арысланұлының құлшына қойған бұрыштамасы соның айғағы. Ректор солардың қай-қайсысына да оң шешім шығарған. Сол хаттардың ішінде Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Бөкетовтің де қатынас қағаздары сайрап тұр.
Қазақ әдебиетінің не ғылымының республикалық, одақтық деңгейдегі сөзін ҚазМУ-дың профессоры сөйлеп жатса, әрине, университет үшін де үлкен мәртебе. Ал үлкен трибуналардан ғылымның өзекті проблемасын көтеріп, оның шапағатын одақтас республикалардың ғалымдары да көріп жатса ше? Ол ғалымның ғана емес, ұлттың да мерейі. Мәскеудің шенеунік ғалымдарын ҚазМУ-дың филология факультетінен диссертациялық кеңес ашуға көндірген.
Кеңес одағы кезінде Мәскеудегі ғылыми кеңес одақтас республика ғалымдарының басын қосып, көшпелі жиын өткізіп тұрады екен. Ашғабадта өткен сондай бір кезекті жиында сөз алған Тұрсекең республикаларда ғылымның өсіп-өркендеуіне ғылыми кеңестердің аздығы, сарапқа салатын кеңестің де Мәскеуге ғана байланғандығының кедергісін айта келіп, «одақтас республикалардағы ғылыми бағытта оқытатын ҚазМУ сияқты жетекші оқу орнындарында неге диссертациялық кеңес ашпасқа? Ол Орталықтағы ұзын-сонар кезекті де азайтады. Ал шындығына келгенде әр елдің өз тілінде жазып кеткен ата-бабасының мұрасын сол ұлттан артық кім біледі, сол ұлттың ғалымдарынан артық кім саралай алады, оны уақыт дәлелдеп отырған жоқ па» деген көптің көкейіндегі өзекті сұрақты ортаға тастап кеп жіберген. Тұрсекеңнің ұсынысын бірден іліп әкеткен грузин ғалымдары болыпты. Ашғабадтың төрінде одақтас республика ғалымдарының күндей күркіреген дауысы Мәскеуге сол заматта жеткен. Жүйелі сөзді ғылыми шындыққа негіздеп, теңселсе тау қозғайтын ғалымдар талап еткенде Мәскеу де құлақ асқан.
ҚазМУ-дың филология факультетінен ашылған диссертациялық кеңестің қазығын осылай қаққан Кәкішев, ұйымдастыру жұмысының билігі төраға ретінде өз қолына тигенде баяғы өкпе-назды жиып қойып, Әдебиет және тіл институтындағы үзеңгілестерін де Ғылыми кеңесіне шақырған. Кәкішев те олардың ғылыми кеңестерінің белді мүшесі болған. Өзі ашқан диссертациялық кеңесті Тұрсекең он шақты жыл басқарып, беделді кеңеске айналған кезінде досы Зекең – Зейнолла Қабдоловқа ауысты. Осындай ортаға салған ойы да, бастаған ісі де, ғылымдағы жолы да, бәрі де ең алғаш тыңға түрен салғандықтан тілеуқор достары да, аңғарымпаз шәкірттері де Тұрсекеңді мұзжарғышқа теңеген.
«Кезінде ҚазМУ-дың даңқты болуы республикадағы жалғыз университет болғандығынан ғана емес, Мәскеудегі МГУ-дың ғылыми бағытта оқытатын үрдісін ұстанғандықтан және сол дәстүрдің Өмірбек Жолдасбековтің ректорлығы тұсында құнарлана түскендігінде», дейтін Тұрсекең. Ректордың ҚазМУ-ды басқарудағы әдісін классикалық үлгі ретінде көретіндіктен дәстүрлі жалғастық тапқанын қалайтын. Сол себепті білім, ғылымның жағдайын жақсы түсінеді-ау деген министрлерге өзінің ұсыныстарымен арнайы кіретін. Оның нақты дәлелі ҚазМУ-дың бүгінгі ректоры Жансейіт Түймебаев Білім және ғылым министрі болып отырғанда арнайы барған Тұрсекең ҚазМУ-дың гуманитарлық факультеттерінің жанынан ғылыми зерттеу лабораторияларын ашу керек деген ұсынысын айтты. Бұл – 2009 жылдың 29 қаңтары. Істің мән жайын ұға қойған министр: «Жаратылыстану факультеттерінің практикасында бұрыннан бар үрдіс қой», деп мәселені қолма-қол шешіп берді. Филология факультетіндегі профессор Жанғара Дәдебаев басқарып отырған Абай зерттеу орталығы – соның нәтижесі. Факультетке қатысты мәселесінің тез шешілгеніне риза болған Тұрсекең: «мәселені тез шешуіңе қарағанда сен істің көзін білетін дұрыс министр болдың ғой» деп қалжыңдап алады да, ҚазМУ-дың қадір-қасиеті көтере алатын өте маңызды ұсыныс айтты. Ол ұсынысын ол кезде орындау мүмкін емес еді.
ҚазМУ-дың абыройлы болуы білімді де мәдениетті ұстаздарында деп білетін Тұрсекең кейінгі жылдары оқытушы құрамының біліктілік деңгейіне қатты алаңдайтын. ҚазМУ-да қызмет істегісі келгеннің емес, қызмет істеуге лайық кадрдың жүргенін қалайтын. Ол Ө.Жолдасбековтің «Кадр базалық білімді ҚазМУ-да алуы керек» деген негізгі ұстанымын қолдайтын, оның өзіндік артықшылығын да айтып отыратын. Кезінде ҚазМУ Мәскеу мен Ленинградтың жетекші оқу орындарының түлектеріне ғана мойын бұрғаннан ұтқанын мақұлдайтын. Бүгінгі заман ағымымен егемендік Батыспен байланысты арағайынсыз тікелей араласуға мүмкіндік туғызғанда, біреулердің тықпалаған төбелеріне тамсанбай, өзіміздің тау тұлғаларымызбен оларды таңғалдырайық деп ұлттық деңгейден қарайтын.
Тұрсынбек Кәкішев – өмірде болсын, ғылым жолында болсын ешкімді қайталамаған ғалым. Не зерттесе де тыңға түрен салды. Бастаған ісін орта жолда тастап кете салмайтын қасиеті кандидаттық зерттеу жұмысынан басталған ғылыми тақырыбын ҚазМУ-да жалғастырып, жоғары оқу орындарының оқулығы деңгейіне жеткізген ғалым. Бұл ҚазМУ алдындағы жауапкершілігі. Ғалымдық, ұстаздық борышы.
Шәкірттерін де мүмкіндігінше табанды, шыншыл, еңбекқор, ұлтжанды азамат болуға баулитын. Өзі сияқты ұлттың сөзін айтып, қара қылды қақ жарып жүрген шәкірттері де бар. Ақырын жүріп ғылымын дамытып, азаматтық келбетін сақтап жүрген шәкірттері де бар. Адамды тұрмыс билеген заманға тап болдық деген желеумен, бетінің арын белбеуіне буған шәкірті де бар.
Тұрсекеңнің «профессор үшін лекция оқығаннан артық рахат жоқ» дегенін талайлар естіген шығар-ау. Өмірбек Арысланұлы: «Ағасы, сіздің қарсы болатыныңызды білемін, бірақ лайық кадр тауып алғанша факультетті бір иығыңызбен тірей тұрыңызшы» дегенін араға неше жыл салып айтса да өзгеріссіз, дәл осы күйінде еске алатын. Кәкішевтің бір иығымен тірей тұрған декандығы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне тап келген. Өмірбек Жолдасбеков ректорлықтан түскенше Тұрсынбек Кәкішев те декандық орнында отырған. Себебі студенттерін сақтап қалуға жасаған Тұрсекеңнің батыл қадамдарын ректор қолдаған. Ал ректор ауысқанда арыстандай айбатты мінезге қалыптасқан Тұрсекеңе, жаңа басшының талабы да, ұстанған позициясы да ұнамаған. Сондықтан ректордың тапсырмасын орындамаған. Кейбір декандар ректорат пен факультет арасында протокол тасып үргін-сүргін болып жүргенде филология факультетінің деканы оқытушыларын да, студенттерін де үрейге бой алдырмай, сабырға шақырған. 1986 жылғы Желтоқсанға филология факультетінен қанша студент қатысса да, соларды «шолақ белсенділердің» қанды шеңгелінен алып қалған. Ең бірінші инфаркты да сол кезде алған.
Ал осыдан үш жыл бұрын 2020 жылы айдын күннің аманында филология факультетінен 10 студентті бірдей оқудан шығарған оқиға болды. Барлығы да ер балалар. Мемлекеттік грант иелері. Филология факультетінде арпа ішінде бір бидайдай жүретін ұлдар не ғылымға, не өнерге бейім келетіні екібастан белгілі. Бұл жерде билігі бардың қулығы, мөрі бардың сұмдығы аядай кабинетте іске асып кетті. Түпкі мақсат белгілі еді. Сол істің ақ пен қарасын ажыратуды факультет деңгейінде қалдырмай, сол кездегі ректорат өз қолына алғанда, қордаланған талай былықтың беті ашылатын еді. Осы тұста Кәкішевтің жоқтығы білінді.
Себебі факультетке келген ер балалардың әрқайсысынан талантты көретін Тұрсекең қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай қызғыштай қорып жүретін. Оларды жетектеп кімге, қайда бармады? Кімге қоңырау шалмады? Президентке де хат жазған кезі болған. Талантты балалары «балалық» жасап қойса соларды елден бұрын түсінетін де, түсіндіретін де өзі болатын. Әр кез мінезді балалардың сөзін сөйлейтін. Олардың артық-кем балалығын ақтайтын дәлелі де дайын тұратын. Ал ол балалардың проблемасы сабаққа қатысты болса жетектей ала жөнелетін. Ондайда өзін де құрбандыққа шалып жіберетін.
Әсіресе айтыскер Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин, Мұхаметжан Тазабеков – Тұрсекеңнің қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасында қанаттанып ұшқан балалар. Олар факультетте еркін жүріп, бұла өсті. Өзі айтыстың бел ортасында жүрген соң, айтыскер студенттерді ерекше қолдайтын. Саяқ жүретін Мұхаметжанның талантын белден басқысы келіп азуын айға білеген бір ағайының қанды шеңгелінен бүкіл кафедра алдында аман алып қалған да ұстазы Кәкішев еді. Сол Мұхамеджан үйленіп, Тараздағы тойына шақырғанда баласынбай арнайы барып, батасын берген де – Тұрсекең.
ҚазМУ қалашығындағы ерсілі-қарсылы ағылып жатқан студенттермен бір толқында жүргенді қалайтын. ҚазМУ-ын жақсы көргені сондай, соңғы сапарына да Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайынан шығаруды аманаттады. Ол солай болды да.
Қазақта «жақсының жақсы ісін айт, нұры тасысын» деген аталы сөзіне жүгінсек, ҚазМУ-дың бүгінгі жағдайы талапқа сай. Жансейіт Түймебаев ректор болып келген бойда-ақ ең бірінші құлдырап кеткен айлық мәселесін бірден шешті. Азып-тозып кеткен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізді. Қазір ҚазМУ қалашығының іші-сырты бірдей бүтінделіп, еңсесі көтеріліп қалды. Оқу орнының тамырына қан, ҚазМУ қалашығына жан біте бастады. Ең бастысы, кешегі КазГУ, бүгінгі ҚазМҰУ бұрынғы дәстүрді жаңғыртып ғылыми бағытқа бет бұрды. Бұл да профессор, қайраткер Тұрсынбек Кәкішевтің ішінде кеткен бір арманы еді.
Күләш АХМЕТОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор