ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Қазақстандағы тоғызқұмалақ спортының көрсеткіштері жайлы ақпарат берді, деп жазады Egemen.kz.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде тоғызқұмалақ спортына министрліктің ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының дене шынықтыру және спорт мектептерінде тоғызқұмалақ бөлімдері бар. Олардан бөлек ұлттық спорт түрлері бойынша 10 клуб жұмыс істеп тұр.
Жалпы еліміз бойынша 6 856 тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде ұйымдастырылған турнирлер мен чемпионаттардың нәтижесінде жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Ұлттық құрама командалар жасақталған, Ұлттық құрама сапында 136 адам бар.
Ұлттық ойын - тоғызқұмалақ спортын дәріптеу, тарату және жан-жақты қолдау жұмыстарын алдағы уақытта да дамыта беру көзделіп отыр.