• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Тамыз, 2023

Өшпеген жадтағы өлмеген қасиет

352 рет
көрсетілді

Жазушы-журналист, көсемсөз шебері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Елшібек «Тағдыр желі» атты кітабында соғыстың соңғы тұсы мен тәуелсіздік кезеңін жалғайды. Кіші проза жанрында кеңес заманының картинасы өткенімен, екі кезең тығыз қосақталып суреттелген.

Автор туған өлкесі Балқаш өңірінің географиялық картасын елім-жерім деп қастерле­ген кейіпкерлерінің тағдырымен ұштастыра беруінде азаматтық мүддеге адалдығы айқын көрін­ген. Прозалық жанрда жер-су аттары, топонимдер, гидронимдер мен фитонимдер шежірелік деректер арқылы қисынымен сыналай берілсе, көркем шығар­маның реалистік сипатын ана­ғұрлым айқындай түседі. Туған жердің суреттері мен қилы-қилы деректері оны мекен еткен адам­дардың рухани бейнесін те­ре­ңірек таныта түсуге өлшеусіз үлес қосады. «Төркіндеп келіп жат­қан жайымыз бар. Меңзипа де­ген шешең боламын. Біздің жер­дің суы бал ғой! Бөлекше бал! Алпыс, жетпіс жылдан кейін ішіп тұрғаным шығар. Бұған да тәубе», деп тамсанады жоқ іздеуші кемпір. Ашаршылықта өлген ата-анасы мен бауырының басына тас қоюға жеткен, көру қабілетін кейінірек жоғалтқан кәрі кісінің көзі соқыр болса да, кө­кірегі сайрап тұр. Ашаршылық та­қырыбына жазылған «Балық­тың қылқаны» атты повесть жад туралы биік идеяны ту еткен. Жад өлмейді, рухты өшірмейтін қасиет бір Құдайдың қалауымен жадқа сеніп жасырылған, мұны мүмкін ұлттық код десе болар. Осы повесте Жанат Елшібек атамекеннің қасиетін ғана емес, қазаққа тән аруақ сыйлау культін терең аша білген. Аруаққа табынудан беті аулақ, ал арғы тегіңді, ата-баба­ларыңды қадір тұтып, шынайы құрметтеу елдікті, туған жерді аман сақтаудың, кейінгі ұрпаққа аманаттаудың тек қазаққа тән асқан үлгісі екенін сезбей, мұны ширк санайтындардың қарасы өсті. Оның астарынан Мұхтар Мағауин ағамыз ертеректе көтер­ген ұлтсыздану трагедиясы қы­лаң береді. Жаһанданудың алғы­шарты саны аз халықтарды жұтып қою үшін тамыры солған сол кепке ұрындыру болып тұр.

«Қазақ – басына қаншама қиындық туса да, тұтас елімен өзге жаққа қоныс аудармаған, үдере көшпеген халық. Ұлан-байтақ жерінің бір шетінен екін­ші шетіне қоныс теуіп жүре бер­ген. Мұнда да мән бар. Өйт­кені оның қонысында ата-баба­ларының, әке-шешелерінің, аға­йын-туысының зираттары бар. Ол зираттарда сүйектер жатыр. Аруақты қастерлеген қазақ ата-бабасын жатқа қалдырып, жаңа жер іздемеген. «Мұнда ата-ба­бам­ның сүйегі жатыр, зираты жатыр» деген сөздер осыдан айтылса керек. Ұлан-байтақ жерді сақтап қалуда қазақтың аруақты қастерлегенінің де үлкен пайдасы бар. Егер қазақ қара басының ғана қамын ойлағанда Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқа­ның, Алтай мен Сырдың айма­ғын қорғап қала алмас еді», – дейді ұлтшыл біртуар тұлға Жағда Бабалықұлы (Қасымхан Бегманов. Этнографпен әңгіме).

Ең жақын үш адамын жоғалт­қанда жасы тоғызға толмаған қыз бала 70 жылдан артық уақыт өткізіп, атамекенге олардың моласын іздеп келеді. Абайдың «Өл­ген мола, туған жер жібермейді» дейтұғыны содан ғой. Бірақ кейуана айтқан жер атауын – Үш­бейітті кейінгілер нақты білмейді. Міне, повестің алтын өзегі осы аштан өлген үш мұңлық жерленген тұсты іздеп табу. Оны іздеп табудың шытырманы жебірей халқының қырық жыл шөлде адасқаны сияқты мифтік сипатқа ие болып шыққаны – жазушы­ның шеберлігі. Үлкен Қарасудың оң қабағы деп сілтеме берілген жақты іздеп табу туғалы атамекен­нен табан аудармаған малсақ Құдайберген қойшыға жүктелді. Ол апасының аманатына адалдықпен, жанкештілік­пен кіріседі. Айтуынша, «осы төңі­ректе мен білмейтін шұңқыр, мен шықпаған төбе жоқ» десе де, қойшыға оңай соқпайды. Жа­панда жалғыз үй қонып отырған кейіпкердің жер шолуға жетіктігі ақиқат. Қазаққа тән бұрынғы өмір салтына, ұлттық мінезге негізделген бұл деталь айшықты.

Повесте топоним көп әрі олар­дың атаулары бір-бір тарих. Қоржынкөл, Қаратал өзені, Най­ман­сүйек, Қаңбақты көлі, Шиліқарын, Дөңши, Қарабие көлі, Кіші Аққұм, Үлкен Аққұм, Мұқанның көлі, Жәлменде-Пышан жайлауы (әкелі-балалы, бірі қажы, бірі ақын бұл кісілердің есімдері бірнеше мәрте кездеседі, содан-ақ ел ішінің ардақты­ла­ры екені аңғарылады). «...Ақиық асып, Үштөбе, Талдықорғанға тартасыз», дейді кейіпкер. Селт еткізетін Қызтекенің көлі деген атаудың қыр-сырын ендігі еш­кім білмейтін болар. Ескілікті топо­нимдерде жер бедерін дәл су­реттеу бар, ал советтік социа­листік атаулар көбінесе (Жаңа өндіріс, Көпбірлік) біртекті, сол­ғын, жаттанды. Жер атаула­ры арқылы автор көнеде өткен текті адамдарының өмір дерегін де айтып өтеді. Меніңше, кейіп­керлердің рулары аталмайтыны ақталып тұрған жоқ, расында артық етпес еді. Топонимнің көптігі повестің шырайын бұз­­байды, өмір өрнектерін нақты­лай түсетіні ғажап. Өйткені ғадетте ойдан шығарылған көр­кем прозада кейіпкерлері бұлдыр, психологиялық тұрғыдан шала келсе, жер атаулары мүлдем жоқ­тың қасы болып шығады. Бұл шығар­маның салмағын кемітеді. 

Повестің кей тұсында публи­цистикалық элементтер, көсем­сөз сарыны кетіп қалатыны рас. Бұл автордың білімдарлығынан шығып жатса керек.

Өлер шағында өмір бойы ар­мандап өткен перзенттік парызын өтеу үшін атамекенге алыстан келіп, мола басына бел­гі тұрғызып кетуге ниет еткен зағип кемпірдің зары XX ға­сырда күллі қазақ халқын зар еңіреткен, жартысынан астамын жойып жіберген геноцид – алапат аштықтың зардабы. «Зобалаң зұлматтың тірі құрбаны да, тірі куәсі де мына мен емеспін бе?» деп жылайды Меңзипа моланың басында. Шығарманың соңында аштық тақырыбы ұлғая түседі, жантүршігерлік оқиғалар кіріге баяндалады. Бұл қазақ ұлты­ның басынан кешкен азабы және оның салдары кейіннен оңай соққан жоқ: ана тілден айырыла жаздаған пұшайман қалып, тілін білмейтіндердің қатары өсуі, ата-тегінен безу, өзгелерге тым елік­теуге бейімділік, қосүрей жал­­­тақтық, рухани құлдық, тағы бас­қа әлеуметтік-қоғамдық мә­се­лелердің қордалануы... Қасірет­ті жылдардың елесі бейбіт күндер­дің көкейінен өшпейтіні әр адам­ның тағдырынан сыр жасыр­ғаны­нан айнымайды. Ата-баба рухына тағзым, өткенін жоғалт­пау келешек ұрпаққа өсиетпен тең екенін көзі көрмесе де Мең­зи­па кемпірдің қасына немересі Қадыржанды ертіп жеткенінен, әрі жасөспірім баланың баяғы ата-бабасының басына түскен сұмдық трагедияны жүрегімен сезініп тұрғанынан көреміз.

Повестің лейтмотиві жоқ із­деу болса да, оның астарында эко­ло­гиялық жоқтау жасырын бе­ріл­ген. Қазақ жерінің уақыт оз­ған сайын тозып бара жатқанын автор жасырмайды. «Қарағым, Құдаш! Айтысыңа қарағанда осы өңірде шалқып жататын телегей-теңіз сулардың дені суалып, қаң­сып қалғанға ұқсайды. Ерте көк­темде аттылы кісінің өзіне өткел бермей, жер-көкті шайып кетер тасқынның болмағаны-ау, шамасы. Су кеткен соң, бәрі де кетеді» деген Меңзипа шешей қынжылған дауыспен».

Құрылыс материалдары үшін Балқаштың қалың қамысын ши­рек ғасырда жойып жібергендік­тен, Тұран жолбарысының тұқы­мы қоса жоғалды. Бұл, расын­да, ­тек­­ті­лікке қастандық болатын. ­«...Ықы­лым заманнан жайқал­ған нар қамыс тоғайының қылтана­ғын да қалдырмай жойып, ежел­­гі Көктеңізді – Балқашымды ­мүл­дем жалаңаштап тастады емес пе? Ылғалды бірқалыпты ұстап тұратын қамыс жоғалған соң аң мен құс та жоғалды...».

Жазушының тірі табиғатты көкірек көзіне айнытпай көшіріп ала қоятыны өте тартымды. Тілі жатық, түсініксіз, мағынасыз бос сөз жоқ. Жер орайын автор жақ­сы білгенге не жетсін?! Сонда оқыр­манның көз алдында сөз құді­ретімен жанды, тірі картина түзі­летіндіктен, әдебиет мұны нағыз суреткерлікке балайды.

Балқаш өңірінде не өседі? Флорасы қандай? «Қарсы беттегі селдір-селдір үпелек шашақты балқұрақтар, сидам-сидам шең­гел мен жыңғыл, мыртық-мыр­тық сексеуілдер түп-түгел жалын реңге боянғандай бұлың-бұ­лың шалынған». Жазушы ескі қазақ­тың сөз саптауын бір ғана сөй­лемде қанық бергені – бұ­рынғы сөз мәдениетін қанына сіңіргендіктен болар. Осыдан 100 жыл бұрынғы қазақтардың сөйлеу дәстүрінде қосарлы сөздер жиі кездесетін еді. Мысалы, сидам-сидам, мыртық-мыртық, сел­дір-селдір деген сияқты. Біздер қазір осынау ұлттық ерекшелікті ұмыттық. Көркем әдебиет көненің асылын ұмыттырмас қазына екені даусыз.

Құдайбергеннің қарсы алдында өзі Дәуапа атандырған жер­лес-аталас әпкесі Меңзипа жанұшы­ра іздеген үш төмпешік жатты. Ол тебіреніспен айқай салып, көнекөз апасын құшақтап, жермен-жексен болып шөгіп кеткен үш бейітті тапқанын мәлімдеді, топырағын қолымен сипатты. Жоқтау дауыс кең даланы селт еткізді. Үшбейітке Құдайберген қойшы екі ұлымен, Меңзипа кемпір немересі мен Құрақбайды ертіп жетті. Кейіпкерлер тарихи дәуірдің боямасыз, қатыгез кес­кінін иен даладағы өлім атрибут­тары – зират маңындағы бас сүйек, шашылған қу сүйектер арқылы салмақтайды. Мыңдаған адамдар көмусіз қалды. Ескі қо­рым маңында жерленбей қалған ақсөңке сүйектер 1931-1932 жыл­ғы аштық құрбандары еді.

«Қош бол, теңіз» хикаятында фитонимдер суреткерлік қыра­ғы көзбен әдемі берілген. Құм қой­науында өсетін бірқатар өсім­дік: қаулаған сораң, қап­та­ған баялыш, ақ теріскен, тыр­бық жыңғыл, қоңыраулы қара шең­гел, бәкене сексеуілдер, шоқ-шоқ шашақты ши, мия өседі екен. Автор Балқашты теңіз деп та­ни­ды және онда өсетін балық­тарды тегіс атайды. Бұл повес­тен байқағаным, Жанат ағаның оқушы кейіпкерлері өзіне өте ұқсайды, балалар шетінен білімге құштар, әуесқой, танымдық нәр­се­лерді қалт жібермейді екен. Ең кереметі, бәрі де табиғат жанашырлары. Балаларға арналған ­бұл шығармада ертеректегі совет­тік па­фос анық әрі сол уақытта­ғы мем­лекеттік идеологияның ең құ­нарлы жағы – жас ұрпақтың тәр­биелік мәніне көп тоқталғаны сезіледі.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы