• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 23 Тамыз, 2023

Қорғансыздың күні

317 рет
көрсетілді

Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күнін» оқыған боларсыз. Шығарма тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың бейнесімен байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр тереңінен қопарып көрсетеді. Оқиға барысында жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсеткен Ақан секілді қатыгез, жауыз болыстың айуандық бет-пердесі ашылады. Қорлыққа жаны төзбеген Ғазизаның әкесінің моласына барып, боранға ұрынып, үсіп өлуінің себебін жазушы шебер суреттейді. Сол қорғансыздың күйін кешкен Ғазизаның бейнесі біздің қоғамда да бар...

Ішкі істер министрлігінің дерегіне үңілсек, балаларға қа­тыс­ты жыл сайын 700-ге жуық жыныстық сипаттағы қылмыс жасалады екен. Өкінішке қарай, айуандыққа барғандардың 70 пайыздан астамы осы Ақан се­кіл­ді бір шаңырақта ас ішіп, құдайы қонақ қылған жандар. Яғни ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, туған не өгей әкесі. Осы жылдың алғашқы төрт айын­­дағы пробация қызметінің есебі бойынша кәмелетке тол­ма­ғандарға қатысты зорлық-зом­былық әрекеті үшін 352 адам сотталған. Бірақ бармақ басты, көз қысты әрекетпен заңнан құ­тыл­­ғандарды, күдіктіге қатыс­ты арызды мәжбүрлі түрде қай­­тарып алу және тағы басқа жағ­дайлар да жиі кездеседі.

«Зорлық-зомбылық жасай­тын ерлер жазадан оңай құты­ла­тын­дықтан қылмысқа қорықпай барады. Бар мәселе елімізде балаларды зорлаған істерде кінә­лі­лер­дің жазаланбай, құтылып кетуінде болып тұр. Егер осы заң жұмыс істесе, ол өгей әке болсын, көшедегі педофил болсын, жасаған әрекетінің соңын ойлап, мұндай ауыр қылмысқа бармас еді. Ал бізде зорлыққа ұшыраған жасөспірім қыз анасына айтады немесе өмірден түңіліп, өзіне қол жұмсайды. Әйтеуір «зорланғаны» белгілі болады. Қыздың анасы шағым­да­нып полицияға барса, олар прокуратурамен қосылып істі созбаққа салады. Осылай қыл­мыс жасаған ер адамдар жауап­кер­шілікке тартылмайды. Қыл­мысты дәлелдеу үшін ең қа­жет­ті болған медициналық сараптама қағазын алудың өзі мұң. Іс сот-медициналық сараптамаға жеткенде, сарапшылар «зорлық жасалмаған» деп жалған қоры­тын­ды бере салады. Негізі, кінә­ні жүйені «шірі­тіп» жатқан құ­зырлы органдардан және еш қо­рық­пай жал­ған «қорытынды» беріп отыр­ған сарапшылардан көру керек», дей­ді заңгер Айгүл Орынбек.

Мәселен, Солтүстік Қазақ­стан облысында бала зорла­ған азамат бостандықта әлі жүр. Себебі ер адам 2004 жылдан бас­тап ауруына байланысты психиа­триялық ауруханада есепте тұрған. Бұған дейін бірнеше рет сотталған. Соңғы рет 2021 жылдың желтоқсанынан бастап Ольшанка ауылында қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстырылған. Қылмысқа жазасын өтеп жүріп барған. Сондықтан қылмыстық жауаптылықтан босатылыпты.

«Сот-медициналық сараптама кешенді түрде жүргізіліп, Мальченко біраз уақыт бақы­лау­да болды. Қоғамдық қауіпті әрекет жасаған оның сол кезде есінің дұрыс болмағаны анық­талды», деді судья Ерлан Нұршәріпов.

Жақсы, экспертиза дұрыс делік. Сонда тағдыры қорланған баланың ғұмырына кім жауапты? Бұл уәкілетті органдардың жауапсыздығының айқын дәлелі емес пе? Бірақ олар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау үшін түрлі іс-шаралар қа­был­дап жатырмыз дегенді алға тартады. Мәселен, педофилия бойынша сотталғандар жазасын тек қауіпсіздігі барынша жоғары саналатын түр­ме­лер­де өтейді. Мерзімінен бұрын босатылмайды. Оған қоса, жазасын өтегеннен кейін де поли­ция­ның жіті бақылауында болады.

Жақында ғана БАҚ беттеріне екі оқиға туралы қайғы­лы ақ­парат жарияланды. Бірі Павло­дар­да үйді тонап, 2008 жылы туған жасөспірімге зорлық-зомбы­лық көрсетіп, тапаншаға ұқсас затпен қорқыт­са, енді бірі Өс­ке­­мендегі 15 жастағы қызды зорла­ған. ­Демек біздегі кәме­летке тол­ма­ғандарға қатыс­ты жы­ныстық қол сұғушылық бо­йынша жұмыстар әлі де жүйелен­бе­ген. Өзге мемлекеттерді бағ­дар­ласақ, педофилия үшін Қы­тайда, Таяу Шығыс елдері, Африка, Латын Америкасы, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясында өлім жазасы көзделген. Тіпті Африкада қылмыскерлерді тірідей өртеп жібереді. Бәлкім, бізге жазаның осы түрін заңға енгізу керек шығар?

«Өлім жазасы елдегі қыл­мыс деңгейіне түбегейлі әсер ете алмайды. Өлім жазасына қара­ған­да бас бостандығынан өмір бойы айыру әлдеқайда ауыр жаза деп есептеймін. Себебі қылмыскердің кө­ке­­йінде бостандық туралы үміт қалмайды. Қалған өмірінің түрмеде аяқталатынын білетін болады. Қазіргі әлем қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза актісі ретінде өлім жазасын батыл қабылдамауды жалғас­ты­рып отыр. Еліміздің өлім жазасын жоюға біртіндеп келуі адам құқықтарын сақтау, мемле­кет­тің ең жоғары құнды­лығы ретінде адам өмірін тану үшін түбегейлі мәнге ие. 2021 жылдың басында Қазақстан өлім жазасын жою­ға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы ха­лықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Бұл құжат 1989 жылдың желтоқсанында Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясын­да қабылданған болатын. Өлім жазасын қабылдау керек деу –эмоциямен айтылатын сөз», деп пікір білдірді тақырыпқа орай Адам құқықтары жөніндегі ұлт­тық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу те­­ті­гі бөлімінің басшысы Сабыржан Сейітжанов.

Негізі, елімізде 2000 жылға дейін зорлықшыны бар болғаны 3-5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген еді. 15 жылдан 25 жылға дейінгі мерзім 10 жыл бұрын ғана бекітілген.Одан кейін Қылмыстық кодекс­те педофилдерді өмір бойы­на бас бостандығынан айыру туралы бап қосылды. Ал 2018 жылы химиялық кастрация енгізілді. Заң Ресей мен Поль­­ша­ға қарағанда қатаң се­кіл­ді. Бірақ Польшада бала­лар­ға қа­тыс­ты сексуалдық сипат­тағы қылмыстары үшін аза­мат­­­тарға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру­­дан бөлек, бірнеше жылдан бері Әділет министрлігінің сайтында педофилдердің ашық тізімі жария­ланып тұрады. Тұр­ғын­дарының басым бөлігі бұл тәжірибені жеке деректерді қорғау қағидаттарын бұзды деп сы­на­ғанына қара­мас­тан, адам­гер­­шіліктен жұр­дай айуандардың аты-жөні, фото­су­реттері, туған күндері мен тұр­­­­ғылықты жерінің мекенжай­лары толық жазылады екен. Ал көршілес Ресейде бірнеше рет қылмыс жаса­ған педофилдердің жәбір­ленушісі 14 жасқа дейінгі бала болған жағдайда, өмір бойы­на бас бостандығынан айырады.

Азуын айға білеген АҚШ-та химиялық кастрация әдісі 1996 жылдан бастап енгізілген. Бір қызығы, педофилді жазалаудың мұндай шарасына бірінші рет жү­гін­ген Калифорния штаты­ның заңдарына сәйкес 13 жасқа толмаған баламен жыныстық қаты­насқа түскені үшін екінші рет сот­талған кез келген қыл­мыс­­керге жазасын өтеген соң, бұл ме­дици­налық шара міндет­те­леді.

«Қоғам балаларды қорғауға тырысады, бірақ Америкада бала­ларды қорлау дендеп барады. Мұны тоқтату керек. Осы жолмен жүре берсек, АҚШ-тың болашағы жоқ. Өйткені тарих дәлелдегендей, азғындық жы­ныстық мінез-құлықты ұстан­ған әрбір қоғам ақырында құлды­райды», деді саясаткер Майкл Снайдер.

Жалпы, қазір елімізде Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қыл­мыс­тар үшін қылмыстық жа­уапкершілікті күшейтуге бағыт­талған заңнамалық түзету­лер топтамасы әзірленіп жатыр. Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкім­шілік қадағалауды белгі­леу шарттарын өзгерту мәселе­лері қарастырылып жатыр. Бірақ заң жобаларын әрі қарай Парламент депутаттары пысық­тай­ды. Демек Мемлекет басшысы тапсырған заңнамалық өзгерістер келесі жылсыз күшіне енбеуі де мүм­кін. Ал оған дейін кәмелетке тол­мағандар қорғансыздың күйін кешеді деген сөз.