БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхит аймағындағы экономикалық-әлеуметтік комиссияның (Economic and Social Commission for Asia and the Pacific, ESCAP) 2022 жылдың «Қартаю жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл жоспарын Төртінші қарауы және бағалау бойынша Азия-Тынық мұхиты үкіметаралық кездесуінің» қорытындысы негізінде арнайы есебі дайындалды. Құжатта Орталық Азия елдеріндегі көрсеткіштер де қамтылған. Зерттеу ESCAP мүшелері мен қауымдастырылған қатысушылар қатысқан сауалнама жауабын, азаматтық қоғам ұйымдарының талқылауын және үкіметаралық отырыста қабылданған есеп пен қорытынды құжаттарды қамтиды.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, 2022 жылы Азия-Тынық мұхит аймағындағы әрбір жетінші адамның (670 млн адам) жасы 60-тан асқан. 2050 жылға қарай әрбір төртінші адам (1,3 млрд адам) осы жас тобына жатады деп болжанып отыр. Аймақтағы қарт адамдардың үлесі мен саны өте жылдам және әлемнің басқа аймақтарымен салыстырғанда бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуде. Халықтың қартаюы, ұзақ жасауы адамзат тарихында үлкен жетістіктердің бірі болғанымен, бұл ахуал бірқатар қиындықты да тудырады.
Аймақ елдерінде қарттарға қатысты жаңа заңдар мен іс-шаралар жоспары қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Олардың көбі саламатты қартаю, қамқорлық, әлеуметтік қорғау, өмір бойы білім алуға бейімдеуге және жынысы мен жасына байланысты кемсіту мен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Дегенмен аймақта халықтың қартаюы, қарттар туралы қате түсінік пен стереотиптің болуы, ұлттық деңгейде деректердің жоқтығы мен қарттарға күтім жасайтын адам ресурсының жетіспеушілігі сияқты проблемалар бар. Сонымен қатар егде жастағы адамдардың құқығын қорғау мәселесі әлі де шешімін таппады.
Халықтың қартаюы мемлекеттің күн тәртібінде тұрғандықтан, Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдер тиісті саясат пен бағдарламаларды қадағалайтын мемлекеттік органдарды, үйлестіру тетіктерін және ұлттық комитеттерді күшейтеді. «Қарттар қауымдастығы» (Community-based older people’s associations) егде адамдардың саясат пен шешім қабылдауға көбірек қатысуын қамтамасыз етуде және олардың өмір сүру жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Қазір барлық дерлік елде осындай қауымдастықтар бар. Алайда елдердің жартысына жуығында халықтың статистикалық деректері жасы және басқа ерекшеліктері бойынша бөлінбеген. Мысалы, табысы, жынысы, жасы, этносы, көші-қон мәртебесі, т.б.
Саясатқа қатысуға және шешім қабылдауға жәрдемдесу шаралары. Аймақ елдерінің көпшілігінде егде жастағы адамдардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуын ынталандыратын саясаттар, заңнамалар немесе заңдар бар. Мысалы, Аустралияда Ақсақалдар кеңесі (Council of Elders) 2021-2022 жылдарға арналған бюджет шеңберінде құрылып, егде жастағы аустралиялықтардың саясатты құруда дауыс беруін және өз кеңесі мен пікірін бөлісу мүмкіндігін қамтамасыз етуді мақсат етеді; Моңғолияда аға буын өкілдері саясатты әзірлеу кезінде аға кеңесші немесе жұмыс тобының мүшесі ретінде шақырылады.
Қарттыққа байланысты шешім қабылдау үдерісіне төменнен жоғары қарай қағидатын қолданатын тетіктер де бар: Түркияда жергілікті деңгейде жұмыс істейтін «Қарттар кеңесі» азаматтарға денсаулық, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас, қоршаған орта, мәдениет пен өнерге қатысты қажеттіліктерді талқылауға платформа ұсынады; Камбоджада 2017-2030 жылдарға арналған «Ұлттық қартаю саясаты» қарттардың қауымдастықты дамыту күш-жігеріне және саясатқа қатысуына ықпал етеді; Филиппинде Республика заңы қалалар мен муниципалитеттерде қарттар кеңселерін құруды міндеттейді.
Волонтерлік және ұрпақ алмасу. Волонтерлік іс-шаралар көбіне оқыту мүмкіндігін, әлеуметтік қатысу мен инклюзияны қамтамасыз етеді және ұрпақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Мысалы, Сингапурдың еріктілер қоры қарттар үшін әртүрлі волонтерлік мүмкіндіктер жасауға қаржылай қолдау және волонтерлерді басқару мен оқытуды дамыту үшін әлеуетті арттырған. Түркияда ұрпақтар алмасуы үшін жастар мен егде адамдар арасында волонтерлік қызметті дамытатын бірнеше жоба («Ұрпақтар ынтымақтастығы», «Ұрпақтар кездесуі», «Сен кішкентай болған кезде») жасалды. Елімізде 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту жол картасында «Күміс волонтерлік» жобасы қарттардың ерікті болуына ықпал етеді.
Әлеуметтік және мәдени тану. Сингапурда отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын ілгерілету мақсатында жыл сайын «Ұлыларымызды тойлау» науқаны ұйымдастырылады. Қытайда Қартаю жөніндегі ұлттық комитет бүкіл ел бойынша қарт адамдарға құрмет көрсету айлығын ұйымдастырып, денсаулық пен әлеуметтік көмек көрсетуді біріктіру саясатын ілгерілету үшін елді мекендермен жұмыс істейді. Айлық аясында адамдар құқығы мен мүддесін қорғау және олардың алаяқтардан қорғау бойынша білімін арттыру бойынша іс-шаралар өткізіледі.
Кестеден көріп отырғанымыздай, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде халық санындағы айырмашылыққа қарамастан, Қырғызстан мен Өзбекстан көрсеткіштері ұқсас. Тәжікстанда үлкен отбасы институты басым екенін аңғарамыз.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы