• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Тамыз, 2023

Ел көшсе, жұрт иесіз...

398 рет
көрсетілді

Ұлы даланың батысында Ресеймен ғасырлар бойы иық тіресіп тұрған елді мекен – баршаға белгілі Бөкей ордасы. Тұнған тарих, тұңғыштар мекені ол.

Қайран, менің хан ордам! Жетпіс жыл кеңестік дәуірді, отыз жыл егемендік кезеңді бастан кешсе де ғасырлар бойы жолы жөнделмеген қазақ елінің қиыр шеті. Шекараны бекіту үшін көшкен Бөкейқұмға 30 шақырым қарағай орман отырғызып кеткен Жәңгір бүгінгі ұрпағын ойламады деуге аузым бармайды. Олар еліміздің шекарасын солай бекітті. Ал Құрманғазы болса, Астраханның Қызылжарына барып: «Міне, менің шекарам!» деп моласымен бекітті. Бүгін біз сол өжет бабалар аманатына қалай қарап отырмыз деген ой мазалайды мені.

«Ақ Жайық елі» деп аталатын Батыс Қазақстан облысы бұл күнде Ресейдің бес облысымен шектесіп жатыр. Самара, Саратов, Астрахан, Орынбордың қазақтары елге онша асықпайды. Ал Орал орысының, ата-анасы – Қазақстанда, балалары Ресейде оқиды. Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқынға Ресейдің Эльтоны отыз-ақ шақырым. Ал Басқұншағы жетпіс-ақ шақырым жерде. Қазақша айтсақ, тиіп тұр. Қазталов ауданы мен Александров-Гай деген елді мекені тіптен араласып өмір сүріп отыр. Ұзын жол біресе Ресей шекарасынан, біресе Қазақстан шекарасынан ирелеңдеп өте береді. Кәдімгі көршілер сияқты велосипедпен арғы жақ, бергі жаққа өтіп, араласып жүре береді. Осы шекаралы елді мекендердің халқы азайып бара жатқаны, әрине, көңілді алаңдатады. Халық саны тым азайып кеткенін жасыруға болмайды. Оған себеп – мектептердегі бала санының азаюы.

Кеңес Одағының Батыры Темір Масин атындағы мектеп бар еді. Ол мектеп патриоттық тәрбие беруде облысымызда ерекше орын алады. Міне, сол мектептің жағдайы биыл өте қиын, жабылу алдында тұр. Себебі мектептегі бала саны аз, «өмір сүруіне» есеп бо­йынша 3 бала жетпей тұр. Ал ол жабылса, ата-ана баласы үшін қалаға көшеді де, ұстаздар жұмыс іздеп басқа ауылға, ауданға кетеді. Сөйтіп ауыл қаңырап, бос қала бастайды. Үйлер де құлайды, оны ешкім сатып алмайды. Міне, шекара маңы солай елді мекенінен айырылса, көршілер жылжып келіп кіре бастамай ма деген ой туады. Сол Темір Масин елді мекеніндегі мектеп қанша ұрпақты тәрбиеледі десеңізші!» Батылдыққа, батырлыққа, елдікке, Отанды сүюге арналған сол есімнің өзі іс-шараларда жиі айтылып тұрушы еді. Оның үстіне, бұл жерде анаға өлеңімен ескерткіш қойған Қайрат Жұмағалиев сияқты ақынның дүниеге келгені де жас ұрпақтың мақтанышы болатын.

Үлкен елмен шектесетін 5 облысқа шығатын жолдағы шекаралық ауыл­дардың барлығының жағдайы бір-біріне өте ұқсас. Ал енді Самараға шыға берістегі еліміздің шекарасындағы Красновка сияқты ауыл қазақ радиосын тыңдамайды, қазақ теледидарын көрмейді. Оның орнына Ресейдің көкжәшігін қарайды. Шекара түгілі, Орал қаласының өзінде көшелердің орысша аталуынан аяқ алып жүру қиын.

Бөкей ордасы туризмді дамыту үшін ғажайып ел еді ғой. Әттең, қинайтын қара жолы. Итшілеп жеткен күннің өзінде де, турист күтетін орын заман талабына сай емес. Жәңгір ханның кезіндегі салдырған үйін қайта қалпына келтіреміз деп әуреленгенге де бірнеше жыл өтті. Оның үйінің сұлбасы бар болғанымен, ішкі байлығы тағы сай емес. Ал сонау II Максимилиан заманындағы Шёнбрунн сарайын, Санкт-Петербургтегі Эрмитажды көріп келгендер, әсіресе жастар біздің Хан сарайын көргенде күлкі ететін болар. Хан сарайға басқа мемлекеттен, шетелден турист келмек түгілі, сонда туып-өскен ұрпақ қайтадан ата-баба мекенін көргісі келгенде қиналып, шаршап-шалдығып, жол соғып барып-қайтатындары бар. Бұл қиындықты айтқанда, әрине, жүрегің ауырады. Сондықтан ендігі Орданың ұрпағы ол жерді көрем деп іздемейді-ау деген менің көңілімде үлкен күдік бар. Орданы көрсетуге апарғанда өз немерелерімнің кешкен азабын айтқым да келмейді. Орданың қираған орманы 30 шақырымға созылған құм көшкінін бөгеп тұрған ғажайып шекараның қарауылы еді. Хан орданың сәні еді. Ал бұл күнде ол да тозды. Биыл ылғал да жетіспеді, жаңбыр да жаумады. Орданың ортасындағы жасанды аққу көлінің қайнар көзін трактор таптап құртқалы да көп жылдар өтіп кетті.

Орда халқын оңтүстікке дейін кө­шіріп, полигон жасағалы да көп жыл­дың жүзі болды. Көнбіс қазақ бәріне көнген. Өткен ғасырдың елуінші жылдары көне мола басына бесігін іліп, бәрінен күдер үзіп, жан-жаққа жапа-тармағай көшкен елді көрдім мен бала жасымда.

– Сағындым, Жайық елдері-ай,

Айдынды шалқар көлдері-ай.

Сағындым, Жайық,

Сағындым, Жайық,

Аға да, жеңге теңдер-ай, – деген зарлы әндерді сол кезде әже-аналарымыздың күңіреніп айтқан дауысы әлі күнге дейін құлағымызда.

Ата-бабамыз таныған, Бөкей мекендеген жердің құнары мол, малға жайлы, шөбі шүйгін, суы мен ауасы да таза болатын. Мұратсай елді мекенінде көл бар. «Егер сол суға толса, Орда үшін ең қолайлы күн болмақ», дейді тұрғындар. Бірақ оған су келетін каналдар 30 жыл бойы тазартылмай, бітеліп қалған. Ал қазір Жәнібек ауданынан келетін су сол жақта тоқтап қалды да, биылғы қуаңшылықта Орда ауданы қатты қиналып отыр. Шүкір, елде дала төсіне «мал толтырсам» деген шаруақор жігіттер жеткілікті. Бірақ мыңдаған киік таптаған жерлерді тағы қорғай алмай шерменде болып отыр. Мыңдаған тұяқ өткеннен кейін егістік алқап көк шаңға көміліп қалады екен. Киік мәселесі де айтыла-айтыла, жазыла-жазыла шаршатып болды. Айтылады да, жазылады да қалады. Ал шаруалардың шарасы да, шыдамы да азайып келе жатыр.

Ауылға көңіл бөлеміз дедік. Ауыл өз шекарамызда тозып, халқы көшіп, қадір-қасиетінен айырылып барады. Ауыл – алтын бесік дедік. Ол қазір алтын бесік бола алмай отыр. Жұмыссыздық жас­тарды ауылдан бездірді. Ауылда бала саны өспей, кең даланың сәні кірмейді. Интернет те алыс ауылдарға жетпей тұр. Ауыл ұлттық тәрбиенің бесігі еді. Ауыл адамды мейірімге тәрбиелейтін үлкен орта еді. Ауыл өзіміздің тарихымызды сақтап отырған музейіміз еді. Қалада жасандылық көргеннен, ауылда мейірімге шомылып өскен балаға не жетсін? Әрі денсаулығы да дұрыс ұрпақ өсуіне ауылдың ауасы сеп болар еді. Бұл күнде облыстағы аудандардың өзінде екі жүзден аса аутизм бала туып, олардың өзін қалай емдеп, қайда жіберерін білмей отырғандар да аз емес.

Өзімнің туған ауылым да тозып бітті. Тірілтемін бе деген әрекетімнен ештеңе шығар түрі жоқ. Қаладан 70 шақырым жерде, жайқалған орманға тиіп тұрған, Жайықтың жағасындағы мен туған кішкентай мекен бұл күнде жұртта қалған тозған ауылдың бірі ғана.

Хан орда елі – шекара. Оның іргесін ашып тастасақ, үлкен қателік болмасына кім кепіл? Осы Ордада ақын Тайыр Жароковтың он метрлік ескерткіші тұрған үлкен мектебі бар еді. Сол елді мекеннің аты қазір «Күйген көл» болып өзгеріп, айналма жолдың сыртында қалып, қол бұлғайды. Онда да бала саны азайған. Анау бір жылдары «100 мектеп» ұранымен ауылдық жерлерге салынған мектептер қазір қаңырап бос қалып жатыр. Ауылда жастар жоқ. Сондықтан бала саны жетіспейді. Жастар – қалада. Ал қалада мектеп саны жетіспейді. Даланы көркейтетін зіңгіттей жігіттер банктер мен байлардың үйлерінің күзетінде тұр...

Жайықтың жағасына барсам, толқындар өткен ғасырдағы Мұрат Мөңкеұлының мұңын сыбырлап айтып жатқандай болады маған. «Жайықты келіп алғаны, жағаңа қолды салғаны» дей ме? Ендеше, жағамызды да, даламызды да таза ұстау жағын ойланайық.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері